Бала Сәбит

1182
Adyrna.kz Telegram

Қараша айының 21-жұлдызында қазақтың классик жазушысы, ақын, академик Сәбит Мұқановтың музей-үйінің ашылғанына 45 жыл толды. Бұл мереке қарсаңында музей-үйінде «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» атты көрме мен мерекелік кеш ұйымдастырылды. Айтулы мереке айналасында жазушы турасында мақалалар, баяндамалар, құттықтау сөздері жазылып жатты. Біз таныған дана Сәбиттің қалай бала Сәбит болғандығы турасында оқырман қауымын жазушының балалық шағымен таныстыруды жөн көрдік.

Сәбит Мұқанұлы Мұқанов 1900 жылы 26 сәуірде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Сәбит ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі қарапайым, кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Отбасында 13 қыз тәрбиелеген Мұқан әкей ұл баланы қатты армандайды. Өмірге Сәбит келгенде әкесі қуанғаннан аяғындағы жөні түзу жалғыз етігін сүйініш сұрай келгенге шешіп берген деседі. Алайда тағдыр тәлкекке салып бала Сәбит 7 жасында әкесі Мұқаннан, бір жылдан соң анасы Балсарыдан айырылады. Әкеден де, анадан да ажыраған жетім бала әкесінің інісі Мұстафаның тәрбиесінде ер жетеді. Мұстафаның балалары Ғаббас пен Шәкенмен тай құлындай тебісіп өседі. Жетім өскен  бала Сәбит бірде «жылқышы бала», бірде «бақыршы бала» аталып кетеді. «Өмір мектебі» роман-трилогиясында «сырт бет-пішінім анама ұқсаған, мінезім аумаған әкемдікі. Әкем сондай момын, ағайын-туыс арасында сыйлы, ұжымшыл кісі болатын. Өзі өлердей балажан еді, алыстағы пішенге мені мойнына салып апарып, түнде қайтарда ұйықтаған қалпымша құшағына қысып үйге келетін. Ал анам ән салушы еді. Салған әндері құлағымда сақталып қалды»,- деген екен.

Сәбит алғаш сауатын ауыл молдасынан арабша қаріп танып ашады. Жазушының алғашқы ұстаздары Шәйін Тілегенов пен Хамит Махмұтов. Бұл кісілерден қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгісі болып табылған атақты қисса-дастандарды жаттап үйренеді. Шәйін ұстаздың аузынан «Мың бір түн», «Тотының тарануы» сынды шығыс ертегілерін алғаш рет естіген. «Зарқұм», «Сал-сал», «Ләйлі-Мәжнүн», «Бәдіғұл-Жамал», «Ер Тарғын» қиссаларын жатқа білген. «Хамит ұстаз-(жазушы Ғабит Мүсіреповтің үлкен ағасы) нағыз тәжірибелі, білгір маман. Ең мықты педагог»,-деп өз естеліктерінде еске алады.

Музей-үйімізде құнды экспонаттар қатарында Сәбиттің балалық шағы өткен үйдің макеті сақталған. Жазушының архивінен табылған фотосурет бойынша жасалған, музей-үйіне берілген сыйлық.

Суретші В.Кузнецованың «Сәбит Мұқановтың туған ауылы» атты майлы бояумен салынған картинасы. Жазушының балалық шағы өткен Жаманшұбар ауылы, Дос көлінің маңайына қоныстанған ауыл адамдары көрініс табады. Дос көлі қазіргі таңда экологиялық проблемалар салдарынан тартылып кеткен.

Сәбит ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген әнші-композиторлардың ән-жырларын, өмірбаяндарын жетік білетін. 13 жасында Ақан серіні, Балуан Шолақты кездестіріп, олардың «Құлагер», «Ғалия» әндерін өз ауыздарынан естіген. Үкілі Ыбырайды кездестіріп «осы кісідей болсам» деп армандаған. Жастайынан өлең шығаруға, қисса жаттауға, айтысқа қатысуға ебі болған бала Сәбиттің бойынан өсе келе жаңа қырлар туындайды. Шығармашылық жолын поэзиядан бастаған ол кейіннен прозаға қалам тартып, шығармашылықпен, зерттеу жұмыстарымен айналысады. Шығармашылық жолында 80 000-ға жуық өлең шумақтарын, 20 поэма, 10 шақты роман жазған.

Бала Сәбит жастайынан жетімдіктің ызғарын басынан қанша кешірсе де, өмір теперішіне сынбай, қазақ әдебиетіне үлкен серпің әкеле білді. Мұқанов шығармалары қазіргі таңда өз өміршеңдігін жоймақ емес. Қазақ әдебиетінің оқырмандары жазушының «Ботагөз», «Мөлдір махаббат», «Аққан жұлдыз», «Сұлушаш» шығармаларын сүйіп оқиды. Біз баяндаған бала Сәбиттен дана Сәбитке жету жолы қанша кедергілерден, қанша сынақтардан, еңбек пен талпыныстардан, ақ адал маңдай терден тұрғандығын естен әсте шығармаған жөн!

Мөлдір САҒЫМБАЕВА,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің

әдеби-мемориалдық музей кешенінің қызметкері.

Пікірлер