Дінтанушы: Мектеп бағдарламасына “яссауитану” пәні енгізілгені - заңға қайшы

823
Adyrna.kz Telegram

Мектеп бағдарламасына «яссауитану» пәнінің енгізілуі еліміздің заңына қайшы келеді. Бұл туралы Дін зерттеушісі Тұрарбек Құсайынұлы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа жолдаған үндеуінде айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«БАҚ биылдан бастап мектепте «яссауитану»пәнінің енгізілетінін жарыса жазды.

Өзіңіз білесіз, Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабы,1-тармағы бойынша еліміз зайырлы және дін мемлекеттен бөлек екені анық жазылған.

Конституция, яғни Ата заңның әр бабы — бұлжытпай орындалуы тиіс маңызды құжат.  Егер Ата заңда көрсетілгендей мемлекет, шынымен, діннен бөлек болатын болса, онда аталмыш заңға ешбір меморган қарсы шықпауы керек!»—деді ол.

Тұрарбек Құсайынұлы Қожа Ахмет Яссауидің орнына әл-Фараби мұрасын зерттеуді ұсынды.

«Сізден діни қайраткер Қожа Ахмет Яссауидің діни жолын насихаттайтын «яссауитануды»  мемлекеттік оқу орны боп табылатын мектептен шұғыл түрде алып тастап, оның орнына әлемде 2-ұстаз саналатын әл-Фараби бабамыздың ғылыми жолын тануға шақыратын «фарабитану» пәнін енгізуді өтініп сұраймын»,—дінтанушы.

Еске салайық, бұған дейін Қожа Ахмет Яссауидің 930 жылдығына орай өткен республикалық ғылыми конференцияда мектеп бағдарламасына «яссауитану» пәні енгізілетіні айтылған еді.

Пікірлер