ТӘТТІГҮЛ ҚАРТАЕВА: Су тасқыны екі жақтан болды

1021
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Қоян жылының қысы 12 жылдық бір айналымда қысы аязды, қатты болғанымен қары аз, екінші бір айналымында қарлы. Сол қарлысы биыл өткен екен. Ертедегі қазақтар Ұлу жылын «құт ұлу», «жұт ұлу» деп екіге ажыратқан, себебі Ұлу жылы бір айналымда жайлы болса, тағы бір айналымында жайсыз болып құбылып келеді. Ұлу жылының жайсыз басы/жайсыз айналымы да биыл екен.

«...Ұлу келіп көтерді елдің обалын,

Мал жұтатып, сынын алды қораның

Нақ ұлудай ұлытқан жоқ қазақты...» (Бейімбет Майлин).

«...Еліңді зар еңіреткен «Ұлу», «Қоян»,

Сенің құрып қалғаның Тәңірге аян...» (Құлтума мен Намаз айтысы, 19 ғ.).

Мүмкін Ұлу жылымен байланысты да емес шығар, табиғаттың дәл осындай апаты расында бұрын болмаған шығар.

Су тасқыны екі жақтан болды, бірі «күн райының» өзгерісі, яғни табиғи апаттан (Қостанай, Торғай, Ақтөбе, БҚО, т.б.), екіншісі техникалық қауіпсіздікті сақтамағандықтан (Атырау, т.б. бөгет жарылуы, судың ойға қарқындап түсуі). Қардың қалың түсіп, жер тоңы жібімей тұрып еритінін бір, жарты жыл бұрын болжайтын халықтық астрономиялық білімді есепшілер мен жұлдызшылар қазір қазақ жерінде жоқтың қасы. Қазақ жерінде дәстүрлі жұлдызшының соңғы тұяғының бірі Қожамсейіт аға еді, оның да өткеніне біраз жыл болып қалды.

19 ғасырдан бастап облыстар құрылып, облыстар уезд, болыстық, ауылдарға бөлінді. Жайлаулық жерлерге қаусыра бекініс, қалалар салынып, тұрақты ауылдар түсе бастады. Су алған Қостанай, Торғай, Ақтөбе өңірлеріндегі өзен аңғарлары тарихи дәуірлерде жайлаулық жерлер болатын. Тарихи дәуірлерде қар қалың жауып, көктемде қар ерте еріп, жердің тоңы жібіп үлгірмей қар суы жерді шайып ағатын кезде қазақ көктеуде отыратын. Қыста сайда, ықтасын жерде, көктеуде мал аяғының ширауына ыңғайлы жазықтық, құмдауыт жерде отырған. Шығыстағы тау етегінде 2 метрлік қар астында қалатын ауыл орны да тарихи заманда жайлаулық жер болған.

Сырдарияның оң жақ бетіндегі Қызылқұм құмдарындағы құм адырлар арасындағы сайда қыстаған қазақтар Сырдарияның мұзы сеңілмей тұрып, мұз үстімен Сырдарияның оң жағынан сол жағында көктеуге 1-ші наурыздан-ақ көшіп алған. Көктем ерте түсіп, мұз ерте сеңетін жылы ақпанның соңында көктеуге көшіп кеткен. Сырдарияның суы арнасынан тасып, Қорқыт Ата қорымын, Қорқыттың кесенесімен қосып су шайын кеткенде қазақ мал-жанымен Құрақұм, Арысқұм, Дариялықтақыр жаққа алдын ала өтіп кеткен.

Қыстауға қар қалың түскен жылы, көктемнің ерте келетін күн райын болжау арқылы сезсе, көктеуге ерте көшіп кеткен. Маңғыстау, Атырау қазақтары Доңызтау, Солтүстік Үстірт үстінде, Тасқабақ, Бесбай, Ащыайрық, Тұщыайрық, Тасастау, Қайнар, Изенағаш, Ақсай, Жылыбұлақ басында көктеуде отыратын. Ертеде Елек, Сарықобда, Қарақобда, Жайық көктемде арнасынан тасығанда халық әлі көктеуде еді, бұл жерге жайлауға келетін.

Заман бір орында тұрмайды, отырықшы ауылдар, урбанизация дамыды. Қар суының табиғи жиналатын ойпаттары мен табиғи жыралар үстінен де тұрақты қоныстар түсті, қара жол үстінен тас жолдар түсті. Инновация, техниканың дамуы дәстүрлі астрономиялық білімді тежегені рас, бірақ одан да қашу мүмкін емес. Табиғат апатын да тоқтату мүмкін емес. Ғылым дамыды десек те, қалың қарды кезең, кезеңмен ерітеміз деп, "мұзтау" жасап отыру мүмкін бе? Әттең, бөгет жарылуының алдын алу мүмкін еді, енді кеш.

Бұрынғыдай төбесі шатырланбаған тоқалтамда отыратын заман емес, шатырлап қойған төбеге бірін-бірі сүйреп, өрмелеп шыққан қазағымның жүрегі мықты екен!

Tattigul Kartaeva

 

 

 

 

 

Пікірлер