Қазақстанда алғаш рет ұлт зиялыларының өлеңдеріне жазылған әндер топтамасы жарық көрді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай танымал композитор және орындаушы Еркеш Шәкеевтің «Алаш» атты музыкалық альбомы жарыққа шықты.
Альбомға Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ілияс Жансүгіров, Шәкәрім, Бейімбет Майлин, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды қазақ әдебиетінің ұлы тұлғаларының шығармаларына жазылған әндер енген.
Альбом тұсаукесерінде режиссер Азиз Жамбакиев (Shivang) Міржақып Дулатұлының «Жұт» және «Елім-ай» әндеріне түсірілген бейнебаяндарды ұсынды. Бейнероликтер Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінен алынған бұрын-соңды жарияланбаған тарихи кадрлармен толықтырылған.
Альбом әйгілі лондондық Metropolis Studios студиясында жазылып, Алматыда Юрий Демченконың студиясында дыбысқа жазылды. Сапалы музыкалық өңдеуге Грэмми сыйлығының иегерлері Пол Норрис (сведение) пен Мэтт Колтон (мастеринг) атсалысқан. Жобаға көптеген отандық музыканттар мен орындаушылар қатысқан. Олардың қатарында Архат Қуанышалиев, Ілес Жалғасбек, Нұрай Айтуарова, Нұрболат Қыдырбаев және «Steppe Sons» тобы бар.
Альбом сатылымынан түскен барлық қаражат қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ ақындарының мұрасын сақтап, дамытуға жұмсалады. Қолдау білдіргісі келетіндер үшін арнайы сілтеме де жарияланған.
Айта кетейік, композитор, ақын және әнші Еркеш Шәкеев бірнеше күн бұрын Almaty Theatre сахнасында өтеді деп жоспарланған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған “Алаш” концертінің болмайтынын хабарлаған едік.