Назарбаев жаңа кітабында тоқалы туралы айтты ма?

1897
Adyrna.kz Telegram
фото: adyrna.kz
фото: adyrna.kz

Түрлі парақшалардағы деректерге сүйенсек, Назарбаев өзінің естеліктері кітап етіп жазған. Кітап «Менің өмірім. Тәуелділіктен бостандыққа дейін» деген атпен жарыққа шығуға дайындалуда, деп хабарлайды "Адырна" порталы  телеграм арналардың біріндегі ақпаратқа сілтеп. 

Кітапта экс-президенттің 90-жылдардағы қиындықтары, елорда құрылысы, өз өмірінің айтылмаған тұстары және т.б. дүниелер қамтылған, делінген дереккөзде.

Сол кітапта Назарбаевтың  Әсел Исабаевамен екінші отбасы құрғанын мойындауы ерекше назар аудартатын сияқты. Сонда Назарбаев саясаттағы қателігін емес, екінші некесін мойындағандай әсер қалдырады.

Әсел Исабаева туралы көптен бері айтылып келе жатыр.  Тіпті Әселдің "Алексей" деген лақап аты да телефон арқылы сөйлескен кезде Назарбаевтың қол астындағылар пайдаланатын кодтық есімге айналып кеткен. Бұл туралы деректер ақпарат алаңында мол. Бірақ осы күнге дейін оны ешкім растамаған және жоққа да шығармаған.

Мемуар-естелігінде экс-президент Исабаевамен мұсылмандық неке қиғанын айтып, одан  Тауман (2005 жылы туған) мен Бәйкен (2010 жылы туған) есімді перзент сүйгенін растаған сияқты.

Сондай-ақ, кітапта 2011 жылғы Жаңаөзендегі оқиға, 2019 жылғы билік транзиті, Қанды Қантар оқиғасына бөлек тараулар арналған. Қазіргі президент Тоқаевтың да аты аталып, олардың қарым-қатынасының бір-екі қызық, бұрын естімеген тұстары да айтылатын көрінеді.

Әзірге кітаптың сатылымға қашан шығатыны белгісіз. Алайда, белгілі саясаткерлер мен бірнеше қоғам белсенділері алғашқы оқырмандар санатынан табылған сыңайы бар.

Бұған дейін, жазушы Бейбіт Сапаралы “көрінбей” кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың кітап жазып жатқанынан хабардар еткен болатын. Ол Назарбаевтың аталмыш кітабы арқылы халықтың көкейіндегі біршама сұрақтарға жауап беретінін жазған.

Пікірлер