Жамаубаев заңсыз иемделген активтерді қайтару туралы: Келген қаржы ел мүддесіне жұмсалады

1239
Adyrna.kz Telegram

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес заңсыз иемденілген активтерді қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы «Қазақстан» арнасына сұхбат берді.

Вице-премьер атап өткендей, барлық қайтарылған қаражат арнайы мемлекеттік қорда жинақталатын болады. Егер қайтарылатын актив мүлік түрінде болса және мемлекет тарапынан қызығушылық болса, онда актив қандай да бір мемлекеттік органның немесе ұлттық компанияның басқаруына берілуі мүмкін. Ал мемлекет үшін маңызды емес активтер ашық конкурс арқылы сатылып, одан түскен қаражат та арнайы қорға жіберіледі. Жинақталған қаражатқа тиісті бақылау жүргізілетін болады.

«Қаражат Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығарылып, сол жерде қандай жобаны қаржыландыру қажет екені анықталып, содан кейін ғана бөлінеді. Бұл қаражатқа тиісті бақылау жасалады. Біріншіден, Қаржы министрлігі кез келген бюджет қаржысына бақылау жүргізуге құзыретті. Екіншіден, Жоғары аудиторлық палата да мемлекетке келіп түскен қаражатты кез келген уақытта тексеруге мүмкіндігі бар. Сондықтан бақылау жоғары деңгейде қамтамасыз етіледі», – деп атап өтті Ерұлан Жамаубаев.

Премьер-Министр орынбасарының айтуынша, қайтару процесі ерікті және мәжбүрлі түрде жүзеге асырылуы мүмкін. Алайда, ерікті түрде қайтаруға басымдық беріледі. Осы орайда басты мақсат – қайтарылған қаражатты ел мүддесіне жарату.

«Біз үшін ең маңыздысы, егер заңсыз иемделген қаражат немесе актив болса, ертерек қайтарылып, әсіресе ерікті түрде, елімізге жұмыс істеп, жұмыс орындары ашылып, салық төленсе – негізгі мақсатқа қол жеткіздік деп айта аламыз», – деп Ерұлан Жамаубаев заңсыз иемделінген активтердің қайтарылу барысы туралы сұхбатын қорытындылады.

Пікірлер