“Қолымнан келетіні – білім алу”. Алматыдағы ауған қызының арманы

2530
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда білім алған Шамиса Расули өз елінің қазіргі жағдайы мен болашағына қатысты өз ойымен бөлісті. Ол қолынан келсе, еліндегі жағдайды өзгертуға тырысатынын айта келіп, ой-арманынан хабардар етті.

«Қыздары білімсіз елдің аспаны мәңгі қараңғы». Мұны айтқан –  белгілі ауған жазушысы Халед Хоссейни. Оның ауған қасіретін бейнелеген үш кітабы әлемге танымал. Еңбектеріндегі Ауғанстан өмірі, тұрмыс-тіршілігі мен тәліптер кезіндегі ауған әйелдерінің қайғы-қасіреті мен мұңы әлем жұртшылығын алаңдатпай қоймады. 2001 жылы тәліптер биліктен кеткен соң ауған әйелдерінің қара бұлт төнген аспанына күн шыққан еді. Алайда, тура 20 жылдан кейін сол қара бұлт қайта оралды. Ауғанстанда әйелдерді қоғам өміріне араластырмай, білім алуына тыйым салды. Билікке келгеніне үш жыл болса да ауған қыздарының құқығын жыл сайын шектей берді. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы Қазақстанда білім алып жатқан ауған қызы Шамиса Расулиден сұрап білді.

Айта кетейік, үш жыл бұрын "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған) Батыс қолдап келген ауған үкіметін құлатып, билікке келді. Содан бері тәліптер билігін күшейтіп, елдегі оппозицияны басып-жаншыды, әйелдер құқығы мен сөз бостандығына шектеу қойды, талаптарға қарсы шыққан журналистер мен құқық қорғаушыларды түрмеге қамап, соққыға жықты.

Талибан қыздардың білім алуына қатысты 20-дан астам жазбаша және ауызша жарлықтарды жүзеге асырды. Әрбір жарлықтың барған сайын шектеулері артты. Қыздардың орта білім алуына, жоғары оқу орындарына түсуіне және университеттің әйел оқытушылары кампуста ер адамдармен қарым-қатынас жасауына жол бермеу үшін қатаң шектеулер қойды. Білімге құштар қыздар елден қашып, шетел асуға мәжбүр болды. 

Солардың бірі - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің екінші курс студенті, ауған қызы Шамиса Расули. Ол ағасымен Ауғанстаннан Иранға өтіп, 2022 жылы өзі Қазақстанға білім алуға келген.

 “АУҒАН ҚЫЗДАРЫ БІЛІМГЕ ҚҰШТАР”

 - Мен Қазақсанда білім алу үшін ағамды мәжбүрлеп, бірге Иранға өтуге көндірдім. Басқа жол болмады. Өйткені, тәліптер әйел адамды махрамсыз (әкесі, ағасы, күйеуі) шет елге шығармайды. Шекарада ұзақ тексерістен өтіп, Иранға келген соң, басты мақсатым Қазақстанда жоғары білім алу болды. Міне, қазір сол мақсатыма жеттім, - дейді Шамиса Расули.

Ол өзі осында болғанымен артта қалған жанұясына алаңдайды. 

 - Қазір отбасым Ауғанстанда. Олар үшін үнемі алаңдаймын. Анам мен сіңілім үшін шектеулер өте көп. Сіңілім мектепке бара алмайды. 10 сыныпта оқып жүргенде тәліптер келіп тыйым салды. Сондықтан оқуын жалғастыра алмай қалды. Ауған қыздары білімге құштар, көбі оқығысы келеді. Бірақ мүмкіндік жоқ және мен секілді бәрінің жолы бола бермейді, - дейді ол.

Шамиса елдегі жағдай бұрын да аса жақсарып кетпегенімен, салыстырмалы түрде оңтайлы болғанын айтады. 

 - Тәліптер келмей тұрып жағдай жақсы еді. Қыздардың толықтай болмаса да, құқығы бар еді. Қазір бәрі басқа, - дейді Шамиса Расули.

БҰРЫН ҚАНДАЙ ЕДІ?

Ауғанстанда Талибан 1996-2001 жылдар арасында билікте болған. Сол кезде әйелдерге тыйым көбейіп, олар қоғам өміріне араласпайтын. Кейін 2001 жылы биліктен кеткен соң,  Ауғанстанның білім саласындағы жетістіктері біртіндеп жоғарылай берген еді. Тәліптер бақылауындағы аймақтарды қоспағанда басқа 34 провинцияның барлық білім деңгейі қыздарға қол жетімді болды.

USIP (Америка құрама штататрының бейбітшілік институты) мәліметінше, 2002-2021 жылдар аралығында 1-12 сыныптарға 3 816 793 қыз қабылданған. Ауғанстан Білім министрлігінің 2020-2021 жылдарға арналған жылдық есебіне сәйкес, 18 765 мемлекеттік және жеке мектеп жұмыс істеп тұрған. Сондай-ақ Ауғанстанда 200 000-нан астам мұғалім, оның ішінде 80 554 әйел болды. 2020 жылы 100 000-нан астам ауғандық әйелдер мемлекеттік немесе жекеменшік университеттерге оқуға түсті және 2019 жылғы мәліметтер бойынша жоғары оқу орындарында 2 439 әйел оқытушы болған.

Талибан билікке келгенге дейін Ауғанстан парламентінде 63 әйел болды, тоғызы министр немесе вице-министр деңгейіндегі қызметтерді атқарды. Ауғанстанның сот жүйесінде 280 әйел судья және 500-ден астам прокурор болды. 2000-нан астам әйелдердің шағын және орта бизнесі болған.

Бұл Ауғанстанның дәстүрлі патриархалдық қоғамында әйелдердің маңызды рөл атқара бастағанын көрсететін еді.  Алайда Талибан келген соң олар адам құқығын сақтау, әйелдердің білім алуына қатысты уәделерін орындамай, керісінше сипат өріс алды.

АРТЫҚШЫЛЫҚ АТЫМЕН ЖАСАЛҒАН КЕМШІЛІК

 - Ауғанстандағы жағдай күрделі. Билікке қайта оралған Талибан “қатаң ислам заңдарын” түсіндіру негізінде әйелдердің құқықтарына шектеулер енгізді. Бұл шектеулердің нақты себептері Талибанның діни принциптерді консервативті түсіндіруіне негізделген. Олар дінді жамылып, қараңғы шұңқыр қазуда. Әйел құқығын шектеп қана қоймай, ел болашағына зиян келтірмек. Білімді әйелдер болмаса, білімді балалар болмайды емес пе? – дедйі Шамиса Расули.

 - Ауғанстандағы имандылықты насихаттау және азғындықтардың алдын алу министрлігі мен білім министрлігі мұғалімдерге діни тест тапсырта бастады. Бұл сынақтар тәліптер үшін білімді және тәжірибелі мұғалімдерді жұмыстан шығарып, олардың орнына ресми білімі жоқ немесе тәжірибесі жоқ, көпшілігі тек медреселерде білім алған мұғалімдерді ауыстыру механизмі ретінде қарастырылған. Талибандар сонымен қатар діни сынақтан өткен мұғалімдерге қарапайым сыйақы қарастырып, жалақысын да көтермек. Ал діни сынақтан өтпеген мұғалімдер, жұмыссыз қалды. Киім үлгісі өздеріңіз білетіндей, ашық түсті киімге тыйым салынған. Елдің кей аймағында мұғалімдерге сабақ беру кезінде тіпті сынып ішінде беттерін жабуға бұйрық берілді, - дейді ауғанстандық студент Шамиса Расули.

Шамиса отбасын қатты сағынғанын, дегенмен, еліне қайта орала алмайтынын айтты. 

ҚАЙТА ЕЛІМЕ ОРАЛА АЛМАЙМЫН”

 - Мен қайта еліме орала алмаймын. Біріншіден, елге махрамсыз қайту қиын. Екіншіден, болашағым үшін алаңдаймын. Барғанда журналист болып жұмыс істей аламын ба? Мұны да білмеймін. Үшіншіден, отбасымның тұрмысы мен қауіпсіздік жағдайы нашар. Мұның барлығы –маған қысым, - дейді ауғандық жас.

- Елде жағдай жақсарып, журналистерге мүмкіндік артпайынша, елге оралу ойымда да жоқ. Қазақстандағы оқуды бітірген соң, Еуропа елдеріне магистратураға түскім келеді, - дейді Шамиса.

Арманы көп 22 жастағы Шамиса мүмкіндігі болса, Ауғанстандағы біраз нәрсені өзгерткісі келеді. 

 - Мен ауған қыздары үшін алаңдаймын. Олар өздерінің мақсатсыз және белгісіз өмір сүріп жатқанына қапалы. Оған көнуге мәжбүр. Менің мүмкіндігім болса, елімде көп нәрсені өзгертер едім. Алдымен, бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатқым келеді. Қақтығыстардан шаршаған халық Ауғанстан тұрақты бейбіт ел болғанын қалайды. Екінші, адам құқығын жақсы дәрежеге жеткізер едім. Әсіресе, әйел құқығы. Олар тең дәрежеде қоғамға араласуы керек. Білімге, денсаулық сақтауға тең құқығы болуы қажет. Үшінші, әрине, білімге қолжетімділік, сапасының артуын негізге алуға ұмтылар ем. Төртінші, елдің экономикалық дамуына күш салар едім. Бесінші,  саяси реформалар. Үкіметті жауапты басқаруға, ашықтыққа ұмтылуға шақырар едім. Ал менің қазіргі қолымнан келетіні –тек білім алу, - дейді Шамиса Расули. 

1994 жылы құрылған Талибан қозғалысы 2021 жылы Ауғанстан билігіне келіп, құзырын жүргізіп отыр. Алайда Талибанның билікке келер кездегі адам құқығын сақтау және әйелдердің білім алуын қаматамсыз ету уәдесін әзірге орындамай отырғаны жиі сыналады. Талибат атауы астындағы әкімшілікке қарайтындардың өзара әртүрлі топтан құралғаны айтылады. 

Дана Нұрмұханбет,

”Адырна” ұлттық порталы










Пікірлер