39 мәйіт. НКВД қазақ қайраткерлерін атқан түн

1876
Adyrna.kz Telegram
Ашық дереккөзден
Ашық дереккөзден

1938 жылғы ақпанның 25-іне ауған түні Алматыда совет жендеттері қамаудағы 39 адамды бір демде атты. Олардың 14-і – Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов тәрізді советтік Қазақстан үкіметінің мүшелері еді…

Бұл күні атылғандардың тізімінде қазақтың алғашқы жоғары білімді әскери дәрігерлерінің және Қазақстандағы тарих ғылымының негізін қалаушылардың бірі, «Қазақстан тарихы» атты кешенді ғылыми еңбектің авторы, Санжар Аспандияров та бар. Ол 1938 жылы 49 жасында атылған.

Ал ақын, қоғам, мемлекет қайраткері, жазушы Сәкен Сейфуллин 1937 жылы «ұлтшыл буржуа» деген айыппен тұтқындалып, 1938 жылы 25 ақпанда Алматы НКВД-сының қабырғасында атылды. Ақынның есімі Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана, 1957 жылы ақталған болатын.

1938 жылы 25 ақпанда адамдарды топтап ату науқаны басталған. Атап айтсақ, 25 ақпанда С.Сейфуллин, С.Асфендиаров, Т.Жүргенов, С.Меңдешев, Ж.Сәдуақасов және басқалары бар 39 адамды; 26 ақпанда 37 адамды, оның ішінде І.Жансүгіров, Ж.Шанин және т.б. қоғам қайраткерлері бар. 27 ақпанда - 41 адам, 28 ақпанда - 40 адам және т.б. Бұл тізім осылай 14 наурызға дейін жалғасқан.

25 ақпанда атылған 39 адам қатарында азаттық күрескерлері, совет­ өкіметінің мемлекет, ғылым, мәдениет, әдебиет қайраткерлері Санжар Асфендияров, Ғабдолхакім Бөкейханов, Шәкір Дивеев, Сүлеймен Есқараев, Тел Жаманмұрынов, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Ізмұхан Құрамысов, Сейітқали Меңдешев, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедов, Қабылбек Сарымолдаев, Жанайдар Садуақасов, Сәкен Сейфуллин, Жағыпар Сұлтанбеков, Нығметолла Сырғабеков, Қайсар Тәштитов, Ғаббас Тоғжанов, Мирасбек Төлепов, Зейнолла Төреғожин шейіт болды.

Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында жазушы Сәкен Сейфуллин бейнеленген кадрды жариялаған болатынбыз. Бұл кадрлар 1935 жылы Қазақ автономиясының құрылғанына 15 жыл толуына орай түсірілген.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер