Жамбылда латын әліпбиінен жатжазу шарасы өтті

3648
Adyrna.kz Telegram

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында еліміз 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшетіні тайға таңба басқандай жаылды. Сондықтан да қазіргі таңда латын әліпбиіне байланысты өңір-өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Мәселен Жамбыл облысы бойынша латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінде жалпыхалықтық диктант жазу акциясына 112 мыңнан аса адам қатысты. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен акция «Жаңа қазақ әліпбиі – рухани жаңғырудың бастауы» тақырыбына негізделді.

Шара латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиінің, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жобасының практикалық тұрғыда меңгерілуін жан-жақты қамту, нақтылай түсу, халықты бейімдеу мақсатында ұйымдастырылды.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медет Атенның айтуынша, латын әліпбиі бойынша Жамбылда кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бір дәлелі облыстың он ауданы мен Тараз қаласынан 112 мыңнан астам адам қатысқан жатжазу акциясы.

«Латын әліпбиінен диктант жазғандардың қатарында Тараз қаласы мен аудандарының мемлекеттік қызметкерлері, мәдениет, денсаулық сақтау, байланыс, қаржы, құқық қорғау, спорт, құрылыс, көлік, төтенше жағдай және тағы басқа салалардың, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері бар. Сондай-ақ шараға жоғары, арнаулы орта оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, 15 жастан асқан мектеп оқушылар белсенді қатысты. Қатысушылар бір мезетте белгіленген тақырып аясында диктант жазды. Қатысушылар халықпен тікелей жұмыс істейтін қызметкерлер болғандықтан латын қарпін олардың бірінші кезекте меңгеруі маңызды. Ұйымдастырушылар, латынша диктант жазуға келгендер заман талабына сай білімді болу керек деп ойлаймын. Бұл – өзіміздің бастамамыздан туындаған облыстық шара», – дейді Медет Атен.

Жалпыхалықтық барлық аудандар мен облыс орталығында бір мезетте өткізілді. Медет Атенның айтуынша, алдағы уақытта аталған акция жалғасын табатын болады.

Еліміз үшін латын әліпбиіне көшу өте маңызды шаруа. Сондықтан да билік латын әліпбиге көшуге айрықша назар аударып отыр. Мәселен 2020 жылдан бастап мектептердің даярлық сыныптары латын әліпбиінде білім ала бастайды. 2021 жылы 1 сынып, 2022 жылы 2 сынып, 2023 жылы 3 сынып, 2024 жылы 4 сынып және 2025 жылы барлық сыныптар латын әліпбиінде оқиды.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

 

Пікірлер