Павлодар облысы әкімдігінде үш басқарма басшысы таныстырылды

2605
Adyrna.kz Telegram

 Облыстық әкімдікте өткен жиында жаңадан тағайындалған басшыларды аймақ басшысы Болат Бақауов таныстырды. Ақпараттық және қоғамдық даму басқармасы ішкі саясат, дін және жастар саясаты басқармаларын біріктіру арқылы құрылды. Сол сияқты мәдениет және тілдерді дамыту басқармаларын біріктіру туралы шешім қабылданған. Ақпараттық және қоғамдық даму басқармасын бұған дейін Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған Бауыржан Қапенов басқаратын болды. Айта кетейік, Бауыржан Қапенов бұған дейін 2011 жылдан бастап 2015 жылға дейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызмеітн атқарған. Ол 1963 жылы туған, екі жоғары білімі бар. 1985 жылы Павлодар педагогикалық институтын «Орта мектептің математика және физика мұғалімі» мамандығы бойынша, 1997 жылы Павлодар мемлекеттік университетінің экономика және инженеринг институтын экономика және менеджмент мамандығы бойынша бітірген.

Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов болды. Бұған дейін ол екі жыл ішкі саясат басқармасын басқарған. Ернұр Дәуенов 1988 жылы туған. 2009 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Археология және этнология бакалавры», 2012 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша, 2015 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын «Биология» мамандығы бойынша тәмамдаған. Гуманитарлық ғылым магистрі дәрежесі бар.

Ал, Аслан Урманов меритократия қағидаты бойынша осы қызметке Павлодар облысы бойынша мемлекеттік сатып алу басқармасы жұмысының мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы лауазымынан ауысып, мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ол 1981 жылы туған. 2002 жылы Алматы экономика және статистика институтын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша, ал 2007 жылы Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Пікірлер