24 мамырдан бастап үйі жоқ барлық азаматтар тұрғын үй кезегіне тұра алады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Қазақстанда тұрғын үйді бөлу жүйесінің жаңа форматы іске қосылады. 2025 жылғы 24 мамырдан бастап баспанаға мұқтаж барлық азаматтар тұрғын үй кезегіне тұра алады. Бұдан былай кезек жергілікті әкімдіктер арқылы емес, Отбасы банкі арқылы, орталықтандырылған жүйе негізінде жүргізіледі. Бұл өзгеріс тұрғын үй мәселесін әділ әрі ашық шешуге бағытталған.
Негізгі талаптар бойынша соңғы 5 жылда жеке тұрғын үй болмауы керек.
Жасы 18-ден асқан Қазақстан азаматы ЭЦҚ кілті (электрондық цифрлық қолтаңба) арқылы кезекке тұра алады.
Өтініш беру тәртібі:
1.orken.otbasybank.kz сайтына кіру;
2.ЭЦҚ арқылы авторизациядан өту;
3.Әлеуметтік осал топқа жататын болсаңыз, тиісті санатты көрсету;
4.Деректерді өңдеуге келісім беру;
5.Егер үй апатты жағдайда болса, техникалық қорытындыны жүктеу.
Жүйе автоматты түрде өтініш берушінің тұрғын үйінің бар-жоғын тексеріп, кезекке қояды. Кезек жылжуын онлайн режимде бақылауға болады.