Жәрдемақы жыры:  «Үйге теледидар алуға қорқып отырмыз»,-дейді көп балалы аналар

5180
Adyrna.kz Telegram

Биылғы 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап,  елімізде аз қамтылған отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сол-ақ екен, көп балалы аналар «Үкімет бізді қанатының астына ала бастады, тұрмысымызға мән кіреді» деп үміттенгені де рас. Дегенмен арада үш ай өтпей жатып, бұл бастамадан ши шықты.

Еліміздегі жұмыспен қамту орталықтарының мәліметінше, АӘК-ті заңсыз алып келгендердің бары расталған.  Мысалы, Алматы қалалық Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары, Диляра Иманқұлованың айтуынша, бүгінге дейін Алматыда АӘК алып отырған 3784 отбасы тексеріліп, олардың ішінде 299-ы бұл санатқа жатпайтыны белгілі болған. 

«Олардың баспаналары бар,  қымбат көліктері, тіпті дүкендері де бар болып шықты. Бұл отбасылар құжат тапсырған кезде табыстарын жасырып қалған. Артынша олардың бұл әрекеті ашылып қалды. Қазір 53 отбасы өз еріктерімен қазынадан алған қаржыларын қайтарды»,-дейді Диляра Иманқұлова. 

Міне, осылайша арнайы тексеру барысында жағдайы бар, зәулім үйлері  тіпті дөңгелетіп отырған кәсібі бар отбасылардың да бұл көмекті алып келгені мәлім болды. 

Бір ғана Алматыда емес, республикамыздың біршама аймақтарында қазір осындай тексерулер қызу жүріп жатыр. Осыдан болар, біршама көп балалы аналар «үйімізге қашан тексеру келеді деп қорқып отыратын болдық»,- дейді. 

Мәселен, Алматы облысы, Байсерке ауылының тұрғыны төрт баланың анасы Гүлнияз Бердіқұлованың айтуынша,  ауылдағы біршама отбасылар тексерістен қорқып үйіне қажетті тұрмыстық заттарды ала алмай отыр. Оның ішінде кейіпкеріміздің өзі де бар. 

«Көрші ауылдағы таныстарымыз «тексеріс келіп, үйдегі кілем, теледидарға дейін есепке алды» дейді. Содан үйімізге теледидар алайық десек, қорқып отырмыз.  4 балаға 84 мың теңгедей жәрдемақы түседі. Шынтуайтында оны бір айға тамаққа үнемдеп жеткіземіз. Ал отағасы арасында жалданып жұмыс істеп, табыс табады. Біреудің сылағын жасайды. Енді біреудің темірін дәнекерлейді. Сөйтіп жүріп балаларымызды киіндіреміз. Тіпті сол қосымша табыс көзін  есептейтіні туралы да айтылып қалады. Сонда осы үкіметтің берген азын-аулақ ақшасы бізге жетпейді ғой. Әйеуір бір жыртығымызға жамау болғаны рас. Бірақ 84 мың теңгені төрт балаға жеткізу қиын»,-дейді Гүлнияз Бердіқұлова. 

Жалпы, АӘК-ке қатысты келтіре берсек мысал көп. Бір білеріміз, осы жәрдемақыны алып отырған аналардың  расыменде тексерістен үркіп қалғаны шындық. Оған себеп, біздегі бюрократиялық шешімдердің шамадан тыс көптігі екенін мамандар да алға тартып отыр.  

Бұл ретте «Аналитик» талдау орталығының сарапшы маманы Тоғжан Шаяхметова былай дейді: 

«Біз таяуда зерттеу жүргіздік. Сонда аңғарғанымыз,  үйде жұмыс істемей отырған әйелдердің 76,0 пайызы болашағына қатты алаңдайды. Себебі оларды елдегі әлеуметтік жағдайлар толғандырады. Олар елдегі әлеуметтік төлемдердің көңілден шықпайтынын, оны рәсімдеудегі құжат жинаудың қиындығын, әр балаға төленетін жәрдемақы көлемінің мардымсыздығын сөз еткен. Мұны мен де қоштар едім. Мен Германия, Голландия елдерінде болдым. Аталмыш елдерде әйел адамның  екі баласы бар ма, ол әйел жұмыссыз ба, мемлекеттік органдар дереу оған жәрдемақы рәсімдейді. Бала күтіміне байланысты ол елдерде әйелдерге арнайы жалақы төленеді. Жапонияның «Бала капиталы» атты арнайы бағдарлама қабылдап жаңа туған балаға мемлекеттің арнайы капитал салуы, Корей еліндегі «Бала ресурсы» бағдарламалары бізге сабақ болатын дүние. Әттеген-айы біздің атқарушы биліктің мұндай үрдістерді ескере бермейтіндігі. Біз әр балаға 21 мың теңге тағайындап, оның өзін асқан бюрократиялық тексерістеден өткізіп, қаншама құжат жинату арқылы беріп жатырмыз. Аналардың сол тексеруден қорқып үйлеріне қажетті зат ала алмауы, бұл нені аңғартады?! Бұл елдің тұрмысын түзеуге емес, керісінше, елді «жарымай кедей болып  отыр» дегенге үндейді емес пе?! Сондықтан болашақта бұған қатысты сауаттырақ бағыттарды қолдану керек деп ойлаймын» дейді. 

Маманның пайымынша,  өзі оқып білім алған, Германия мен Голландия елдерінде бала бағып үйінде отырған әйелдерге баланың санына қарай 900-1200 евро көлемінде мемлекеттік жалақы төленеді. Бұған қоса ол елдерде үш баласы бар аналар  қоғамдық көліктерде тегін жүре алады. Сондай-ақ олар коммуналдық төлемақының 50 пайызын ғана төлейді.  

«Бұл елдерде көп балалы отбасыларға арналған арнайы мемлекеттік әлеуметтік дүкендер желісі бар.  Ол дүкендерден аналар арнайы жеңілдік картасы арқылы сауда жасайды. Азық-түлік, киім-кешек алады. Өзге елдердің көп балалы аналарына деген құрметі ерекше. Ал бізде айналдырған 21 мың  теңгені сан-саққа жүгіртіп әрең береді. Айналып келгенде жоғарыда жұмсақ креслода отырғандардың өзі сол 21 мың теңгені бір ай түгілі бір аптаға да жеткізе алмайды ғой»,-дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова. 

Қарлығаш Зарыққанқызы 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер