Аттила, Аквилеяның алынуы және тағдырлы ләйлек құс 

4629
Adyrna.kz Telegram

«Қаздар Римді құтқарып қалған» деген әфсана баршаға белгілі. Бұл туралы тарихшылар заманымыздың басынан бері айтып та, жазып та, түрлі дау-шар тақырыбы етіп келеді. Сол аңыздың желісіне сүйенсек, қатты ысылдап галдардың шабуылынан хабар беріп, Римді құтқарып қалған құстардың кейінгі буындары осы қызметтері үшін жыл сайын марапатталып отырған көрінеді. 

Ал енді заманында Римнің басты қорған қаласы болған Аквилеяның құлауына, сөйтіп Аттила - Еділ ордасының Рим түбіне келуіне, кейіннен оның күйреуіне тікелей болмаса да, жанама түрде ләйлек құсы себепші болды десек, сенер ме едіңіз? Ең қызығы, бұл құсты халқымыз әлі күнге өзіне басқа құстардан жақын, тілеулес, жақтас санайды. 

 

Бәрін басынан бастасақ... 

Б.з. 451 жылы Каталун даласында болып өткен ұлы шайқаста Аттила - Еділдің ғұндары мен вассалдары және Рим-франк одағы бір-бірін ала алмай, шешуші соғыс кейінге қалдырылды. Қаған өз ордасын Дунай алқабына қарай алып кетіп, соңғы ұрыста кемшін түскен тұстарды зерттеп зерделеп, әскерін қайта құра бастайды. Ол далалықтардың жүздеген жылдар бойы әбден қалыптасқан соғысу мәнерін енді жаңа жағдайға бейімдеп, сауыт-сайманын ыңғайластырып, қаруын қайрады. Жаяу әскер мен қала алатын сақпаншылар қосындары пайда болып, стратегия мен тактикасы римдік легиондардан асып түсетіндей жүйеге келтірілді. Ең бастысы, Паннониядағы ел астанасының қорғанысы бекітіліп, бұдан былай жеңілген жағдайда шегіне соғысумен сипатталатын көшпенді әскери доктрина да күшін жойды. Дәл осы шақта, яғни, б.з. 452 жылы «Рим мен Парсы патшалығы одақ құрып жатыр» деген сыбыс келіп, асығыс түрде қаған өз аламанымен Италия шекарасына кірді. Басында Рим императоры Валентиниан мен оның әкімшілігі ғұндарды көзге ілмей, солтүстіктегі қорғаныс қамалдарына сенім артты. Алайда, олар реорганизациядан өткен әскердің бір қамалдан бір қамалға дейінгі жеңімпаз маршының шарасыз куәгерлеріне айналды. Бәрінен де олардың үмітін үкілеген қорғаны мығым қала – Аквилея қаласы болатын. Егер ғұн сыпайлары оны алса, алдарынан тоқтатар күш шықпас еді. Ала алмаса, күші сарқылып кері қайтар еді. Қысқаша айтқанда, оның рухтық-символдық та мәні болды. Дәл осыған ұқсас тарихи жағдай кейіннен немістердің Сталинград түбіндегі күресінде қайталанды деуге болады. Алайда, бұған қатысты да Тәңірінің өз қалауы, тағдыр-фортунаның өз жоспары бар-тын.

 

Адам түсінігінен тысқары болған белгі

Ағылшын зерттеушісі Уэсс Робертс «Leadership Secrets of Attila the Hun» (Ғұн Еділдің көшбасшылық сырлары) атты кітабында бұл оқиға туралы былай деп егжей-тегжейлі жазады: «Аквилея адамдарға ерекше әсер қалдыратын. Биік белесте орын тепкен, су бөгеттерімен қоршалған, биік, қалың қабырғалары бар, қақпасы берік қала Италияның бекінісі болды. Қала жаугершіліктің не екенін білетін. Аквилея қаласының халқы көптеген жылдар бойы герман тайпаларынан және азиялық жорықшылардан сәтті қорғанып келді. Қаланың ішінде ұрысқа дайын сарбаздар болды. Тамақ пен азық-түлік қоры да ұзақ уақыт қоршауда қалған кезде де жеткілікті болатындай мол еді. Адамдар сауда мен ауылшаруашылықтан түскен қазыналарын соңғы демдері шыққанша қорғауға әзір болатын. Соған қарамастан Аквилея халқы ғұндардың шабулына дайын емес еді. Ғұндар жолындағы талай қалалар мен елді мекендерді жермен-жексен етіп, үлкен қорқыныш ұялатты. Аламан көп еді. Олар тасқын сияқты жолындағыларының бәрін жайпап отырды. Қатарынан екі қаланы тез басып алған ғұндар Аквилияны да қоршауға алуға асықты. Бірақ әскердің азық-түлік қоры тез таусылып қалды. Ордалықтардан маза кете бастады. Олар Италия жерін әрі қарай жаулап алмақшы еді. Алайда Еділ үшін Аквилияны жаулап алудың үлкен тактикалық мәні бар еді. Өйткені, ол империяны құлатқысы келген. Әскердің көңіл-күйі түсе бастады. Көсемдер Еділдің бұл қимылын құптамады. Мініс жылқылар желініп, тамақ күннен күнге таусыла берді. Ғұндар әскері әлсірей бастады. Алайда, бұл бұрынғы ордалықтар емес еді. Еділ олардың қанға сіңген көп әдеттерін өзгерткен еді. Қазір олар 40 жыл бойы елдің шашауын шығармай ұстап отырған патшаның артынан еретін тәртіпке бағынған әскер болатын. Кешке Еділ барлық сардарларды жинап алды. Ол Аквилияны алудың тым қымбатқа түскелі отырғанын жеткізіп, таңертеңгісін маневр жасап, қаланы айналып өтетінін айтты. Таң шапағымен әскер маршқа әзірленуі керек» дейді.   

Алайда, зерттеушінің жазуынша, келесі күні тағы бір сәті келгенде жаулап алармын деген үмітпен қалаға соңғы рет көз тастаған Еділ қаладан ұшып шыққан ләйлекті көреді. Оның артынан балапаны да ұшып шығыпты. Бұл белгі еді. Ғұнбасы қатты шаттыққа бөленіп сөз ұстайды. 

«Еділ жануарлардың жағдайды адамдардан бұрын сезетінін айтты. Ол өз әскеріне адам түсінігінен тысқары болған белгіні көрсетті. Қаланы тастап кету деген райынан қайтқан Еділ енді асқан ықыласпен шабуылға дайындалды. Сақпандары сай, биік сатылы, ғұн ордасының әскері шабуылды мүлтіксіз орындады. Қамал қанша қарсыласса да, ақыры жеңіліс тапты. Бұл тез келген жеңіс болды. Аквилея отқа оранып, қазыналары ғұндардың арбаларына тиелді. Тағдыр сабыр сақтап, дер кезінде дайын болып, әрекет ететін адамдарға мүмкіндік береді» деп тәмамдайды ол бұл тарауын.

Бұдан әріде оқиғалар тізбегінің тез өрбігені сондай, тарих ғылымының кандидаты Ғани Меңілбаев атап көрсеткендей, Верона, Монтуя, Бергамонд, Патавиум (Падуя), Бриксия (Брешиа) қалаларын басып алды. Милан қаласы Аттилаға тіпті өз еркімен берілді. Қала басшысы қақпаны өзі ашқандықтан, қолбасшы қала халқына тимей, шаһарды жай ғана тонайды. Ендігі кезек Римдікі еді. 

Жалпы, Еділдің бүкіл варварлық әлемді біріктірудегі басты мақсаты, осы – Римді алып, Рим тәртібін жою болатын. Оның ғұн ұлтын қалыптастырудағы халыққа ұсынған ұлттық идеясының бір міндеті, осы – «мәңгілік қаланы» геосаяси ойыншы сапынан шығарып, ғұн билігін орнату. Алайда, қаланың шегіне ат басын тіреген оның алдынан келіссөзге Рим папасы I Лев шығып, көп асыл қазыналар тарту етіп, өздеріне қайырымдылық жасауын сұрады. Күтпеген жерден Аттила - Еділ келісім берді де. Бұл енді соңғы бір жарым мың жыл бойы адамзат баласының қиялын тербеп келе жатқан тарих жұмбағының бірі. Әлі күнге оның бұл шешімін, ол кездесуде не айтылғанын ешкім ешқандай негіздемемен түсіндіріп бере алмайды. Бірақ, бұл Рим құлдырауының басы еді. Кейіннен осылайшы қорғанысы бір рет сыр берген империяны германдық вандалдар бәрібір 455 жылға қарай басып алды. Құр ғана басып алмай, қаланы аямай тонап, мәдени құндылықтарды талқандап, өртеп, халқын қанға бөктіріп, мыңдаған адамдарын құлдық пен күңдікке алып кетті. Еш ақылға сыймайтын осы қиратушылық уақыт өте келе «вандализм» деген негативті ұғымға айналды. Сол шақтағы жылнамашылар өкіне жазғандай, вандалдардың ойранынан соң «әлем кіндігі» атанған Рим салтанаты қираған төбешіктерге айналды және де олардың дені Еділдің кезінде шаһарға көрсеткен кеңшілігін сағына еске алысты. Бәлкім ұлы қаған соңғы сәтте әбден іріп-шірісе де, сол замандағы өркениет ошағы болып отырған орталықтың жойылуын қаламаған болар. Не десе де, ол бүгінгі венгрлер мен түркі халықтарын ессіз ойрандаушылар ұрпағы атағынан құтқарып қалды. Әйтпеген, жағдайда тілдік қолданыста «ғұнизм» деген теріс термин де жүрер ме еді, кім білсін?!

 

Бабаларымыз табиғат тілін білген

Құс екеш құстан десек те кішкентай деталь, бірақ, бұл Еділдей бабаларымыздың көреген қасиетін, табиғатпен етенелігін көрсетеді. Көшпенді өркениет өкілі болмаса, дәл мұндай елеусіз нәрсеге басқа ешкім де назар аудармас еді. Солай, құстың ұшуынан, аңның қашуынан-ақ бар жайды болжаған аталарымызды сұңғыла демей көр. «Суға бататын кемеден тышқандар қашады» дегендей, жер сілкінісін және тағы да басқа апаттарды жан-жануарлар жазбай таниды ғой. «Ежелгі ғұн-түркілер табиғаттың сырын, аң-құстың тілін білген» дегендегі меңзейтініміз осы болса керекті. Алысқа бармай-ақ, Әулиеата өңірінде мазары қалған Есепші атаны да жұрт жортқан аң, ұшқан құстың тілін білген демейді ме? Әулие кезінде құстардың жер бауырлай ұшқанына, суыр мен саршұнақтың іннен-інге тығылғанына қарап, ертеңгіні болжай біліпті. Ал бұл бергіде жасаған қазақтың қасиеті-дүр. Қанмен берілетін көрегендік сабақтастығы емес дей аламыз ба мұнан соң. Қош...

Орысша «аист», ағылшынша «stork», латынша «ciconia ciconia»дегелектер тұқымдасына жататын ірі, ақ құс. Ұлтымыз оны «ләйлек» деп әдемі айдарлағанымен, көбіне «дегелек» деп те атайды. Оларға байланысты аңыз-әфсана, мақал-мәтел, жыр-өлеңдер өте көп. Ол құстардың қазақ фольклорына жақындығы да сол, «Жылқының жауы – бөгелек, жыланның жауы – дегелек», «Дегелек келді, шық жылан», «Дегелек келді жаз болды, бала-шаға мәз болды», «Пайғамбардың демінен дегелек келді, шық жылдам!» деген тәмсілдердің әлі де айтылуы. Сондай-ақ, жұртымыз үшін киелі құс есептеледі. Аққу тағы да басқа қастерлі құстармен қатар, дегелектердің ұясын бұзып, жұмыртқасын алуға, атып-шабуға мүлде рұқсат жоқ. Мүмкін, оны қадір тұту сол Аттила - Еділдің заманында басталды ма екен? Бұл жағын тап басып айту қиын. Не десе де, киноға сұранып тұрған сюжет екендігі даусыз. Мұны ертеңінен зор үміт күттіретін алматылық жас режиссер-сценарист Елзат Ескендірге құс оқиғасын айтқанымызда, «арнайы кино түсіру керек» деп, болашақ жобаларының қатарына қосқаны бар. Күтеміз. 

Иә, қаздар Рим таңының атуының, өркендеп қанат жаюын бастаса, ақ дегелек - ләйлек құс күнінің батуы, күйреуінің басы болды және ғұн мерейінің қанатқақтысы болып көрінді. Бұған әркім әртүрлі дау айтар. Тұнып тұрған нышандар емес пе?! Бірақ, символизмді жоққа шығара алмайтынымыз анық. Дүниетаным өлшемімен келсек, ләйлек өзіміздің құс!

                                                                                            Ерболат Мамырайхан

Пікірлер