«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БОЙЫНША ӘЛІ 68 ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ

5557
Adyrna.kz Telegram

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында демеушілік көмек есебінен облыста 200-ден аса нысан пайдалануға берілді. Бұл туралы Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды adyrna.kz ұлттық порталының тілшісі.

Дауыл Ынтықбайұлының айтуынша, жыл басынан бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 80-ге тарта жоба жүзеге асырылған. Сондай-ақ ол жыл соңына дейін тағы да 68 жобаны іске асыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

– Биылғы жобалардың ең ауқымдысы әрі бірегейі ортағасырлық үлгідегі «Шахристан» мәдени кешені болмақ. Онда үлкен көрме залы, облыстық тарихи өлкетану музейі, Руханият орталығы сияқты нысандар бой көтереді. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарда. Нақтырақ айтсам, Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы кезінде пайдалануға беріледі, – дейді ол.

Жалпы жамбылдық кәсіпкерлер «Туған жер» жобасына белсенді атсалысып жатыр. Нақтырақ айтсақ, осы жобаның арқасында балабақша, спорт алаңдары мен медпункт сияқты бірқатар нысандар халық игілігіне пайдалануа берілді. Меценаттық қызметті тек кәсіпкерлер ғана емес, сонымен қатар спортшылар да жасап жатыр. Мәселен  Паралимпиада жеңімпазы Зүлфия Ғабидуллина Тараз қаласындағы мөлтек аудандардың біріне әмбебап спорт кешенін ашып берді.

– асыр Бастапқыда бірнеше әткеншек пен аулаға орындықтар ғана орнатқым келген. Кейін балаларға қарап жаным ашыды. Ойнайтын алаң жоқ.  Доп тепсе, маңайдағы көлікке тиеді. Айнала шаң-тозаң. Балалар – біздің болашағымыз. Олар спортпен тұрақты түрде шұғылданса деймін. Сондықтан да мен тапқан табысымның бір бөлігін балаларға жұмсауды жөн санадым, –дейді паралимпиада ойындарының жеңімпазы.

Шағын спорт алаңшасында әткеншектерден бөлек, ересектердің бір мезгіл таза ауада тынығуына жағдай жасалған.  Сондай-ақ, дойбы, шахмат ойындарына арналған үстелдер де бар.

Зүлфия Ғабидуллинаның ісін қала тұрғыны Гүлімхан Әбдірәсілқызы азаматтық деп бағалап отыр. Өйткені, ол мұндай қайрымды істі он екі мүшесі сау азаматтардың өзі жасай алмайтынын айтады. Сондықтан да Гүлімхан Әбдірәсілқызы чемпионға аула тұрғындары атынан рахмет айтып, денсаулығы мықты болуына тілектестігін жеткізді.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында көптеген спорт алаңшасы ашылып, онда балалар асыр-салып ойнап жүр. Мәселен жергілікті меценат Бектөбе ауылына 7 миллион теңгесінің спорт алаңшасын ашып берді. Жалпы бағдарлама қабылданғалы 3,9 миллиард теңгеге жуық қаражатқа 300-ден астам жоба жүзеге асырылған.

"Адырна"

ұлттық порталы

Пікірлер