«Қарызсыз қоғамға» қадам. Депутаттың қарызы, елдің арызы бар

6445
Adyrna.kz Telegram

Таяуда Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылығын арттыру туралы» тақырыбында тыңдау өтті. «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» бағдарламасын қолға алғаны құптарлық қадам.

Әйтсе де жиында «Халық сауатсыздақтан несие алып жатыр» деген пікір жиі айтылып қалды. Шын мәнінде халық сауатсыздықтан несие алып жатыр ма, жоқ әлде мәжбүрлі түрде қарызға кіруде ме? Осы және өзге де сұрақты бірнеше депутатқа қойдық. Сондай-ақ депутаттар  несие алып, банкке борышкер болды ма?

«АЙФОНДЫ НЕСИЕГЕ АЛУ»

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осы елдің азаматы ретінде кезінде несие алғанын айтады. Қазіргі таңда ол несиесін жауып, банкке бармайтындай болған көрінеді.

Депутат «Халық сауатсыздықтан несие алып отыр ма, жоқ әлден мәжбүрліктен бе?» деген сұраққа жауап берді. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, несие мәселесінде көптеген проблемалар бар.

- Сондықтан банк пен қаржылық және коллекторлық ұйымдарға шектеу болу керек. Қазір біздің әріптестер мәселе көтеріп қана қоймай, оны шешудің нақты жолдарын белгілеп отыр. Сол себепті тиісті заң жобасы дайындалып жатыр. Осы заң жобасы несиеге байланысты проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Ал енді несие алуға келсек, бұл жерде біз екі мәселені бөліп айтуымыз керек. Біріншіден, шын мәнінде сауатсыздық мәселесі де бар. Мысалы сізде, мен де Айфон 15-ті несиеге алатындар бар екенін жақсы білеміз. Солай ғой. Өзіміз танитын адамдар да бар. Сондықтан бұл мәселені ашық айтуымыз керек. Бірақ Каспий редті қолданып, ертең жейтін тамағында осы арқылы алып отырған азаматтар да бар. Сондықтан сіз айтып отырған мәселенің сауатсыздық жағдайлары да бар, екінші жағынан басқа табысы жоқ болғандықтан, мәжбүрлі түрде несие алып жатқан адамдар да бар. Сол себепті бұл мәселені жан-жақты қарастыруымыз керек, – деді ол.

«ЖАЛАҚЫНЫ КӨТЕРІП, ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН АШУ»

Келесі мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек осыдан 5 жыл бұрын ипотекалық неисесіні жауып тастағанын айтады. Депутат содан кейін ақшалай несие алмағанын ескертті. Әйтсе де ол Каспий банктің қосымшасы арқылы авиабилет рәсімдеп алатынын жасырмады.

Бақытжан Базарбек несиеге байланысты сұраққа жауап берген кезде халықтың жемқорлықтан зардап шегіп жатқанын айтты.

- Білім беру мен денсаулық сақтау, жер, құрылыс саласы секілді барлық жерде сыбайлас жемқорлық бар. Осының салдарынан жұмыссыздық өршіп тұр. Онсыз да күнін әрең көріп жатқан халыққа баласын оқытып, мектепке киіндіру оңай емес. Сол себепті халық амалсыздан несиеге басын тігеді. Қымбат бұйымын ломбардқа қойып, шағын несие ұйымдарынан ақша алады. Несие алу жеңіл болғанымен оны қайтару қиын. «Қарызсыз қоғамды» қалыптастыру үшін біріншіден, әр азаматтың өмірлік табысын көтеру керек. Жалақысы 100 мың теңге болатын адам әрине несие алады. Баласын мектепке киіндіру үшін кемінде 200-250 мың теңгеге шығындалады. Ал екі-үш баласы барлар бұл мәселені қалай шешетінін мен түсінбеймін. Егер біз жалақыны 100 мыңнан 200-300 мыңға көтеріп, жаңа жұмыс орындарын ашсақ, әлеуметтік жағдай оңалар еді, - деді депутат.

Мәжіліс депутаты Ринат Заитовтың екі бірдей несиесі бар екенін айтады. Мысалы ол бір банкке 64 мың теңге, екінші банкке 115 мың теңге төлейтін көрінеді. Сондай-ақ депутат халық несиені сауатсыздықтан емес, айлығы шайлығына жетпеген соң алатынын ескертті.  Яғни ол «төменгі жалақыны көбейтпей тұрып, халықты сауатсыз деп айту ұят тірлік» деді.

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер