Қасіретті Қаңтар оқиғасына - 2 жыл

4900
Adyrna.kz Telegram
Сурет: janabastau.kz
Сурет: janabastau.kz

Биыл Қаңтар оқиғасына 2 жыл толды. Сұйытылған газдың кенеттен қымбаттауына байланысты басталған наразылық шаралары 2022 жылдың 2 қаңтарында бастау алған еді. Бұл оқиғалар тәуелсіз Қазақстанның 30-жылдық тарихындағы ең қарқынды әрі қатал қақтығысқа айналды.

Халық қала және облыс әкімдерінен бағаны тұрақтатуды және көгілдір отынның тапшылығын жоюды талап етті. Бұл талаптар орындалмағасын наразылық шаралары келесі күні де жалғасын тапты. 4 қаңтар күні Қазақстан үкіметі Маңғыстау облысындағы сұйытылған газдың бағасы литріне 50 теңгеге дейін төмендетілгенін мәлімдеді. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, заңсыздықты болдырмауды сұрады.

Жаңаөзен қаласында басталған шеру кейіннен Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Астана, Шымкент, Көкшетау, Орал және тағы да басқа қалаларда жалғасты. Халық көшеге шығып, экономикалық талаптармен қоса саяси өзгерістерді талап ете бастады. Бастапқыда бейбіт басталған наразылық шаралары артынан қарулы қақтығыстар мен тонаушылыққа ұласты. 5 қаңтарда басталған тәртіпсіздіктер ресми деңгейде мемлекеттік төңкеріс деп аталды.

Қаңтар қырғыны кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы басшыларынан көмек сұрағанын мәлімдеді. 10 қаңтарда ҰҚК тәртіпсіздіктер кезінде басып алынған барлық әкімшілік нысанның қайтарылғанын, елдегі жағдайдың тұрақталғанын мәлімдеді.

11 қаңтарға дейін тәртіпсіздікке қатысып, қамауға алынған адамдардың саны 10 мыңға жуықтады. Тонаушылық пен бұзақылықтың салдарынан кәсіпкерлерге келтірілген шығынның мөлшері 100 миллиард теңгеден асты. Оқиға бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Бас прокуратура 238 адам қаза тапқанын мәлімдеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жаппай тәртіпсіздік бойынша 1205 адам сотталып, 1095 адамға рақымшылық жасалған. Қайғылы жағдай кезінде 19 заң орындары қызметкері қайтыс болып, 3 мыңнан аса полиция және әскери қызметкер жарақат алған.

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыға 20 мың «террорист» шабуыл жасалғаны да айтылды. Алайда бұл ақпарат дәлелденбеді.

Биыл, 3 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген көлемді сұқбатында Қаңтар оқиғасы туралы да сөз етті. Айтуынша, қасіретті жағдайға жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болған.

«Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді»,—деді ол.

Пікірлер