8 адамның өлімі. Жантүршігерлік жол апатына қатысты тың дерек шықты

1349
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысындағы тасжолда болған жантүршігерлік жол апатына қатысты жаңа дерек шықты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Dalanews-қа сілтеп.

Адам өлімімен аяқталған жол апаты күні кеше болды. 

Облыс әкімдігінің Telegram-арнасындағы жазбаға сәйкес Ақтөбе - Астрахан тасжолының 120 шақырымында Lada Largus және Toyota Hilux маркалы екі көлік соқтығысқаннан соң Lada Largus көлігі өртенген.

"2024 жылғы 6 наурызда Ақтөбе облысының "Ақтөбе-Астрахан" тасжолында 120 шақырымында көлік апаты болды. Зардап шеккендердің саны – 11, оның ішінде 8 адам қаза тапты. 3 адам Мұғалжар аудандық ауруханасына жеткізілді. Мамандар оларға қажетті көмекті көрсетіп, тексерді. Алайда, 3 адам Ақтөбе қаласында "тексеруден өтеміз" деп, ауруханаға жатудан бас тартқан", - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Тымпиев.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова да оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"Бүгін Ақтөбе-Астрахан тасжолында қайғылы жол-көлік оқиғасы болды. Осы қайғылы оқиға салдарынан 8 адам қаза тапты. Оның төртеуі кәмелетке толмаған балалар. Атап айтқанда, Шұбаршы орта мектебінің 4-6-сынып оқушылары. Сондай-ақ Кеңқияқ орта мектебінің 6-сынып оқушысы мен дайындық тобының 1 оқушысы. Балаларды ата-аналары мен туыстарымен бірге болды. Оқушылар заңды өкілдерінің өтініші бойынша отбасылық және денсаулық жағдайына байланысты сабаққа қатыспаған", - деп түсіндірді Нұргүл Бертілеуова.

Пікірлер