Оқу ордаларында діни іс-шараларды өткізу қаншалықты заңды?

7332
Adyrna.kz Telegram

Мектеп ол – білім ордасы. Сол сияқты мектеп болсын, діни орталықтар болсын, балаларды мектепке дейінгі даярлайтын арнайы қосымша білім беру мекемелері болсын, әр нәрсе өз орнында тұрып, әр мекеме өзінің ісін дұрыс атқаруы керек. Сонда ғана біз алға жылжимыз.

Бүгінгі күні білім ошақтарында діни шаралар өтіп тұратыны жасырын емес. Оның ішінде дін мамандарымен кездесу, семинар, конференция, дөңгелек үстел сынды жұмыстардың ұйымдастырылуы. Оқу орындарында мұндай шаралардың өтуі оқушылардың, жастардың діни сауаттылығын көтеру қажеттілігіне саяды. Сонымен бірге танымдық, ағартушылық бағытта және бүгінгі жаһандану заманында зайырлы қоғамдағы түрлі көзқарастар мен пікірлерді құрметтеп, діни экстремистік, терроршыл іс-әрекеттің алдын алуды көздейді. Түрлі діни сенім-нанымдар мен көзқарастарды бір жерде тоғыстыратын көпұлтты елімізде, бүгінгі зайырлы қоғамда азаматтардың өзара бірлігі мен татулығын, ынтымақты өмір сүруін, елдің тыныштығына зиян келтірмейтіндей етіп реттеп отыру қажет.

Қазір діни ағымдардың насихатталуы, радикализмнің таралуы қарқынды түрде жүріп жатыр. Тіпті, еш шектеусіз, ашықтан-ашық теріс ағымдарды дәріптеу қарекеттері орын алуда. Бұған түрлі себеп-салдарды қарастыруға болады. Әуелі, еліміздегі кей әлеуметтік желілердің шектеусіз әрі сұрыптаусыз, желең ақпараттарды сүзгіден өткізбей ұсынуы да негізгі факторлардың бірі. Осы тұста, мемлекет тарапынан діни топтарды яки жеке тұлғалардың теріс діни ағымдардың насихатына зерделеу жұмыстарын жүргізіп отыруы бойынша
2013 жылы «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл» жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылданған болатын. Негізгі мақсатының бірі – білім ордаларында жастар арасында радикалды діни идеологияның таралуына қарсы күрес жүргізу. Оқушыларды теріс пиғылды діни ағымдардан сақтау, дәстүрлі дінге салауатты көзқарасын қалыптастыру. Өз кезегінде мемлекет тарапынан мұндай жұмыстардың атқарылуы өскелең қауымның дұрыс бағыттан жаңылмауы мен санасының діни тұрғыдан азықтануын жеделдетеді.

Бұл жөнінде мамандар сырттан келген діни теріс пиғылды топтардың алдын алу, жастарға дін ұғымының мәнін ашып, сауат деңгейін арттыру мақсатында және дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты белгілі жүйеге келтіру қажеттігінен оқу орындарында діни шаралар өткізу заңға қайшы емес екенін алға тартады. ҚР Конститутциясында білім беру жүйесінде діни бірлестіктерден дін қызметкерлері келіп, діни насихат жүргізуге тыйым салынғаны жазылған. Ал мемлекет тарапынан оқу орындарында тәрбиелік бағытта дін ұғымын түсіндіру, жас ұрпақты теріс ағымдарға ермеуге шақыруға қатысты конференция, симпозиум, дөңгелек үстелдер, ашық сабақ, форумдар, кездесулер өткізу заңға қайшы емес.

Жалпы мектептерде діни рәсім ұйымдастыру, соны арқау етіп жастарды теріс ағымдардың күшінен сақтау сынды жұмыстардың өтуін көзіміз шалып жүр. Мектеп қабырғасындағы оқушы буынның шариғат хақысында білетін сауаты кемшін екені анық. Қанаты қатаймаған жастардың зердесін улап, теріс ағымның арнасына оңай түсіру – белгісіз дін топтарының негізгі миссиясы. Олар осы әдіс-әрекет арқылы жастарды діни сахнаның жеңіл тетігі етеді. Мектептерде таптаурын түсініктерді бұзып, оқушы қауымның діни сауатын арттыру үшін осындай амалдардың жасалуы қос қолдап құптарлық дүние. Біз дінді дұрыс жағынан насихаттау арқылы ертеңгі күні елімізді сыртқы діни қауіптерден, радикализмнің кеселді апаттарынан сақтаймыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, дін және ұлт – егіз ұғым. Заман талабына сай қазіргі таңда ғылым мен білімге көп көңіл бөлу керек. Мемлекеттің болашағын ойласақ, теңдік пен еркіндікті берік қолдау һәм қорғау аса маңызды.

 «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер