Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан ұстанатын негізгі ұстанымдарға тоқталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Президент жаһандық қауіпсіздікке төніп тұрған қатерге тек геосаяси тұрғыдан ғана емес, кешенді түрде қарау қажет екенін айтты.
«Әлемдегі ахуал қауіпті жағдайда тұр. Мультилатерализмнің үні бәсеңдеген тұста, протекционизм күшейіп барады. Мұндай бей-берекет кезеңде біздің міндетіміз – ынтымақты сақтап, ыдыраған жерді қалпына келтіру», – деді Тоқаев.
Президент өз сөзінде Қазақстанның сыртқы саясатына тоқталып, мемлекетіміз әрқашан бейбіт диалог пен өзара құрметке негізделген ықпалдастықты қолдайтынын атап өтті. Сонымен қатар, ел ішінде ұлтаралық келісім мен мәдени әралуандықты сақтау – басты басымдықтардың бірі екенін жеткізді.
«Әсіреұлтшылдыққа жол жоқ. Өзге ұлттардың тарихы мен мәдени дәстүрін менсінбеушілікке тосқауыл қойылады. Әр халықтың өз ана тілінде сөйлеуге, төл мәдениетін сақтап, дамытуға толық құқығы бар. Сондықтан Қазақстанда "Бірлігіміз – әралуандықта" деген қағидатты қатаң ұстанамыз», – деді Мемлекет басшысы.