10 жастағы жезқазғандық «Шахмат керуенінің» жартылай финалында топ жарды

1489
Adyrna.kz Telegram

Бір айдан аса уақыт ішінде 13 аймақты аралап шыққан «Шахмат керуені» 17 қазанда Ұлытауға келіп аялдады. Қазақстан шахмат федерациясының өңірлердегі интеллектуалды спорт түрін дамыту үшін қолға алған жобасына Freedom Broker компаниясы бас демеушілік жасап отыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Федерацияның вице-президенті Александр Бабенко әр облыстың үздіктерін анықтау үшін жолға шыққан керуен өз қатысушыларына жас бойынша ешқандай шектеу қоймайтынын айтты.

«Турнирімізге іріктеуден өткен кез келген ойыншы қатыса алады. Ересектер мен жасөспірімдер деген деңгейге бөлмейміз. Яғни, жасы үлкен ақсақал мен кішкентай бала да бір шахмат тақтасында кездесе береді. Шахмат – қарапайым ғана спорт түрі емес, ол ұлттың зияткерлік деңгейін көтеретін үлкен құрал. Соңғы жылдары шахматшыларымыз халықаралық деңгейде үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Дегенмен біз еліміздің алыс аудандары мен өңірлеріне де көңіл бөлгіміз келеді. Осы қозғалыс жолында қоғам мен билік өкілдерінің атсалысқанын қалаймыз», – деді вице-президент.

Мерекелік шарада Қазақстан шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылып, оның төрағасы боп облыс әкімінің орынбасары Дастан Рыспеков тағайындалды.

«Соңғы шахмат байқауларына Ұлытау өңірінен 100-ден астам ойыншы қатысып жүр. Ішінде 5-6 жаттықтырушы бар. Облыс ретінде енді-енді дамып келе жатқандықтан, әлі де арамыздан жаңа шахматшылар мен республикалық, халықаралық деңгейде жарқырайтын жұлдыздар шығады деп сенемін», – дейді федерацияның Ұлытау облысы бойынша атқарушы директоры Бағдат Байсалбеков.

Сондай-ақ ол керуеннің келуі өңір тұрғындарының шахматқа деген қызығушылығын арттырып жатқанын айтады. Шара кезінде бірнеше ата-ана келіп, өз балаларын шахмат үйірмелеріне қатыстырғысы келетіндерін жеткізген.

Филиалдың ашылуынан соң 11 кезеңнен тұратын блицтен турнир болып, онда облыстық іріктеуден өткен 20 адам өзара бақ сынасты. Нәтижесінде, 8 сыныпта оқитын 13 жасар Сәлімжан Сақбаев ІІІ орын тұғырына шықса,авариялық құтқару қызметкері Алмас Сармұрзаев ІІ орынға жайғасты. Ал турнир кезеңдерінде ең жоғары көрсеткішке жеткен 10 жасар Мақсат Байсалбеков жүлделі І орын биігінен көрінді. Үш жеңімпаз да Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алды.

«Мен 5 жасымнан бері шахмат ойнаймын. Оны алғаш әкемнен үйренгем. Ал қазір жеке жаттықтырушыммен онлайн дайындаламын. Турнирде маған ІІ орын алған Алмас мықты қарсылас болды. Екеуміз де 8 ұпайдан жинадық. Бірақ коэффициент саны бойынша мен алға шықтым», – дейді І орын жүлдегері Мақсат.

Сондай-ақ әуесқой шахматшылар арасында өткен жартылай финалда 15 жасар Елена Жаксымуратова «Әйелдер арасындағы үздік көрсеткіш», Вадим Гудовщиков «16 жасқа дейінгі үздік қатысушы» және Дмитрий Иванов «50жастан асқан ардагер ойыншы» аталымдары бойынша марапатталып, 30 мың теңге ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Ұлытау облысы бойынша ақпараттық байланыс: Айзада Оразхан +7 702 379 84 92

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер