ШҚО денсаулық сақтау саласының үздік мамандары марапатталды

2238
Adyrna.kz Telegram

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Өскемен қаласында облыстың денсаулық сақтау саласының мамандарына арналған салтанатты шара өтті. Шара барысында саланың бірқатар мамандарына ШҚО әкімінің арнайы марапаттау қағазы, пәтер кілттері, ақшалай және тұрғын үй сертификаттары табысталып, ыстық ықыласқа бөленді.

«Медицина саласы – ең басты, әрі маңызды сала. Құрметті денсаулық сақтау саласының мамандары, сіздер адамдардың өмірі үшін күресіп, оларға үміт сыйлап жүресіздер. Өзге жандардың өмірін құтқару үшін көп нәрсені құрбан етесіздер. Соған қарамастан мейірімді болып қала аласыздар. Осы үшін сіздерге алғысымыз шексіз. Біздің медицина саласы дами түсуі үшін қолымыздан келгенін жасаймыз», - деді салтанатты жиында облыс әкімі Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы шығыстағы бірқатар еңбекқор, өз ісінің шебері атанған, жауапкершілігі мол білікті дәрігерлердің көп екенін айтты.

Бұл күні бірқатар үздік мамандар атаулы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, өздерінің кәсіби мерекелерінің қарсаңында он шақты дәрігерге пәтер кілті табыс етілді. Ал санитар, фельдшер медбикелер мен тәжірибеден өтіп жүрген дәрігерлерге, аудандық және қалалық ауруханалардың бас дәрігерлеріне, жедел жәрдем қызметінің жүргізушілеріне ақшалай сыйақы мен марапаттау қағаздары табысталды. Ағымдағы жылы алғаш рет денсаулық сақтау саласының мамандарына тек ақшалай сыйлықтар ғана емес, «Сенім» кәсіподағы атынан тұрғын үй сертификаттары да табыс етілді.

 

Салтанатты шара барысында «Облыстың денсаулық сақтау саласына қосқан ерен еңбегі үшін» БСМП хирургия бөлімінің дәрігері Дүйсен Тәжібаев марапатталды. Диагностика мен емдеудің жаңа технологиясын енгізгені үшін ШҚО ОСМЦ рентген-эндоваскулярлы зертханасының басшысы Мұхтар Қорабаев марапатталса, Семейдің №31 бригадасы үздік жедел жәрдем бригадасы атанды. «Ең үздік ота жасау» номинациясымен облыстық аурухананың бригадасы марапатталды. Ал «Өз мамандыңына деген адалдығы үшін» номинациясына кезекші медбикелер – Гүлдария Нұрахметова мен Нұрғайни Сапарғалиева ие болды. Ең үздік науқастарды қалпына келтіру орталығы болып ШҚО-дағы реабилитациялық орталық атанды. «Таңғажайып іс-әрекет жасағаны үшін» микрохирургия бөлімінің басшысы Аэлита Байбосынова марапатталды. Ол Адина және Амина есімді егіздің көру қабілетін сақтап қалған. Ауылдық медицина саласының үздігі болып аягөз ауданының ауруханасы атанды. «Ең үздік мэнеджер» номинациясымен облыстық аурухананың бас дәрігері Жайық Жұмахан мен №17 дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері Владимир Ли марапатталды. Цифрландыру бойынша Өскемендегі №4 қалалық аурухана көшбасшы атанды.
Айта кетейік, соңғы жылдары ШҚО-ның денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер мен даму байқалады. Медицина саласына жергілікті биліктің ерекше көңіл бөлуінің арқасында, аталмыш салаға елеулі қаржы жұмсалып, заманауи техникалармен жабдықталуда және әлдемдік стандарттарға сай болу үшін түрлі жағдайлар жасалуда. Науқастарды емдеудің жаңаша әдістері енгізіліп, дәрігерлерді шетелге тәжірибе алмасу мақсатында жіберу арқылы ШҚО медицинасында елеулі өзгерістер орын алуда.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер