Су тасқынына байланысты соңғы қоңырау форматы өзгереді

1076
Adyrna.kz Telegram

Биыл Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау салтанаты болмайды. Оның орнына барлық мектепте оқу жылының аяқталуына арналған бірыңғай сынып сағаты өтеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдемесіне сілтеп.

Ведомство жариялаған мәліметке сүйенсек, 2023-2024 оқу жылын 3,8 млн-нан астам қазақстандық оқушы аяқтайды, оның 186 мыңы – мектеп түлектері. Биылғы оқу жылының ұзақтығы 34 аптаны құрайды, оқу 25 мамырда аяқталады.

«Су тасқынынан орын алған жағдайға және 25 мамырдың демалыс күніне  сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектептерде сабақта 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Онда сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайды. Су тасқыны болған өңірлердегі сабақ қашықтықтан ұйымдастырылған балалар үшін сынып сағаттары онлайн форматта болады» – деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Құрманбекова.

11 (12) сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 19-22 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихандар аяқталғаннан кейін өтеді. Бұдан бөлек министрлік өкілдері 9-11-сынып түлектерінің қауіпсіздігін және емтихандарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында ақша жинауға, салтанатты іс-шаралар, банкеттер ұйымдастыруға және автомобильдермен шығуға тыйым салынатанын ескертті.

Пікірлер