Қаламгер тойы дүркіреп өтті

1281
Adyrna.kz Telegram

Жезқазған қаласында 30 қазан - 4 қараша аралығында Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, әдебиет зерттеуші, киносценарист, кинорежиссер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, халықаралық, республикалық бірнеше әдеби сыйлықтардың иегері, түрлі әдеби конкурстардың жеңімпазы Ахметов Кенжебай Кәрібозұлының 60 жасқа толуына орай апталық өтті.

Жезқазған қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен апталық К.Ахметовтің «Неге солай?» фильмінің көрсетілімімен ашылды. Танымал әнші, композитор Жақсыкелді Сейіловтің балалық шағы жайлы түсірілген фильм көптің көзайымы болды.

31 қазан күні апталық бағдаламасына енген шара М.Әуезов атындағы қалалық кітапханада жалғасты. «Күзгі өлең, сырласайық сізбенен...» атты жыр кеші жоғары деңгейде өтті. Есімдері көпке танымал болған жергілікті ақындар мен олардың өкшесін басып өлең әлеміне енген жас ақындар сырлы, ойлы жырларын оқыды. Өлеңсүйер қауым дарынды жастардың аяқ алысына тәнті болды.

Апталықтың үшінші күні көрермендер К.Ахметовтің «Наза» деп аталатын тағы бір фильмін тамашалады. Өмір ағысы, жалғыздық тауқыметі, тіршілік сынағы жайлы өз пайымдауын жасаған автордың түйінді ойы көрермендерті толқытты. Айта кетелік, «Неге солай?», «Наза» фильмнің сценариін жазған да Кенжебай Ахметов. Актерлардың дені - қарапайым еңбек адамдары, мұғалімдер, мектеп оқушылары, әнші-әртістер т.б. Бірлі-жарымы ғана - театр әртістері.

Апталық аясында қала әкімдігінің қаржылай демеуімен Астанадағы «Кәусар» баспасынан қаламгер К.Ахметовтің «Күпі» жыр жинағы және «Айбоз» естеліктер жинағы (К.Ахметовтің өмірі мен шығармашылығы жайлы)жарық көрді. Қос кітаптың тұсаукесері Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде өтті.

3 қараша күні С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалы-драма театрында мерейтой иесі К.Ахметовтің «Шырақ» тарихи драмасының қойылымы болды (реж. М.Жанботаев). Көрермендер бұл туындыны да зор ризашылықпен қабылдады.

4 қараша күні Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде өткен «Қоңыр күз. Қоңыр өлең. Қоңыр әлем....» атты шығармашылық кеш – қаламгер К.Ахметовтің 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылған апталықтың қорытынды шарасы. Шығармашылық кешке айтыскер ақын, қоғам қайреткері, ғалым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Д.Әлтаев қатысып, мерейтой иесіне Мәжіліс төрағасы Е.Ж.Қошановтың құттықтау хатын тапсырды. Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары, Ұлытау, Жаңаарқа аудандары әкімдігінің, Жезқазған университеті ұжымының құттықтаулары мен ағайын-туыс, дос-жарандардың жылы лебіздері айтылды. Шәкірттері ақын Кенжебайдың өлеңдерін оқыды. Қаламгердің өлеңдеріне жазылған «Өмір-ағын», «Бебеу жалған», «Достарым» әндері мен Абайдың «Тоты құс түсті көбелек» өлеңіне жазылған К.Ахметовтің әні орындалды. Кешті ақын Ғазиз Ештанаев жүргізді.

Апталық барысында кітапханада, музейде, Халықтар достығы мен мәдениеті үйі фойесінде ұйымдастырылған көрмелер де мерейтой иесінің өмір мен шығармашылығы, өнер өрісі жайлы тарқатып сыр шертті.

Қысқасы, қаламгер тойы дүркіреп өтті.

 

 

Пікірлер