Ғалымдарға қалай мотивация беруге болады?

714
Adyrna.kz Telegram
Фото: Kazbilim
Фото: Kazbilim

Қазір адамзат баласы ғылым мен білімге құлаш сермеп, күн сайын мыңдаған ғылыми жаңалықтар ашылуда. Әлемдегі ғылымның  дәуірлеп тұрған осындай кезеңде қазақ мемлекеті де өзге елдерден қалмай, жастарын білімді, білікті етіп тәрбиелеуге тиіс екені айтпаса да түсінікті. Бұл жайт мемлекеттің алдында тұрған басым бағыт екенін осыған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет айтты. Сондықтан да, «Өнер білім бар жұрттар, Тастан сарай салғызды» деген Ыбырай Алтынсариннің сөзінің растығын Мемлекет басшысы да, бұқара халық та терең түсініп отыр деуге толық негіз бар.

Ғылымға мемлекет қана емес, қоғам да көңіл бөлсе...

Ғылым – өркениеттің даңғыл жолы. Сол жолмен адамзат баласы қаншама игіліктерге қол жеткізді. Ыбырайша айтсақ, «Айшылық алыс жерлерден, Жылдам хабар алғызған» Жапония, Сингапур, Қытай, Германия сияқты елдердің тәжірибесінен әлі де үйренеріміз көп. Сондықтан да, қазақ мемлекетін өркениеттің жаңа деңгейіне шығару үшін ғалымдарымыз бен Ұлттық ғылым академиясының мойына жүктелер міндеттер де аз емес.  Ғылым мен ілім әрқашан да қоғамның қажеттілігін өтеп, халықтың әл-ауқатын арттыратын экономикамыздың локомитивіне айналуы керек. Ол үшін нені қолға алған жөн? Бұл сұраққа жауап іздеу әр қазақстандықтың міндеті болса керек.

Біздің ойымызша, біріншіден ғылымды дамытудың басты жолы ұзақ­мерзімді бағдарламалар қабылдау. Сол бағдарламалар арқылы ғылым мен ілімді дамытудың, халық арасындағы оқымыстыларға жағдай жасаудың кешендіжоспарлар жасалып, форсайттық зерттеулермен қатар халықаралық тәжірибе алмасу, ілімі мықты елдермен ынтымақтастық орнату істерін бір ізге түсіруге болады. Қазір ғылыми кадрлардың біліктілігін арттыру бағытында жасалып жатқан ауқымды жұмыстарға мемлекет қана емес, қолында қаржысы бар кәсіпкерлер де демеушілік жасайтын жүйе қалыптастыра білсек, мардымсыз жалақы алатын жас ғылыми қызметкерлердің мемлекет болашағы үшін алаңсыз қызмет етуіне жол ашылар еді. Бұл отандық ғылымға үлкенжаңалықтар мен өзгерістер енуіне түрткі болары айтпаса да түсінікті.

Аға буын мен жастардың дәстүр сабақтастығы сақталса...

Біздің елде реформа жасалғанда ескінің бәрін іске алғысыз жасап тастау деген дерт бар. Бұл дерт дәстүр сабақтастығын үзіп, аға буын мен жас ғалымдар арасындағы байланысты үзіп тастайтыны анық. Ғылым саласында ұзақ жылдардан бері жасалған жұмысты жоққа шығарып, бәрін жаңадан бастайтын рефорлар болмауы керек. Аға буын мен жас ғалымдар арасында үйлесімділік, ғылымды нығайту мақсатындағы ынтымақтастық болмай, бұл екі буын бірін-бірі толықтырмай ілгері жүру мүмкін емес.

Білімді болу – табысты болу дегеннің баламасына айналуы керек

Сондай-ақ ғылым мен ілім саласы табысты болудың нақты мысалына айналмай, жаппай халықтың білімге құштарлығы оянбақ емес. Білімнің салтанат құруының басты бағыты – ашықтық пен еркіндік. Жас ғалымдар күнделікті өмірдегі күйбең тірліктің тауқыметіне қиналмай, барлық жағдайын ой еңбегімен жасай алса, өз өмірін өзгертуге қабілетті болып, жеке басының еркіндігіне қол жеткізсе, халықтың санасында «білімдар адамдар ғана табысқа жетеді» деген ұғым орнығар еді. Ол үшін «ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры», «Білімді адамның кедейі жоқ» деген сияқты жастардың алға басуына сөзсіз қажетті идеологиялық жұмыстар жүргізілуі керек. Сонда ғана табысты байболудың ең негізгі, ең іргелі, басты факторы білім екенін барша халық терең түсінер еді. Сонда ғана жастарымыздың білім жолына түсіп, ғалымға айналуына басымдық беру ісі бірінші орындаға шығар еді. Жалпы, әлем елдері құндылықтар жүйесінде бәрінен де білімді адамдар биік тұратынын мойындап үлгерді. Соны қазақ бұқарасына мойындатудың маңызын біз ескермей келеміз.

Мотивация жас ғалымдардың арманын алға жетелейді

Ғылымға мемлекетіміз сияқты кәсіпкерлер де жақсылап көңіл бөле бастаса, жастардың ғылымға құлаш сермеуіне үлкен мотивация болар еді. Ілім шыңын бағындырып, ғылыми жаңалықтар ашып, өз саласы бойынша түрлі жетістікке жеткендерге қазақтың атымтай жомарт азаматтары қолдау көрсетсе, мемлекет жас ғалымдардың баспана мәселесін біржақты етіп, ипотекаға үй берсе, баспасөз құралдары ғалымдарды қоғам алдында үлгі ретінде танытып, тұлғалық келбетін насихаттаса, кез-келген жеткіншек ілімге ұмтылары сөзсіз. Жас ғалымдарды баспанамен қамтып, оларды кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйымдар да қолдап, бұл қолдау бизнестік әріптестікке ұласпай, ғылымды қолдау бағытындағы жұмыстар біржақты болып қала бермек. Бүгінгі таңда еліміздегі логистика, агро және IT салалары жоғары әлеуетке ие екені белгілі. Қазақстанда IT саласында білікті кадрлар толқыны пайда болғанын әлем мойындап отыр. Технология деген бір орында қозғалыссыз тұрмайды. Сондықтан да, цифрландыру, аналитика, болжамдар жасаудағы артықшылықтарымыз өзге елдерде емес, өзіміздің ішімізде көбірек насихатталуы керек. Жас ғалымдарды тұлға ретінде насихаттау арқылы оларға мотвация беріп қана қоймай, тұтастай бұқара халықтың назарын ғылымға аударуға жол ашылады.

Түйін

Қазақ халқы әлемдік ғылымға ұлт ретінде өз үлесін қосуға тиіс. Сол себепті де, «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», «Білім инемен құдық қазғандай», «Ғылым — теңіз, білім — қайық» деген секілді қазақы нақыл сөздерді тірілтіп, жастарды ғылымның биігін бағындыруға үндей білуіміз керек.

Қанат Бірлікұлы
Адырна ұлттық порталы

Пікірлер