1 мың 457 жапон қазақ жерінде қаза тапқан. 348 азаматтың сүйегі отанына қайтарылды

1822
Adyrna.kz Telegram
фото: forensic.gov.kz
фото: forensic.gov.kz

Жапония қазақ жерінде қаза тапқан 348 азаматтың сүйегін тарихи отанына қайтарып алды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Қазақстан Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының хабарлауынша, 2 қазан күні Жапониядан келген делегация Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында жерленген 13 жапондық солдаттың сүйегін елге қайтару экспедициясына аттанған. Экспедицияны бастап келген секция басшысы – Токунага Ацунари. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әлемнің түкпір-түкпірінде қаза болған жапон солдаттарының сүйегін тарихи отанына қайтарумен JARRWC ұйымы айналысып келеді.

Риддер экспедициясы және жалпы жапондық солдаттардың сүйегін тарихи отанына қайтару жұмыстары кезінде Риддер қаласына жер аударылған №347 лагерьде болған жапондықтар жерленген екен. Бұған дейін ол жерде екі рет тексеру жұмыстары жүргізілген.

«13  жапондықтың сүйек қалдықтарын таптық. Сүйек қалдықтарын тапқан күнде бірден олардың жапондық екендерін біле алмаймыз, алдымен ДНҚ тест сараптамасы жүргізіледі. Тест нәтижесінде олардың жапондықтар екені анықталды. 1945 жылы Жапония жеңіліс тапқан екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, Кеңес елдеріне жер аударған жапондықтардың саны шамамен 600 мың адамды құраған. 54 мың 400 адам бұрынғы Кеңес Одағы аумағында қаза тапты.  КСРО-ға күштеп жер аударылған жапондықтар елдеріне 1953 жылы оралды және олар жапондықтардың жерленген бірқатар мекендері бар екенін мәлім етті. Осы аумақта сүйегі қалған жапондықтардың отбасылары Үкіметке туыстарының сүйектерін қайтарып беру өтінішімен шықты. 1953 жылға дейін Кеңес Одағынан басқа елдерде жерленген жапондықтардың сүйектерін елге қайтару жұмысы басталып кеткен еді. Ол кез Кеңес Одағы мен Жапония арасында бейбіт келісім де, дипломатиялық байланыс та орнатылмаған еді. 1991 жылдың сәуір айында Кеңес Одағының сол кездегі президенті Горбачев Жапонияға ресми сапармен келіп, қайтыс болған 1400 жапондықтың тізімі мен жерленген аумақтар көрсетілген карта сызбасын алып келді. Осы кез Кеңес Одағы мен Жапония мемлекетаралық келісім жасады. Осы келісімнің негізінде 1991 жылы жапондықтар алғаш рет бұрынғы Кеңес одағы аумақтарында өз азаматтарының сүйектеріне қатысты зерттеу жұмыстарын бастады. Сол кезден күні бүгінге дейін біз бұрынғы Кеңес одағы елдерінің аумағында жыл сайын жапондықтардың сүйектерін елге қайтару жұмыстарымен айналысып келеміз.  Кеңес одағы аумағында қалған 54400  жапондықтың 22 мыңының сүйек қалдықтары тарихи отандарына қайтарылды», - дейді секция басшысы – Токунага Ацунари.

Осы уақытқа дейін ұйым 1 млн 270 мың  жапондықтың сүйек қалдықтарын тауып, отанына жеткізген.

«Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтыс болған жапондықтардың саны 2 млн 400 мыңды құрады, елге қайтару жұмыстары қолға алынған 70 жылдың ішінде біз 1 млн 270 мың жапондықтың сүйегін отанына әкелдік. ТМД аумағынан бөлек, Үндістан, Мьянма, Жаңа Гвинеяда іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сіздердің елге келсек, әскери соғыс жылдары кезінде Қазақстанға жер аударылған жапондықтардың саны 58900 адамды құрады. Олардың 1457-і отанына орала алмай, осында қаза болған. Күні бүгінге дейін Қазақстаннан   348 жерлесіміздің сүйек қалдықтарын алып кеттік», - дейді Токунага Ацунари.

Экспедицияны бастап келген секция басшысының сөзінше, солдаттардың сүйек қалдықтары елге жеткізіліп, сүйектердің жапондықтарға тиесілі екені анықталғаннан кейін кремация жүргізіледі. Сосын мәйіттің күлін арнайы ыдысқа салып елге жеткізілгеннен кейін, ДНҚ жұмыстарына дейін тұлғаның жеке мәліметтері анықталады. Сол мәліметтер арқылы мәйіттің туыстарын тауып күлі беріледі. Туыстары табылмаған жағдайда Токиодағы Император Сарайына жақын маңда жапон әскерлеріне арналған ұлттық зиратқа апарып жерлеу рәсімі өткізіледі екен.

Сондай-ақ Токунага Ацунари JARRWC ұйымына Қазақстан тарапы аталған жұмыстарға қандай көмек көрсетіп жатқанын айтты.

«Ең үлкен қолдау – Әділет министрлігі және соған қарасты Сот сараптамалары орталығынан болып жатыр. Себебі, сүйектерді тапқаннан кейін олардың моңғолоидтық немесе еуропоидтық типке жататындарын анықтаймыз. Моңғолоидтық типке жататын сүйектерді бірден ДНҚ тестіне жібереміз. Осы істе бізге Алматы қаласы Сот сараптамалары орталығының сарапшысы Артем Рустамовичтің көмегі көп. Сондықтан бұл жұмыстар Қазақстан мен Жапония сарапшыларының ортақ еңбектері деуге болады», - деп атап өтті экспедиция басшысы.

Токунаганың айтуынша, ДНҚ тесті Жапония тарапындағы сарапшы мен Қазақстанның сарапшысы ортақ шешімге келгеннен кейін ғана жүргізіледі.

«Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бізге көп көмек көрсетіп келеді. Горбачевпен жасалған келісімді КСРО тараған соң Қазақстан мұрагерлікпен алып қалып, әлі күнге дейін жалғастыруымызға себепші болып келеді. Одан бөлек, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігіне алғыс білдіреміз. Себебі сол кездегі тамақтың нашарлығынан жапондықтар жұқпалы аурулардан да көз жұмып жатты. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санэпидемия мекемесінің бақылауынсыз сүйек қалдықтарын алып кету мүмкін емес. Кремациядан кейін жұқпалы ауру қаупі жоқ, бірақ ДНҚ тестін өткізу кремацияға дейін болатын процесс. Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті де жұмыстың жедел жүруіне мұрындық болып отыр. Себебі Кедендік тексеру процедуралары бар, ал мәйіт күлін алып кеткенде біз оған адам ретінде құрметпен қараймыз. Кедендік тексеріс кезінде қызметкерлер азаматтарымыздың күліне құрметсіздік танытса, бізге қиын тиетін еді. Осындай жағдайлар орын алмас үшін біз мәйіт күлін салғанға дейін кеден қызметкерлеріне бәрін көрсетіп, мөрлеп тастаймыз. Бұл бізге көрсетілген зор құрмет! Сондай-ақ әуе тасымалын жүзеге асыратын әуе компанияларына алғыс айтамыз», - дейді Токунага.

Айталық, экспедиция жұмыстары Қазақстанда шамамен 6 жылға дейін жүргізіледі.

 «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер