Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 72 жасқа толды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлағандай, туған күнге орай ешқандай ресми немесе мерекелік шаралар жоспарланбаған.
«Президент бұл күнді атап өтпейді, қандай да бір ресми немесе мерекелік шаралар өткізілмейді», – делінген ресми мәлімдемеде.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі – Кемел Тоқаев (1923–1986), Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған жазушылардың бірі. Анасы – Тұрар Шабдарбаева (1931–2000), Алматыдағы педагогикалық шет тілдер институтында қызмет атқарған.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде Қасым-Жомарт Тоқаев СССР-дің Қытайдағы елшілігінде дипломатиялық қызмет атқарған жерінен елге қайтады. Қазақстандағы алғашқы қызметі сыртқы істер министрінің орынбасарлығынан басталды. Кейіннен премьер-министр болды, министр қызметін атқарды. БҰҰ бас хатшысының орынбасары қызметінде болып, кейін сенат төрағалығына келді. 2019 жылдан бастап қазіргі қызметінде.