Шәміл Әбілтаев, күйші:  Ерлі-зайыптылардың өнердегі өмірі ерекше болады

5169
Adyrna.kz Telegram
– Шәміл аға, сізді өнерсүйер қауым күйші-композитор ретінде жақсы таниды. Сондықтан бү­гін­гі сыр-сұхбатымызды сіздің ха­лық біле бермейтін тыныс-тір­шілігіңіз жайлы өрбітсек ес­­­туім­ше, сіз Өрікгүл жеңгемізге бір көрген­нен өлердей ғашық болған екенсіз. Оның үстіне биыл сіздің Өрікгүл жеңгемізбен отба­сын құрап, ша­ңырақ көтер­геніңізге тура қырық төрт жыл толады екен. Шыны­ңызды айтыңызшы, сіздi Өрікгүл жеңгеміз қандай «қы­лығымен» баурап алды және ұш­қын атқан алғашқы махаббат лебізін қалай жеткіздіңіз?

– Ол менің Алматыға, оның ішінде, Құрманғазы консер­ва­ториясына арман арқалап келген кезім еді. Оған дейін Гурьевтің (қа­зіргі Атырау) музыка учили­щесін бітіргенмін. Әлі есімде, бір топ албырт жас консервато­рия­ның ауласында әзіл-қалжың ай­тып отырғанбыз. Кенет анадай жер­ден құдды Буденныйдың мұр­тындай мұрты бар, подпол­ковник шеніндегі әскери форма киген бір адам қалың жұртты қақ жарып келе жатты. Жанында талдырмаш келген, бұрымы тобығына төгілген өте көрікті де сұлу қызы бар. Сөйтсем, бұл – әс­кери шенді кісінің Жамбыл облысынан қызын консерва­торияға оқуға алып келген сәті екен. Сұлу да келбетті, бұ­рымы то­бығына төгілген әлгі қызды алыстан көріп-ақ, ғашық бол­ға­ным-ай… Айтып жеткізу қиын. Алла тағала аузыма салды ма қайдам, сол сәт қасымда бол­ған, консерваторияның сту­ден­ті, біздің елдің тіс қаққан жігітіне: «қара да тұр, мына, қыз бұйыртса, менің әйелім болады!» деп салмасым бар ма?!. Сонымен, ол да, мен де бағымыз жанып, сту­дент атандық. Өрікгүл ә, деген­нен оқу озаты болумен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Бірде ол өңкей жас қыз-жігіттердің алдында Абай туралы маңызды баяндама жа­сады. «Ойымды айтайын» деп оқталғаныммен айта алмадым, Тіпті жақынырақ барайын десем, жете алмадым. Сөйтіп, арада екі жылдан кейін мұртын ширата қайырған «Буденный­дың» қа­сында келе жатқан әлгі қызды Алла тағала менің өмірлік жа­рыма айналдырды. Маған Бу­денный боп көрінген Жармұха­ммед Қайырбеков ақыры менің қайын атам болып шықты.

– Сонда сіз жеңгемізге ал­ғашқы сөзді неден бастадыңыз?...

– Бұл сұрағыңызға Өрiкгүл жеңгеңіздің өзі жауап бергені жөн болар...

Өрікгүл: – Менің ата-анам ұстаз болған адамдар. Атам Әділбек жыршы-күйші болған адам. Кішкентайымнан атам мен әжемнің қолында өстім. Атам маған «Қыз Жібек», «Ер Тар­­ғын», «Қобыланды», «Алпа­мыс батыр» тәрізді жырларды да­уыстап оқытатын. Еңбегім үшін тәтті кәмпит беретін. Еңбе­гімнің бағаланғанына қуанған мен жырды бірінен соң бірін шар­ша­мастан екпіндете оқи­тын­мын. Өнерге деген құштар­лық мені консерваторияға алып кел­ді. Әкем, жаңа Шәміл айтқан­дай, әскери адам еді. Сәл шегініс жа­сап, еске түсірсем, мен 10 жыл­­­дықты бітірер жылы көрнек­ті мәдениет қайраткері, халық артисі Асқар Тоқпанов бастаған бір топ өнер адамы Таразға келді. Сол жолы олар мектеп-мектепті ара­лап, жастарды консервато­рияға оқуға шақырды. Олардың алдында жатқа білетін өлеңімді оқыдым. Олар «сен Алма­тыға, консервато­рияға кел!» деп қолқа салды. Шә­мілдің мені алғаш көргені сол кез бо­латын.

Содан студент атанып, бір күні жатақха­наның кори­до­ры­­мен келе жат­қан менің құлағыма ай­рықша орын­далып жатқан «Ақсақ құлан» күйінің күмбірі келді. Құлағымды тосып тыңдай­мын, күйдің орын­далуы мұңлы, сазды. Әдеттегіден өзгеше күй шертіс. Бірақ студент қыздардан «құлағы қалқиған, өзі күй тартатын Шәміл дейтін сту­дент-жігіт бар, өзі паң, ешкімді менсінбейді» деген пікір­лерін арагідік құлағым шалатын. Содан ары өтіп, бері өтіп әлгі күйді тыңдаймын. Енді бір сәт есіктің сыртына жақын барып, «Ақсақ құланды» тыңдадым. Әуе­лете орын­­далып жатқан күй кенет тоқ­тап қалды.

Сыртта біреу­дің тұр­ғанын Шәміл байқаған болса керек, бір кезде есік сарт етіп ашыл­­ғанда көзімнің оты жа­рқ етіп, есік маңдайыма сарт ете түс­ті. Сонда Шәміл «е, сіз келіп тұр екен­­сіз ғой?» деді маған маңғаз­дана. «Жоқ, сізге келген жоқ­­пын, күй тыңдап тұрмын» деп сал­дым. Содан бұрылып жүріп кеттім, ол тапжылмастан орнында қал­ды. Шәмілдің жүріс-тұрысы өзге студент-жігіттерден өзгеше бо­латын. Өзі көп ешкімге қосыл­май­ды. Дегенмен Шәмілдің әуен­нен туған, өнер үшін жаратылған адам екенін іштей сезетінмін. Содан бір күні біздің бөлменің есігін біреу ерекше бір музыка­лық әуенмен қақты. Бәленің бәрін айтпай сезетін бөлмелес қыздар, «әй, мынау әлгі қалқанқұлақ Шә­міл болар» деді. Сол-ақ екен, есік аш­ы­лып, ар жағынан Шәміл кө­рінді. Ол маған бірден «киноға барайық» деп қолыма ТЮЗ-дің билетін ұсынды. «Адам деген қо­лым бос па, жоқ па, сұрамаушы ма еді» деп іштей күйіп-пісіп, бара алмайты­нымды айттым. Ол бол­са «онда былай!» – деді де қолым­нан билетті жұлып алып, жыртып-жыртып тас­тады. Оның бұл қылығын сырт­тан бағып отырған қыздар маған: – Мынаған жолама! – деп улти­матум қой­ғандай пікірін білдірді. Бұл оқиғаға жүрегім қатты ауырды. Сөйтіп, бірде Шәмілді күтіп тұрып: – Сіз кешіріңіз, өткен жолы бара ал­маған «Анна Каренина» деген кино жүріп жатыр екен, бүгін ба­руымызға болады, – дедім. Бұл сө­зімді естіген Шәміл консерва­торияның іргесіндегі ТЮЗ ки­но­театрына барып, лезде екі билет алып келді. Оның мұнысына таң­дан­ғанымды білдірместен: – Жал­ғыз бармаймын, қыздардың бәрі­-не билет алыңыз! – деп сал­дым. Сөйт­іп, сол жолы шәміл бөл­мелес қыздардың бірін қал­дырмай ки­ноға апарды. Алайда Шәміл ки­ноны көрді ме, көрмеді ме білмей­мін, әйтеуір кино біткенше маған қарағыштаумен болды (сол бір ұмытылмас кезең естеріне түсті-ау-деймін, екеуі біріне бірі қарап, біраз күліп алды – Ж.М.). Сөйтіп, Шәмілдің өте қиын әрі өзгеше музыкант екендігіне, айтқан сөз­дері баладай, ал атқарып жүрген істері данадай екендігіне алғаш рет айқын көз жеткіздім. Ақыры, екеуміз үлкен өмірге қол ұстасып, бірге аттандық.

Дерек-дәйек:

Шәміл Әбілтай – күйші-композитор. Атырау облысы, Толыбай құмындағы Қарақызыл қыстағында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында Қ.Жантілеуов пен Қ.Мұхитовтың домбыра класын бітірген. 1994 жылдан Құрманғазы атындағы халықаралық қордың президенті. Күйші болып қалыптасуына алдымен, әкесі Әбілтай, одан соң Көшелі, Кәмеш, Серікбай сынды күйшілер ықпал еткен. Ол «Заман-ай», «Домалақ ана», «Шақшақ Жәнібек» сынды күйлерімен қоса, «Күй ата», «Ордабасы», «Аңсау», «Өрікгүл» тәрізді көптеген әндерімен жұртшылыққа жақсы таныс.

Шәміл: Сөйтіп, 1969 жылы сәуірдің 30-да Алматыдағы «Ал­тын алма» мейрамханасында комсо­молдық той жасадық. Бұл ме­нің күйші ретінде консерва­тория, тіп­ті қала аумағында көріне баста­ған кезім. Біздің тойымызға кон­сер­вато­рияның ректоры­нан бастап барлық ұстаздарымыз келді. Тойға көр­некті театр актері, ай­рықша өнер иесі Құрманбек аға Жандар­беков Бекежанның, ал Ғарифолла аға Құрманғалиев Шегенің ария­ларын кезекпен айтып кірді. Тума талант иесі Асқар Тоқпанов үйлену тойы­мызда сөз сөйлеп, салтанатты жағдайда ашты. Ұстазым, күйші Қали Жан­тілеуов тебірене күй тартты. Той­ды өкіл әкем санала­тын алаштың ардақты азаматы, марқұм Ишанбай аға Қарақұлов пен ақын Хамит Ерғалиев және өзіміз «данышпан» деп атап кеткен лениндік стипендиат, кейіннен Орталық комитетте қызмет жаса­ған, халық қалаулысы болған Ті­леутай Ыбыраев есімді азаматтар ұйымдастырды. Көрнекті ақын марқұм Дүйсенбек Қанатбаев тойымызға арнап, жар-жар жазды. Содан бері міне, құдайға шүкір, жұбымызды жазбай 44 жыл отб­а­сылық ғұмыр кешіп келеміз. Ол кезде мен 21 жастамын, ал Өрікгүл 20-да еді. Отбасымызда Азамат, Айнаш және Ақсұңқар есімді ұл-қыздарымыз өсіп, ержетті. Аң­сұңқарымыз біздің шығарма­шы­лық жолымызды жалғасырады-ау деген үмітіміз бар. Өзі ән айтады, бірнеше тілді меңгерген. «Нұр Отанның» Жастар қанаты атынан Ел­басына арнаған толғауы бар. Таяуда алғаш рет орындады. Қазір екеуміз де зейнеткерміз, бірақ өнер адамында демалыс жоқ.

– Шәміл аға қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа өзінің әнін арнаса, сіз ұлт Көшбасшысы, қазақ елінің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап «Ұлы­тау» деген әнді өмірге әкелді деп естідік. Сол ән өмірге қалай келді?..

Дерек-дәйек:

Өрікгүл Әділбекова – Жамбыл облысының тумасы. Құрманғазы атындағы консерваторияда Асқар Тоқпанов, Шолпан Жандарбекова сынды халық әртістерінен дәріс алып, актерлік мамандықты игерген. Алматыдағы Мұхтар Әуезов атын­­дағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театрында 16 жыл­ бойы актер болған. Бейімбет Майлиннің «Неке қияр», қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме», Мольердің «Сараң», Әкім Таразидің «Асау бө­кен», өзбек драмтургі Сайд Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» және Сәкен Жүнісовтің «Ажар мен ажал» тәрізді көптеген пьесаларында басты рөлдерді сомдап, өнерсүйер қауымның құрметіне бөленген.                                                              

Өрікгүл: Біз Елбасымен мақ­тануымыз керек. Себебі Назар­баев­тай ұлы қайраткер, сұңғыла, данышпан, болашақты болжай білетін әлемдік деңгейдегі тұлғаны халқымызға Алла тағала бере салғаны үшін біздер өте ба­қыт­тымыз! Қазақ елі әлемнің өрке­ниетті, экономикасы мен әл-ау­қаты анағұрлым жоғары сатыға көтерілген көптеген ел­дер­мен алыс-беріс орнатты. «Қа­зақ­стан» деп аталатын кең-байтақ Отаны­мыз бар екендігін тұңғыш рет Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың шет­елдерге сапары ар­қылы айқын таныды. Нұрсұлтан Әбішұлы ХХІ ғасырдың ең әсем қаласы – Ас­тананы салып, өте үлкен батыл­-­дық көрсетті. Міне, осыны жан-жақ­ты пайымдаған менің ойыма бір сәт әсем әуен қайта-қайта орала берді. Сол әуенді ыңылдап жүріп, көмекейіме әннің сөздері де оралды. Ақыры, әуезді ән өмірге келіп, әннің атын «Ұлытау» деп қойдым. Бұл әнді елінің ертеңін, жастардың бо­лашағын ойлаған ұлт Көшбасшы­сына өз тарапым­нан айтқан ана­лық ақ тілегім деп қабылдауға бо­лады. «Ұлытау» әні Елбасына шы­найы сезімнен туған, жүрек лү­пілі екені анық! 2007 жылы Астанаға барып, қаланы көргенімде құдды басқа мемлекеттің бір қаласында жүр­гендей ерекше күй кештім. Аста­надан зор әсер алып келген мен үйге келе сала «Астана» деп атала­тын кесте тоқыдым. Кестеде Қазақ елінің жаңа елордасы – Астана қаласының бейнесін ұлттық өр­некпен беруге тырыстым.

– Әсілінде, өмір атты ұлы көш­тің данышпан Абай айтқандай, «соқтықпалы соқпақсыз жолдан» өрілетін сәттері де болатыны анық. Сіздердің қиындықпен кездесіп, жеңген сәттеріңіз болды ма?                                                                                                                                      

 Өрікгүл: – Рас, өмір болған соң әсте қиындықсыз болмайды. Бұл – жазылмаған заңдылық. Мысалы, сол бір жылдары біз қайдағы бір алаяқтардың кесірінен Алма­тыдағы пәтерімізден айырылып қалдық. Амалдың жоғынан қа­ланың төрт бұрышында пәтер жалдап тұрмаған үйіміз қалмады. Содан ақыры Шәміл намазға жы­ғылып, Жаратқаннан жақсылық сұрады. Сонда мен алғаш рет Шә­мілге алып жүруге де ыңғайлы етіп, киелі қағбаның кескінін са­лып, шағын кестелі жайнамаз то­қып бердім. Ал Шәміл болса, әлгі жайнамазды бірнеше рет пай­даланғаннан соң, «жусаң бү­лініп кетеді» деп оны ерекше қамқор­лықпен арнайы рамаға салып, жатын бөлменің қабырғасына іліп қойды. Қосағым Шәміл менің ең­бегімді соншалықты бағала­ғаннан кейін мен кесте тоқуға шындап кірістім. Әйтпесе, өмірі кесте то­қып көрген емес едім. Одан кейін тоқыған «Кенесары», «Ақан сері» тәрізді кестелерім әлі күнге үйде сақтаулы. Әсілінде, өнер адамы өнерді кие тұтып, оған қиянат жасамауы керек. Сонда ғана өнер мәңгілік қасиетін жой­майды. Оны мен Шәмілден бай­қай­мын. Егер 25 жастағы күй­ші­лермен салыс­тыра қарасам, Шә­міл қазір ба­бында! Ол ешқашан күйге қиянат жасаған емес.

– Өрікгүл жеңеше, Шәміл аға сіз­ді қандай қасиетімен баурады?                                                                                                                                

– Өз басым Шәмілдің күй тарту шеберлігіне ессіз ғашық бол­дым. Шын мәнінде, ол – «төгі­ліп тұр­ған» өнер адамы. Шәмілді Құр­манғазының, Тәттімбеттің, Адай­дың шынайы ізбасары дер едім. Шәміл күй ойнағанда оның бо­йы­нан күйші аталарымыздың қадiр-қасиетін көргендей күй кешемін. Мысалы, соқыр болса да, Бетховен керемет дара тұлғалы өнер адамы болды. Қайталанбас шығарма­ларды өмірге әкелді. Алайда ол кісі жоқтықтан, кедей­ліктен да­лада қаңғып өлді. Жанға бататы­ны, Бетховеннің жанында оны демеп отыратын адамы болған жоқ. Құрманғазы бабамыз өмірде түрмеге түсті, талай қиын­дық­тарды бастан кешірді. Өкі­ніштісі сол бір кезеңде Құрман­ғазыдай дүлдүл күйшінi демеп, жебейтін адам болмады. Меніңше, Шәміл күйші әрі композитор ретінде әлі толық ашылған жоқ. Алдағы уақытта талай тамаша туын­дыны өмірге әкелетіні ақи­қат. Өйткені оған се­немін. Өйт­кені Шә­мілге қол ұшын беретін адам­дар баршылық. Өз басым соған ризамын.

– Сіз үшін Шәміл ағаның ком­позиторлығы бір төбе. Ал аза­мат­тығын қалай бағалайсыз?                                                                                        

 – Егер «кілтін» тапсаңыз, ба­ладай. Егер «кілтін» таппасаңыз, қиын адам. «Менің мінезімді не­месе сырымды түсінші» деп адам­ға жағыну Шәмілге жат.Әдетте, өнер адамдары қияли болады. Олар жүрекпен жеткі­зіл­месе, жүрекпен қабылдай алмай­ды. Мысалы, бұдан ширек ғасыр бұ­рын оны сынаған адамдар бол­ды. Міне, сол кезде жүрегім қатты ауырды. Шәміл болса не істерін білмей, аласұрды. Мұндай кездеол көбінесе Алматыдан «қашып», ел-жұртты аралап кететін. Сонда оның жер дүниеге сыймай жүр­генін көріп, қатты қиналдым. Мұндай кездерде оған «былай жаса, былай істе» деп айтудың өзі қиын. Бірақ Шәмілді туған хал­қының, өнерсүйер қауымның түбінде түсінетінін іштей сезетін­мін. Мұндайда атамыз қазақ «ат айналып қазығын табады» демеу­ші ме еді. Онер адамының әйелі бол­ған соң оның ыстығына да, суы­ғына да көнуге, күйінсе бірге кү­­йінуге тура келеді. Әйтпегенде, от­басының шырқы бұзылуы мүм­кін. Сонықтан әйел адамның бә­ріне көнуіне тура келеді. Менің өмірден түйгенім, әйел отағасын сыйлай білуі керек. Сонда ғана бақытты жар бола алады. Осы жа­ғынан келгенде, Шәміл де мені қа­дірлеп, аялап келеді. Қан­дай­да бір шығарма жазсам оның га­­зет-журналдарда жария­лануын ой­лап, зыр жүгіреді. Мұны мақ­та­­ныш үшін айтып отыр­ғаным жоқ. Ке­йінгі жастар «тағы­лым алсын» деп ойлаймын. Ме­нің ойым­ша, махаб­бат бейне бір күн сәулесі тәрізді, оны уысыңда ұстай білуің керек. Ұстай алмасаң ұты­ласың. Сон­дықтан әйел баласына ұстамды­лық, төзімділік керек. Шәміл ту­мысынан сезімге бе­ріл­гіш. Кейде сезімге қатты берілсе, ап­талап, айлап домбыра ұстамай кететін кездері болады. Мысалы, «кезекті концертке қатысасыз» деп тұрып, тізімнен алып тастаған кездер де болды. Ондай кездерде Шә­міл баз кешіп, өзін киелі дом­бы­радан әлдеқайда алыс ұстаған­ды жөн көреді. Сондай баз кешіп жүр­ген күндердің бірінде ол «әуен кел­ді, бір әуен келді» деп қуана үйге келді. Сөйтіп, қаламын қо­лы­на алып әуеннің нотасын тү­сірді. Ресейдің көрнекті қоғам қай­рат­кері, Кемерово облысының губер­на­торы Аман Төлеев туралы ән-тол­ғау осылай өмірге келді. Ән ту­ған соң мен Шәмілге: – «Бәлкім, осы шығармаңды Кемеровоға ба­рып, Аман Төлеевпен кездесіп, орындап берерсің» деген ойым­ды білдірдім. Бұл ой Шә­мілдің көңі­лінен шықты. Сөйтіп, Шәміл Сі­бірге жол тарттты. Сол жолы ұлт­жан­ды қазақ азаматы Аман Төлеев Шәмілді туған аға­сындай қарсы алып, ат мінгізіп, шапан жапты. Осы сапардан ерек­ше көңіл күй­мен оралған Шәміл «мен бұдан былай пендешілікті қойдым. Қара домбырам аман болсын, бәрімізді осы домбырам мұратқа жеткізеді» деп, ерекше қуанышқа бөленіп, қолына дом­бырасын алып, шы­ғармашы­лы­ғына шабыт бітірді. Күйзелістен қиял­шыл болып кете ме деп ой­лаған мен сол жолы Шә­міл үшін қатты қуандым. Меніңше, бұл – Шәмілдің үлкен өнер жо­лындағы екінші рет түлеуі еді. (Шә­міл аға ерекше толқыды ма бел­гі­сіз, көзіне жас алды. – Ж.М.)

Шәміл аға, мен көзіңізден жас тамшыларын байқадым. Неге көңі­ліңіз босады?                                                                                                      

Шәміл: – Шынында, қуаныш­тан көзіме жас алып отырмын. Өйт­кені өмірде өнердегі ерлі-за­йып­­тылардың өмірі ерекше бо­лады. Бұлай дейтінім, өмірін өнерге арнаған ерлі-зайыпта­лар­дың өмірі кәдуілгі шыны тәрізді, аздаған сәтсіздіктен сынып кетуі мүмкін. Сондықтан да олар бірін-бірі барынша жүрекпен түсініп, сыйлай білуі қажет. Біз бірімізге-біріміз сын айтсақ та, әзілмен, сезіммен жеткізуге тыры­самыз. Біздің өнердегі үндесті­гімізде міне, осында! Егер біздің өмірдегі жұп­тасқан ғұмырымыз кімде-кімге ой салса, біз бақыт­тымыз. Көзіме жас алғаным, Өріккүл маған бұ­рын-соңды айт­паған пікірін ай­­тып отыр. Оның пікірі менің жүрегім­ді тербетті. Тоғыз жасымда әкем­­нен ай­ырылып, жетім қал­ған адам­­мын. Тағдыр маған Өрікгүлді кездесті­ріп, бақытты етті. Ең бас­тысы, жұптасып өмір сүрген қы­рық төрт жылдан бері екі жұрт­тың – менің ағайындарымның да, төркін-төсінің де тілін таба білді. Әулетім байдың әулеті емес, бірақ тұқы­мымызда мәрттік бар еді. «Жарты құртты жарып жеу» тәрізді мәрттік біздің әулетке тән. Қа­лайша толқымайын? Есіме түсіп отыр­ғаны, осыдан тура қырық төрт жыл бұрын әке орнына әке бол­ған Нұт­фолда ағам мені Өрік­гүлге ама­нат­таған еді. Қуана­ты­ным, Өрікгүл қайнағасының ама­натын ақ-адал орындап келеді. Өрікгүл өз туындыларымен Ел Анасына айналып барады. Сон­дықтанда оны ана ретінде сыйлап, басымды иемін. Өрікгүл – өмірім менің!

– Шәміл аға, өнерсүйер қа­уымның сіздің қандай отбасында өмірге келгеніңізді біле жүргені де жөн болар?..                                                      

– Мен ата-анамның кенже перзентімін. Әкем Әбілтайдың Бейсенғалиы өз ортасына сыйлы адам болған. 1904 жылы туған. Қа­зіргі Атырау облысындағы Бақ­сай қаракөл қой совхозын алғаш­қы құрушылардың бірі болды. Өзі ауыл шаруашылығы маманы еді. Бір ерекшелігі, әлгі совхоз сол жылдарда тікелей Мәскеуге ба­ғынған. Біздің совхоз сол жылдар­да кеңес армиясының генералда­рына бапақа тігуге арнап, қаракөл қойларын өсірген. Сондықтан совхозды отын-сумен, азық-тү­лікпен, барлық керек-жарақпен тікелей Мәскеу қамтамасыз еткен. Әкем Бақсай совхозының екінші бөлімшесінде қой шаруа­шы­лы­ғының меңгерушісі болып ұзақ жылдар қызмет атқарды. Бір ерекшелігі, сол жылдары әлгі бө­лімшенің қой шаруашылығы­ның меңгерушісін облыстық партия комиеті басшысының өзі таға­йындап, бекітіп отырған. Әкем елімізде алғаш рет Бүкілодақтық көрменің күміс медалінің иегері атанды. Әкем халқымыздың ауыз әдебиетін, жыр-қысса, дастан­дарды терең меңгеріп, олардың көбін жатқа айтқан. Өнерге бір-табан жақын болған адам. Бұған қоса, малдың алуан түрлі ауру­ларын емдеп жаза білген тамаша мал дәрігері де болыпты.

Әкем мар­құм ауа райын да болжай білген. Соның нәтижесінде фер­ма­ның малын жылдың қай мез­гілінде қайда және қалай жайып-бағу қажеттігі туралы малшылар­ға ақыл-кеңес айтып, шаруашы­лықтың малын қырғын-сүргіннен үнемі алып қалуға қол жеткізіп отырған екен.

Тағы бір қасиеті, ол кісі ағаштан түйін түйетін шебер болды. Мы­салы, төрт жасымда әкем «осы балам күйші, домбырашы болады» деп үміт­теніп, ағаштан домбыра жа­сап бергенін әлі ұмытқан жоқ­пын. Ұста-зергер, атшана, ер-тұр­ман, соқа және басқа да қажетті бұ­йымдарды еш қиналмастан өзі жасап алатын. Кейде көрші-қо­лаң­дардың да тапсырысын орын­дап, ауыл арасында бесаспап Бейсенғали атанған кісі еді. Менің бала кезімде әкем үйдегі бар күмісті жинап, анама тамаша сырға, са­қина соғып берген-ді. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысы басталғанда әкем майданға аттанды. Содан 1944 жылы бір ауыр шайқаста жарала­нып, соғыс бітпей, елге оралды. 1948 жылы дүниеге ке­л­дім. Менің есімімді, Байнияз­дың Ха­саны деген сыйлы адам азан ша­қырып, жазушы Расул Ғам­затов­тың Шәміл батыр даста­нындағы батырдың құрметіне «Шәміл» деп қойыпты.


Сұхбаттасқан Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ, «Айқын».

Пікірлер