Ардақ Исатаева: Ұлттық өнер ешқашан шоу-индустрия бола алмайды

2191
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгідей жаһандану дәуірінде ұлттық құнды­лық­тарымызды қайма­ғын бұзбаған қалпы ертең­гі ұрпаққа қалай жал­ғас­тыра аламыз? Шоу-индустрияның механизм­дерімен ұлттық өнерді дамыту қаншалықты мүмкін? Дәстүрлі әнші, ұстаз Ардақ Исатаевамен әңгімеміз осы төңіректе өрбіді. 

– Ардақ, дәстүрлі өнер мәселелері туралы аз айтылып жүрген жоқ. Дей тұрғанмен де, сіз қалай ойлайсыз, біз соның нарқын, парқын, тіпті қадірін, шын мәнісінде, жете бағалай алып жүрміз бе?
– Ұлттық өнердің құндылығының өзі – оның жадағай, тым қарабайыр көз­қарастан биік тұратындығында. Ол – мың­даған жылдар бойы әбден сұрыпталып, өмірдің де, әншілердің де тезінен, сынынан әбден өткен дүние. Оның нарқын тек мамандар ғана, өнерді жасайтын нағыз тұлғалар ғана белгілейді. Сондықтан да ол биік тұрады. Бір қуанатынымыз – біздің дәстүрлі өнеріміз болсын, мейлі әдебиетіміз бен мәдениетіміз болсын, өзінің бай қалпында сақталып қалған. Ал көптеген Еуропа елдері өзінің дәстүрлі музыкасынан айырылып қалған. Біз сол көнеден тамыры үзіл­мей келе жатқан құндылықтарымызды бү­гінгі уақытта неге лайықты дәрежеде наси­хаттай алмай отырмыз? Оған неге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінбейді?

Мысалы, соңғы уақыттарда болып жүрген үкіметтік концерттерде дәстүрлі музыкаға салғырт қарайды. Шетелдерден қонақтар шақырылатын сондай ірі шараларда халық әндері, күйлері толықтай орындалмайды. Мысалы, Моцарттың, Бетховен, Бахтың бір шығармасын алып, жартысын бөліп тастасаң, оның не мәні қалады? Сол сияқты Біржанның, Ақанның, Жаяу Мұсаның ән­дері үзіп-жұлып орындауға келе ме? Соған қарамастан, біз әннің, күйдің мәніне маңыз беруден гөрі шоу жағына көбірек бет бұрып кеттік.

Есесіне, дәстүрлі әннің Арқа, Батыс, Жетісу, Сыр бойы, Маңғыстау мек­теп­терінің әрқайсысынан бір-бір әнші шы­ғарып, дәстүрлі музыкамыздың жоғары деңгейде екенін көрсеткеніміз жөн болмас па еді? Сондай-ақ телеарналарымызда дәстүрлі өнерге арналған бағдарламалар жоқтың қасы деуге болады. Тіпті көрермен көңіліне жол тапқан хабарлардың өзін іске алғысыз етіп, «жаңаруымыз керек, ондай бағдарламаларды жасаған күнде де қазіргі заманға лайықтап жасау керек» деген көз­қарастар бар. Бірақ талай ғасырлар бойы өзінің таза қалпын сақтап жеткен мар­жандай дүниеле­рімізді біз енді заманның талабы сондай екен деп неге өзгертуіміз керек?

– Әншілер қауымының жаппай эстрадаға елігуінің өзі де сол «қазіргі заманға лайықтап жасау керек» деген талаптан туындап жатыр емес пе?

– Ол рас. Тіпті ұлттық дәс­түрдегі әншілердің өзі мәж­бүрліктен эстрадамен ән салатын болды. Қарап тұр­са­ңыз, бізде халықтық сипат алып кеткен неше мың ән бар! Дү­ние­жүзіндегі бірде-бір халықта мұн­шама ән жоқ! Ке­зінде А.За­та­евич, Б.Ер­за­кович сияқты бас­қа да халық­тардың му­зы­ка­танушылары қазақ әнін зерттей келе: «Бұл – не де­ген ұшы-қи­ырсыз байлық!» деп таңғал­ғаны белгілі. Былайша айтқан­да, музыканың, әннің құдіретін білетін біз сияқ­ты халық жер бетінде кем­де-кем. Сол інжу-маржан­дай әндерімізді бұрма­лауға тиіспіз бе? Өкінішке қарай, біз ұлттық құнды­лық­тарымызды өз дәре­жесінде насихаттай алмай отырмыз. Жалпы, мұны бүкіл елге насихаттап, түсіндіру де қиын. Мысалы, бір ғана халық әнінің өзінде қаншама орам, қаншама иірім бар! Тек тамырында ұлт­тық өнердің дәні барлар ғана болмаса, мұны қа­рапайым тыңдар­ман­ның ұға қоюы да неғайбыл. Сол үшін дәстүрлі өнерді ба­ла­ның санасына сіңіру мектеп қабырға­сынан басталуы керек және бұл мемлекеттік тұрғыда білім стандартына кіруі тиіс. Өйткені халық әнінің болашақ тыңдар­мандары солар болмақ. Қарапайым ха­лық­тың халық әнін түсінуі, қабылдауы қиын болып отырғаны да – олардың дәс­түрлі өнермен бала кезінен сусындап өспегендігінен.

– Енді осындай жағдайда дәстүрлі музыкамызды қалай сақтаймыз? Оны тыңдарманға қалай жеткіземіз?

– Бұған тек қана қолдау қажет. Ал шоу-индустрия механизмдерінің ұлттық өнерді дамытуға тигізетін пайдасынан гөрі зияны көбірек. Себебі ұлттық өнерді еріксіз болса да, эстраданың тілінде сөйлетемін десең, эстраданың тактісіне салуың керек. Әйтпесе сөйлемейді. Немесе эстраданы бұрып әкеліп ұлттық өнерді күшейтетіндей дүниеге алып келуің керек. Жалпы, шоу-индустрияның механизмдерімен ұлттық өнерді дамыту қиын. Мысалы, ұлттық өнерді заманауи тәсілдермен насихаттаймыз деп әртүрлі жанрда, стильде орындап жүргендер бар. Дегенмен сондағы ойналып жатқан ән иірімдері мен күй сарындары бұзылды ма, бұзылды. Ән мен күй – адамды ойға, сонау тереңдегі ғасырларға жетелейтін мәңгілік дүние. Оны апарып тактіге, эстрада мен рок стиліне салғаннан кейін не болады? Былай қарап отырсаң, олар дәстүрлі өнерді шоу-бизнеске апарды. Алайда содан ұлттық өнер ұтты ма, ұтылды ма? Дәстүрлі өнеріміздің тұғыры содан биіктеді ме, төмендеді ме? Мәселе – осында. Екінші бір нәрсе – ұлттық өнердің бүкіл дүниелері бүгінгі эстраданың, шоу-бизнестің тетіктеріне сай келе ме?

Мысалы, «Көбік шашқанды» эстрадаға сала аласың ба, фортепьяномен ойнай аласың ба? Немесе Жарылғапбердінің «Шамасын» эстрадамен айта аласың ба? «Шамаңа қара» деп әннің өзі-ақ айтып тұрған жоқ па?! Яғни бұл – біздің ерекшелігіміз.

Жалпы, ұлттық өнердің өзінің даму жолдары бар. Бұл – тұлғалық өнер. Мұны мыңдар емес, бірлер ғана ілгері дамытады. Суырылып шыққандар ғана көрсете ала­ды. Әйтпесе сол кешегі Біржандар мен Ақ­ан­дардың қасында басқа әншілер болған жоқ дейсіз бе? Болды. Бірақ тұлға болғаннан кейін Біржанның, Ақанның аты қалды да, басқалар ұмыт болды. Қазір де мыңдаған әнші шығып жүр. Бірақ шындап қарасаң, нағыз талант иелері саусақпен санарлықтай ғана.

Ұлттық өнер ешқашан шоу-индустрия бола алмайды, ол – тұлғалық өнер. Тұл­ғалық өнер биік деңгейде болғанда ғана ұлттық құндылық болады және оның баға жетпес нарқы болады. Сондықтан ұлттық құндылықтарымызды өміршең етеміз десек, оны шоу-бизнеске, шоу-индустрияға айналдыруды емес, қаймағын бұзбаған қалпында насихаттап, мемлекеттік дең­гейде қолдау көрсеткен абзал.


Құралай ҚОҢЫР, «Алаш айнасы».

Пікірлер