Қазақстан шетелдік туристерге виза беруді жеңілдетпек

1330
Adyrna.kz Telegram
фото: Tūrisma firma Vlissa
фото: Tūrisma firma Vlissa

Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев Қазақстанға келген шетелдіктер қандай қиындықтарға тап болатынын айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Үкімет отырысында Ермек Маржықпаев Қазақстанға келгеннен кейін шетел азаматтары үшін виза алу процесінде бірнеше кедергі барын айтты.

«Біріншісі – шақырудың болуы туралы талап, оны алуға бірнеше апта кетеді және турист әдетте қосымша ақы төлейді. Екіншісі – әуежайда төлқұжатқа виза қою процесі тағы бірнеше сағатты алады. Көбінесе рейстер түнде келеді және бұл туристік топтарға қолайсыздық тудырады. Осыған байланысты шақыруды алуды цифрландыру мәселесі пысықталуда», – деді министр және қазір E-visa арқылы елге тек халықаралық әуежайлар арқылы кіруге болатынын айтты.

Ол сондай-ақ құрлықтағы өткізу пункттерінде электрондық виза бойынша мемлекеттік шекарадан өтуге рұқсат беру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Туризм министрлігінің мәліметінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 3 миллионнан астам отандық азамат ел ішінде саяхат жасады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 400 мыңға артық.

Жыл соңына дейін ішкі туристер саны 9 млн адамға жетеді деп болжануда. Жыл қорытындысы бойынша көрсеткіш 1,4 млн туристке жетпек. Туристердің өсуі осы сала кәсіпкерлерінің табысын да арттырды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша туристерді орналастыру орындары шамамен 100 млрд теңге табыс тапқан, өткен жылмен салыстырғанда өсім 30 млрд теңгені құрады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер