Арыс: Үкіметті сотқа беруден басқа амал жоқ

5710
Adyrna.kz Telegram

Біз - Нұргелді Әбдіғани (abai.kz), Өмірзақ Ақжігіт (qazaquni.kz) және мен - Алматыға арнайы келіп арыз-шағым айтып, бізді Арысқа шақырған Ұбайдолла, Өмірзақ ақсақалдардың өтінішімен арыстық ағайындардың жағдайын көзбен көруге барғанымызды білесіздер. Менің осында фейсбук парақшамдағы тікелей эфирдегі соңғы оншақты видеоның бәрі де сол Арыстағы ағайынның жағдайы туралы болды...
Үкімет жетекшісі Асқар Мәмин мен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 1 тамызға дейін Арыстағы қираған үйлер мен ғимараттардың 90% қалпына келтірілді деп есеп берген еді. Бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны, керісінше жұмыстың 90% бітпегені айтылып, халық наразылығы туындап отыр. Арыстағы жағдайды Алматыға келіп, журналистерге ашық жеткізгені үшін Убайдулла Сүйінбай деген зейнеткерге аудандық полиция бөлімінің басшылығы хабарласып, қоқан-лоққы көрсеткен, арнайы шақырту қағазын бермей, тек телефон арқылы сес көрсеткен. Айтылған деректердің рас-өтірігіне көз жеткізу үшін біз Алматыдан Арысқа арнайы барып, әлеуметтік желі арқылы хабар тараттық. Екі күнде, шамамен, 70-тен астам үйді аралап, өз көзімізбен көрдік. "Біздің де үйге жүріңізші, біздің үйді түсіріңізші" деп соңымыздан "қуып" келіп, "жетектегендей" боп өз үйлеріне ертіп барған адамдар бар, біз физикалық тұрғыда барып үлгермеген қаншама адам бар... Бүгінде біз барып үйлерін көріп үлгермеген арыстық ағайындардың көпшілігі өз үйлерін видеоға түсіріп, ватсап арқылы жолдап жатыр. Әрине, бір постта бәрін қамтуды мақсат етіп отырған жоқпын, ол мүмкін де емес. Алайда барлық арыз иелерінің айтар шағымы да, мұң-зары да, үйлерінің жағдайы да бір-біріне ұқсас, бірдей картина десек, қателеспейміз. Ең алдымен байқағанымыз - Арыстағы үйлердің шатырының бәрі біркелкі қызыл, жасыл, сұр түсті профнастилмен жабылған. Арысқа бармай тұрып, ол туралы есептік видеодан да көрген едік. Көріп, Арыстың 90 пайыз қалыпқа келтірілгеніне көзіміз сенген еді. Сөйтсек, ол көзбояу үшін - қала үстінен тікұшақпен көрсеткенде немесе видеоға түсіріп, халыққа көрсету үшін бірінші кезекте шатырлар жаңартылғанын түсіндік. Шатырдың астындағы жағдай мүлде біз ойлағандай емес.
Әрине, жарылыстан аса зардап шекпеген, онша қатты залал келмеген, тек есік-терезелері, шатыры қираған үйлер де жеткілікті еді. Негізінен, аса күрделі жөндеуді қажет етпейтін, әсіресе орталық көшелердегі үйлерді азын-аулақ қаржымен "сылап-сипағаны" көрініп тұр. Біздің айтпағымыз, қираған және қабырғалары ырсиып сөгіліп, қақырап, құлайын деп тұрған үйлер...
Арыс бойынша 17 сектор болса, әр секторға орта есеппен 400-500 үйді қалпына келтіру міндеттелген.
Бізді арнайы шақырған, арыз-шағымын арқалап келген - Ұбайдолла, Өмірзақ аталар 14 сектордан болғандықтан, жұмысымызды сол сектордан бастадық. Бұл сектордың құрылысына Алматы қаласы жауапты. Бұл сектордың жұмысын тұрғындар нөлге бағалап отыр десек, артық айтқандық емес. Одан басқа, 1, 4, 9, 15 секторлардағы кейбір үйлерді көзімізбен көрудің сәті түсті.
1 секторға жауапты Атырау облысы және Жетісай аудандық әкімдігінің құрылыс жұмыстарын ұйымдастыруына да, атқарылған жұмыстарына да көңіл толарлықтай.
4 және 9 сектор - Нұрсұлтан қаласы мен Павлодар облысының жұмыстарына халық наразы.
Кейіпкерлердің сөзіне, көзімізбен көрген деректерге назар аударсақ: (әзірше 5-6 адамның сөзін қағазға түсіру мүмкін болды... Нұргелдінің таблицасы дайын болғанда, қосымша жариялауға уәде береміз):

1. Бірінші топтағы мүгедек Мұса Шоқанов: 11х12 үйім болған. 2007-де тұрғызғанмын. Жарылыстан қабырғалары 6 см ашылып кетті. Арнайы комиссия келіп, қабырғаларды күшейтеміз (темірмен құрсаулаймыз) деді. Кейін әкім Марат Қадырбаев, сарапшы комиссияның шешімімен үйді қиратуға шешім қабылдап, үй бұзылды. Содан бері әлі құрылыс басталмады. Алматыдан келіп, тексерген төрт бес рет сарапшы маманның ешқайсысы қорытынды қағаз бермей отыр. Үйдің жобасын сызып беретін адам жоқ, оны өзің сызып әкел дейді. Үйдің бұзылғанын растайтын құжатты бермей отыр. Ауламнан екі снаряд шықты. Далада жатқан дүние-мүлкім жарамсыз болып қалды, оның өтемақысын бере ме, жоқ па білмеймін. Әкем де бірінші топтағы мүгедек. Қазір Шымкентте пәтер жалдап тұрамыз. Арыстағы жарылысқа байланысты моральдық шығын ретінде әр тұрғынға 100 мың теңгеден беріледі деген. Осы үйде он адам тіркелгенбіз. Бірақ қалай екені белгісіз, үйдегі 5 адамды басқа аудандарда тұрады деп тіркетіп жіберіпті. Ақша бермеудің амалы. Былайша айтқанда, адамның сыртынан жалған құжат жасаған. Жарылыс кезінде қараусыз қалған 3 қой мен 2 ешкім өліп қалды. Олардың да құнын кімнен сұрарымды білмеймін. Қора-жайларды қалпына келтірмейміз, үйіңді істегенімізге риза бол дейді. Бірақ әлі үйдің іргетасы да құйылған жоқ. Маған сол үйді салуға кететін шығынды ақшалай берсе, өзім-ақ үйімді салып алар едім...

2. Әуелхан Назарқасымұлы: Жоғарыдан қарағанда біркелкі, әдемі боп көрінуі үшін үйлердің тек шатырын жөндеп жатыр. Премьер министр Асқар Мәмин келеді, ешкіммен жолықпайды, мұғалімдермен ғана кездеседі. Мұғалімдер бәрі жақсы, әдемі, үкіметке рахмет дегеннен басқа не айтады. Премьер келгенде көліктерді тоқтатып басқа жаққа жасырады, кездесем деген адамдарды үйлеріне қамап, шығармайды. Басшылар қалай келді, солай кетіп жатыр. Осыны көріп отырған халық көтерілуге шақ қалып тұр. Үйі қираған күйеуі жоқ, алты баланың анасы далада жүр. Маған сен көп шулай берме, үйіңді істемей қоямыз дейді.

3. Убайдулла Сүйінбай: Арыс халқының жағдайы мәз емес. Мемлекеттік ақпарат құралдары беріп жатқан ақпараттар өтірік. Асқар Мәмин Арысқа үш рет келді. Халықпен бір де бір рет кездескен жоқ. Вице премьер Жеңіс Қасымбек те келді. Олар халыққа жақындамайды, ештеңе түсіндірмейді. Шөкеев 4 маусымда Ергөбек мәдениет үйінде халықпен кездесіп, бір айда бәрін бітіріп береміз деген. Қазір 14-ші сектордағы 527 үйден 100-і ғана біткен. Тыныш жатқан ел едік. Мен екі қабатты үй салып бер деп жатқан жоқпын. Менің үйімді әлі бастаған жоқ. Ал бастаған үйлердің шатырын ашып тастап, әлі кіріспей отыр. Біздің секторға жауапты Алматы әкімдігі, құрылыс бөлімінің бастығы Нұрбол Нұрсағатов келіп өздерің жөндей беріңдер деп айтқан. Күн бізде қатты ыстық болып жатыр. Есік тереземіз ашық, үйдің шатыры жоқ болса да сол ыстыққа шыдап отырмыз. Құрылысшы мамандар 14 сектордан жұмысы жақсы ұйымдастырылған басқа секторларға кетіп қалып жатыр. Жұмыс күші жетіспейді. Менің Алматы мен Астанада үйім бар, бұзылған үйімді өзім істетіп алам, бірақ мәселе жағдайы жоқ халықта. Қостанай облысы жауапты секторда да жұмыс дұрыс жүріп жатқан жоқ. Шөкеев 4 шілдеден бері халықпен кездеспеді. Қалада жарылғыш заттар көп, әлі залалсыздандырып жатыр, сонда да елді қауіпсіз деп Арысқа алып келді.

4. Өмірзақ Әміреев: Үйімнің қабырғасы 4-6 см ажырап кеткендіктен бұзып, қайта саламыз деген. Кейін жамап-жасқауға болады деп шешім шығарды. Нұрбол Нұрсағатов келіп, ремонттай салайық, келіссеңізші деп көндіріп жүр.

5. Ералы Байгелиев: Ақшасын қолдарыңызға береміз дегесін өз үйіміздің шатырын өзіміз жаптық. 160 мың теңге беру керек еді, соның 50 мыңын ғана алдық. Басқа көршілер де келісілген ақшаларын ала алмай жүр.

Абзал Құспан - заңгер: көзбояушылық - мемлекеттік масштабта болып отыр. Бұзылып, сүріліп, қайтадан салынуы керек үйлерге, жеңіл жөндеу жұмыстары жеткілікті деп қайтадан шешім қабылдаған. Бұл үйлер о баста дұрыс салынбаған деген арнайы комиссяның шешімін басшылыққа алып отыр. Бұл кінәні тұрғындардың өзіне арту үшін жасалған айла. Жарылған қабырғалардан дала көрініп тұр. Ал комиссия үлкен тесіктерді жасырып, шағын ғана жарқыншақтарды көрсеткен. Арыс қаласындағы 66 әлеуметтік нысанның 62-сі қираған. Мұндай әлеуметтік нысандар құрылыс нормалары мен стандарттарына сай салынады. Соның өзінде талапқа сай деген ғимараттардың 95% қирап тұр. Мықты ғимараттың өзіне үлкен зақым келгенде, саманнан салынған қарапайым үйлер туралы не айтуға болады? Бұл үйлерге жеңіл-желпі жөндеудің керегі жоқ. Зақым келген үйлер сүріліп, қайтадан салынуы керек. Азаматтық заңнама талаптарына сәйкес, атап айтқанда, Азаматтық кодекстің 3 бөлімі (міндеттемелік құқық), 271 бабының талаптарына сәйкес, зиян келтіруші зиянның орнын толтыруы тиіс. Бұл жерде мемлекет кінәлі. Зиян келтіргенін өздері мойындады және қираған дүниелерді қалпына келтіруге, зиянның орнын толтыруға мінеттеме алды. Сөйте тұра, Түркістан облысының әкімі Шөкеев «қора, жай, сарай дегендерді біз салмаймыз, жөндемейміз, ол біздің міндетімізге кірмейді», - деп айтыпты. Кінәнің қасақана немесе әдейі жасалған деген екі формасы болады. Бұл абайсызда жасалған, салғырттық, оның ішінде қызметтік салғырттық салдарынан келтірілген залал, зиян. Бұл залалдың орнын мемлекет толтыруға міндетті. Осылай жалғаса берсе заңгерлердің басын қосып, үкіметті сотқа беруден басқа амал қалмайды. Онда билік халықаралық қауымдастық алдында үлкен масқараға ұшырайды.

 

 

Сәуле ӘБІЛДАХАНҚЫЗЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер