Бейбіт Исабаев жетісулық әйелдерге мерекелік құрмет көрсетті

781
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Талдықорғандағы Б. Римова атындағы драма театрында 8 наурыз мерекесіне орай Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жетісулық әйелдерді құттықтады. Мерекелік шараға 500 адам шақырылды. Салтанатты жиында өңірдің әр аудан-қалаларынан келген, түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүрген қарапайым еңбек адамдарымарапатталды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бейбіт Исабаев өзінің құттықтауында әйел-аналардың қоғамдағы рөліне тоқталып, мерекелік жылы лебізін жеткізді:

- Әйел-ананың ақыл-парасаты, ой өрісі, ішкі сипаты, рухани қуаты, адамгершілік болмысы қашанда қоғамды алға жетелейтін айрықша күш. Ана – тіршіліктің бастауы. Мейірімнің қайнар көзі. Шаңырақтың шамшырағы. Хауа анадан басталған отбасылық құндылықтар, ұрпақтар сабақтастығы, рухани-адамгершілік жолы бүгінге дейін үздіксіз жалғасып, мемлекет мүддесіне, ел болашағына қызмет етіп келеді.  Сондықтан бүгінгі жаңарған, әділетті, ашық қоғам құрудағы игі бастамалардың басты қолдаушысы өздеріңіз екенін ризашылықпен айтамыз, - деген Бейбіт Исабаев мемлекет қолдауымен жеке ісін бастап, табысты еңбек етіпкеле жатқан аналардың көпке үлгі тәжірибесін атап өтті. Мысалы, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасында облыс бойынша өткен жылы қолдау тапқан 533 жобаның 44%-ы әйелдерге тиесілі екен. Солардың қатарында ақсулық Қарлығаш Тұмарбай, Панфилов ауданынан Минура Қасымжанқызы тігін цехын ашып, ұлттық стильдегі өнімдер тігуді қолға алды. Мал өсірудің ауыртпалығына қарамастан, талдықорғандық Гүлзира Тәуірбек осы бағдарламамен ұсақ мал сатып алып, жеке шаруасын табысты жүргізіп отыр. Сол сияқты білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларында да еңбегінің жемісін көріп жүрген үздік мамандар атап өтілді.

- Ардақты аналар! Құрметті арулар! Баршаңызға мықты денсаулық, толайым табыс, қуаныш пен шаттық тілеймін. Әрдайым әсемдік пен әдеміліктің, жылылық пен мейірімнің жаршысы болып, бақытты ғұмыр кешіңіздер. Отбасыларыңызға береке, елімізге амандық берсін! Мереке құтты болсын! – деген Бейбіт Исабаев Еңбек Ері Күләш Айтжановаға, Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебековаға, «Қамқор» арнаулы қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының директоры Меруерт Жиенбековаға, Қазақстанның 20 миллионыншы сәбиінің анасы Диана Әзімбаеваға және Жетісу облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі Руфина Усановаға Мемлекет басшысының  құттықтау хатын тапсырды. Сол сияқты он көп балалы анаға "Алтын алқа", "Күміс алқа", тағы жиырмаға жуық нәзік жанға облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Алғыс хат алғандардың барлығы атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, темір жол, пошта, энергетика, денсаулық сияқты маңызды салаларда ұзақ жылғы тәжірибесі бар хат тасушы,  қызылшашы, тазалықшы, аспаз, инженер технолог т.б қарапайым еңбек адамдары.

Мереке концерттік бағдарламамен жалғасты.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Пікірлер