Шет елде білім алған жастардан қайыр бар ма?

4853
Adyrna.kz Telegram

Иә, бұл бүгінгінің ең өзекті тақырбы. Талқылай кетсек «олардың көкірегін тесіп бара жатқан көлденең жатқан көк ақша...» дейміз. Ақша кімді алаңдатпайды, айтыңыздаршы?! Жеке-меншік мешіт ашып, орталық мешіттегі бас имамға «бізге кел, айына 350 мың теңге берем...» десең ойланбастан келісетініне еш күмәнім жоқ. Өйткені, шүкір деп үстіңе шүберек киіп жүре беретін заман емес, қазір. Бірақ, мұхит асып жүрген жастарды ақша алаңдатпайды екен... Оны өзім, Америкада 6 ай тұрып көрдім, сұрадым, білдім. Енді, рұқсат берсеңіздер, айтайын.

Жастар шет елге неге құмар екенін шын мәнісінде білгілеріңіз келсе алдымен, «біздің аға буын ол жақтан неге қайтқысы келмейді?» деген сұрақтың жауабын анықтап алайық, жарай ма?! Абыз ақсақалымыз Мұхтар Мағауиннен бастайық. Ол ұлтсызданып бара жатқан қоғамнан, шетінен жарамсақ, сатымсақ, сұрамсақ, бойкүйез, марғау, тартыншақ адамдардан шаршады. Ал осылардың бәрін жою үшін ол ереуіл жасап көшеге шықпады. Өйткені ол – жазушы, ұпай жинайтын саясаткер емес. Өзінің майдан алаңы – ала қағаздың бетінде айқас өткізді. «Ұлтсыздану ұранын» зарлап жазды. Оны ешкім көрмеді, көргендері «Жұлдыз» журналынан шеттетті. Болды сөз бітті! Ұлт үшiн оқтан да, оттан да қаймықпайтын, от ауызды, орақ тілді ұлы Мағауинді сақтай да, қорғай да алмадық. Неткен, бишара халықпыз, бишара!

Кезінде елінен безген тағы бір таланттың бірі Ерік Құрманғалиев. Дүниежүзіндегі жалғыз конратенор сарынды опера әншісі болған тұңғыш қазақ баласы. Ақыры Ресейде қалды, өмір сүрді, сол жақтан мәңгілік мекеніне қайтты. Бірақ біздің билік күл болған денесін еліне алып келіп мұсылманша арулап қайта жерлеп, басына бір ескерткіш орната алмай отыр. Ұят!

Иә, өз елін сүйіп тұрып жиіркенетін адамдар көп. Бәрі «Мен ол жақта уақытша жүрміннің...» кейіпінде. Математикадан әлемді таңдай қақтырып, рекордтар кітабына енген Қуат Есенов, режиссер Тимур Бекмамбетов, актриса Линда Нығматуллина және т.б.. Қазір тек танымал тұлғаларды ғана тізіп шықсам, адам аттарынан көзіңіз сүрініп, оқудан жалығып кетесіз. Іштеріңіз сезіп, біліп отырсыздар, олар еліне аяқ басқысы келмейді. Оның себебінде білесіз! «Жә» дедік, кеткен адам кетті. Бірақ жастардың шет жаққа ағылуы неге тоқтамай жатыр? Оған үш-ақ себеп бар, үш-ақ себеп:

Біздікілер, бірінші себеп ақша дейді. Жоқ, ақша емес. Себеп болып отырған нәрсе елдегі бейресми жүйенің күшейіп, күннен-күнге от алып жатқандығы. Мысалы, сіз мектепте еден жуушы болып жүріп, өзіңізді 10 жылдан кейін бір алып компанияның басшысы ретінде елестете аласыз ба? Күлкілі, иә?! Шетелде болсаңыз, оның ішінде Америкада тұрсаңыз елестетпек түгілі, сеніммен жар саласыз. Өйткені, Америка, Еуропаның дамыған елдері мүмкіндіктердің ордасы. Бізде қалай? Мысалы, ақындардың мүшайрасы болып жатыр. Бас бәйге 5млн теңге. Оны 21 жастағы Түгенше Пәленшиев есімді жас ақын алу керек еді. Бірақ елге сыйлы, құрметті ақын, Жазушылар одағының мүшесі Пәленше Түгеншеұлы бас жүлдені салып алды да, кетіп қалды. Кейін қазылар алқасы жас ақынға барып «...сен әлі жассың ғой, өсесің, өнесің. Әлі талай жарыстар күтіп тұр. Сенің жүлдеңді «ұят болмасын» деп ағаңа бердік енді... Ренжіме, иә?!» дейді де, ертесі күні сол адамдар «Жастар біздің болашағымыз. Біз оларды әрқашан демеп жүру керекпіз...» деп бөседі кеп. Өздері кеше керемет бір жас ақынның тауын шағып тастағанын білмейді. Дәл осындай сасық жүйе мектепшілік, аудандық, республикалық олимпиядаларда кеңінен орын алып жатыр Міне, біз осылай жастарды қолдаймыз да, шет елге кетеді деп зарлаймыз. Ей, бір адамды көп уақыт алдауға болады. Ал көпшілікті алдау мүмкін емес...

Екінші, білім жүйесінің әлсіздігі. Жастар сапалы білім алу үшін, ақылы түрде оқудан да тайынбайды. Ілімді де, білімді де шет жақтан алғысы келеді. Бір құпияны ашайын. Біз жыл сайын «О, осы жылы 65 мың грант бөлініпті. Ол өткен жылғыға қарағанда 2 есе көп» деп мақтанып жатамыз. Енді мынаны қараңыз. Грант – қайырымдылық, демеушілік көмек ретінде бөлінетін ақшалай қаражат (уикипедия). Не дейді? Қайырымдылық, демеушілік. Қайырымдылық қандай жандарға жасалады? Өзіңіз ойланып көріңізші. Естеріңізде болсын дамыған елдерде грант деген атымен жоқ. Студенттер ақылы орынға таласады. Ал бізде грант деген дүниені алып тастаса сауатсыздық, мамандардың жетіспеуі кеңінен орын алады. Менің, сіздің, оның, олардың жағыдайы жоқ болғасын үкіметтің бізге жасап отырған қайырымдылығы бұл. XXI ғасырда гранттың көбеюі – кедей мемлекетке ғана тән құбылыс. Грант көбейсе бөркіңізді аспанға атпаңыз, жылаңыз керісінше. Ұшы жоқ ұзын, түбi жоқ терең құрдымға құлап бара жатырмыз.

Үшінші. Қазір айтатын мақалымды еліміздегі жүйеге ыңғайлайын. «Көштің алды болма оқ тиеді, көштің арты болма боқ тиеді. Ел қатарлы ортасында жүре бер». "Қатты бай болма соттайды, ойыңды ашық айтпа боқтайды". Болды! Өздеріңіз түсініп аларсыздар!

«БОЛАШАҚ-тың» болашағы бар ма?

Бүгінде танымал тұлғаға айналған 100 «болашақтық» бар ма? Тізімін жасап беріңіздерші. Өтініш?! Мен жасай алмадым.

Біз қазір «Болашақпен» оқып жатқан жастарымыздан айырылып жатырмыз. Статистикалық мәліметке сүйенсек аталмыш бағдарламамен білім алғандардың 300-і қазір шет елде жүр. Оларға жұмсалған 1,34 миллиард теңге желге ұшты. Бұрын «Болашақтықтарды» іштей өзіміз жіктеп үшке бөлетінбіз. Қазір төртінші топ пайда болды. Басынан бастайын:

Бірінші, елге келіп үкімет басына, парламент үйіне, оқу ордаларына және т.б. жерлерге жұмысқа тұратындар. Яғни, мемлекеттік қызметкерлер. Бұл топ өте патриот. Елім, жерім деп егіліп тұрады.

Екінші, елге келіп өзінің жеке кәсібін дөңгелететіндер немесе шетелдік компанияның белді қызметкері болатындар. Бұларда елге деген сүйіспеншілік байқалмайды. Орысша тәрбие көргендер.

Үшінші топ, су ішкен құдығына түкіргендер. Дәлірек айтсақ, жаңағы 300 адамның ішіне кіретіндер.

Төртінші, жап-жаңа топ. Олар соңғы бес жылдықта бакалаврын аяқтап «Болашақ» бағдарламасымен шет ел асқандар. Бұл топтың ойы басқа. Жақсы, бірақ жаман. Жаман, бірақ жақсы. Төртінші топ: «Мен бұйыртса 2 жыл магистратурамды Америкада оқимын. Сосын елге барып 3 жыл отработкамды жасаймын. Бірақ сол аралықта АҚШ-пен байланыс үзбеймін. Отработкам біткесін Америкаға көшіп кетемін немесе жұмыс визасын алып екі елдің арасында емін еркін жүре беремін...» Ойлары жаман емес, ә? Су ішкен құдығыңа түкірдің деп кінә арта алмайсың. Бәрі заңды түрде! Бірақ қасірет. Елде кім қалады? Десекте, арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!

ТҮЙІН: Жақпар тастың өркешіне еш құламай секіріп, қия құздың өр төсіне оп-оңай орғып шыға алатын арқар деген қасиетті жануар бар. Оның маусымдық қоныс ауыстыруы да өзге малдан ерекше. Қылышын сүйреткен қыста биік таудан төмен түсіп, көршілес аласа тауға немесе өзіне жайлы биік іздеп, уақытша сол жерге тұрақтайды. Ал бүгінде адами факторлардың кесірінен арқарлар мүлде басқа жаққа жер ауып жатса, кейбірі техниканың тарсылынан, иттердің дауысынан жазғы жайылымға таудан түсе алмай жатыр.

Тәуірбек ЖҰМАБЕРГЕНҰЛЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер