Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде жәбірленуші тарап куәгерлер Эльмира Нұрбекова, Дана Жақсыкелді және Арлан Қазыкеновті қайта жауап алу үшін сотқа шақыруды сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алайда бұл өтініш сот тарапынан қабылданбады.
Жәбірленушілердің адвокатының айтуынша, кешегі сот отырысында ұсынылған бейнежазба куәгерлердің оқиға кезінде "шок" жағдайында болмағанын көрсеткен.
"Олар барлық мән-жайды жақсы біліп отырған. Сондықтан олардың қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген уәжбен қайта жауап алуды сұраймыз", — деді қорғаушы.
Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
"Аталған куәгерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары тарапынан әлі нақты шешім қабылданбағандықтан, сот олардың жауабын қайта қарауға негіз жоқ деп есептейді", — деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, сот отырысында жәбірленуші тарап екінші өтінішхат жолдады. Онда жәбірленушілер Қадырова Жұмабике, Нұрымов Қаржаубай және Бишембиева Гүлбарам денсаулық жағдайына байланысты сот отырысына келе алмайтынын мәлімдеп, өз жауаптарын қолдайтынын және істің олардың қатысуынсыз қаралуына қарсы еместігін жеткізген.
Алайда сотталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Жұман Әбенов бұл өтінішке қарсылық білдіріп, аталған жәбірленушілердің сотта міндетті түрде жеке қатысып, бұрынғы жауаптарынан нақты қайсысына тоқталатынын түсіндіруі қажет екенін айтты.
Судья болса, бұл мәселеге қатысты тараптарға сот тергеуі кезінде сұрақ қоюға және қылмыстық іс құжаттарына сілтеме жасауға толық мүмкіндік берілгенін ескертіп, істі жәбірленушілердің қатысуынсыз қарауды жалғастыру туралы шешім қабылдады.
Сот отырысы жалғасуда.