Маңғыстау облысында жол патрульдік қызметі шетелдік нөмірлі көлікті тоқтатып, алдыңғы әйнектерін қаралауға байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Қазақстанда алдыңғы терезелерді қараңғылау заңмен тыйым салынған.
Бастапқыда тараптар бір-бірін түсінбей қалған. Полиция қызметкерлері заңды түсіндіруге тырысқанымен, көлік иесі тілдік кедергіні алға тартып, мән-жайды ұқпаған кейіп танытқан. Полицейлер де сабырлық танытып, туристерге сәтті сапар тілеп, оларды жібереді.
Алайда көлік біраз алыстағаннан кейін, көліктегі әйел жүргізуші серігіне жол бойындағы жағдайды түсіндіріп, тоқтатудың нақты себебі – дәл сол тонировка екенін айтқан. Бұл сәт таспаға түсіп, желіде тараған.
Желі қолданушылары екіге жарылды. Бір бөлігі турист қыздарға ашуланып, «тіл білмегенін сылтауратып, полицейлерді адастырды» десе, енді бірі әзілмен қабылдап, «жағдайдан сәтті құтылды» деп бағалады.