“Пенопласт” операциясындағы журналистің үстінен арыз түскені айтылды

1261
Adyrna.kz Telegram
фото: Диас Нұрақынның фейсбук парақшасынан
фото: Диас Нұрақынның фейсбук парақшасынан

Алматы-Қорғас тас жолындағы пенопласты алып, мәселені көрсеткен журналистің үстінен “ҚазАвтоЖол” компаниясы арыз түсірген. Бұл туралы басы дауға қалған журналист Диас Нұрақын Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Алматы облысы Полиция Департаментінің қызметкері хабарласты. Сіздің үстіңізден "ҚазАвтоЖол" арыз түсірді дейді. "Мүлігімізді қиратты" деп полицияға жүгірген екен. Өздері сапасыз жол салып, күніне жүздеген жүргізушінің көлігін талқандап жатқандарын біле ме екен бұлар? Айтқанға көніп, айдауға жүрмеймін дедім. ҚазАвтоЖолмен соттасуға дайынмын. Алдымен  олар пенопласттың мүлік екенін дәлелдесін. Сосын пенопласт  полиция араласатындай қымбат дүние болса, бетонканың басқа жерлерінде неге жоқ екенін түсіндірсін. Қысқасы "ҚазАвтоЖол" мен  "соғыс" енді басталды. Попкорн көбірек алып алыңыздар”, деп жазды журналист.

Журналистің жазбасынан кейін, “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ өкілетті органға арыз-шағымды мердігер ұйым түсіргенін айтты.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тапсырыс берушінің мердігердің операциялық және шаруашылық қызметіне араласуға құқығы жоқ, деп “ҚазАвтоЖол” журналистің жазбасына пікір қалдырды. 

Айта кетейік, Журналист Диас Нұрақын 19 қазан күні Алматы – Қорғас бағытындағы күрежолдың сапасыз салынғанын көрсетіп, әлеуметтік желіге видео жариялаған. Бейнежазбада жоғары санатты жол саналатын автобетонның қуысын компания пенопластпен жамап қойғаны айтылады. Кейін бұл даулы болып, оған жауапты компания журналистке онлайн түрінде қоқан-лоққы көрсетеді.

Кейін қоқан-лоққы көрсеткен Алматы – Қорғас тас жолының учаске басшысы Мехмет Шахин “Адырна” ұлттық порталына пікірін білдірген болатын.

Пікірлер