Қымыз бен шұбатқа сусын деп ғана емес, дәрі деп те қараған мақұл

3022
Adyrna.kz Telegram

 

Мемлекет басшысы бір Жолдауында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Елге әкелінетін медициналық препараттардың сапасына қатаң бақылау орнатып, белсенді түрде отандық фармацевтикалық фабрикаларды құруға инвестиция тарту қажеттігін атап өткен болатын.
«Ілкі жоба ретінде Қазақстанға дәрі жасап, шығаратын фабрикалар салу қажет. Жүздеген миллион долларға дәріні сырт елдерден тасимыз. Қазақстанның өз ішінде дәрі-дәрмек жасайтын мүмкіндіктер мол, бұған әсіресе шөп те, өсімдік те жеткілікті. Осыған қатысты Үкіметтің ешқандай бағдарламасы жоқ. Бұның өзі пайдалы бизнес болып тұрғанымен онымен ешкім айналыспай отыр», деді Елбасы.
Шындығында да, химиялық, биотехнологиялық, синтетикалық препараттардан бөлек, жануарлар шикізатынан, түрлі жабайы шөптесіндер мен өсімдіктен алынатын дәрі-дәрмекке еліміздің Құдай берген әлеуеті толық жетеді. Мемлекеттің өз ішкі сұранысы тұрмақ шет елдерге экспортқа шығаруға қаншалықты мүмкіндіктің болатынын тағы айтуға болады.Кең байтақ Қазақстанның аумақтық-географиялық жағдайының ерекшелiктерiне орай өсiмдiк шикiзатынан алынатын дәрi-дәрмек препараттары өндiрiсi үшiн болашағы мол база екендігіне ешкім дау айта алмас. Әртүрлi климаттық аймақтардың, табиғи жасыл әлемнiң үлкен алаңдарының астасып жатуы, Қазақстанда өсетiн 6 мыңнан астам өсiмдiктiң кең ауқымда болуы оларды қажетке пайдаланылуға мүмкiндiк берiп отырған жоқ па?! Шындығында бұл бір кездері қолға алынған шара болғанымен, біраз жылдардан бері іске асыруы үзілген, еленбей қалған саланың бірі. Мәселен, бұрынғы Кеңес одағының фармацевтiк өнеркәсiбiне арналған жабайы өсiмдiк шикiзатының 80 пайыздан астамы Қазақстан мен Орта Азияда дайындалыпты. Қазақстанда жылына «Қаздәрөсөнеркәсiп» бiрлестiгi 500-600 тонна, Орман және аң шаруашылығы кәсiпорындары — 50-60 тонна, Ботаника және фитоинтродукция институты — 10 тоннаға дейiн, Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің ұйымдары — 5-7 тоннаға жуық дәрiлiк өсiмдiктерді жинаған. Бұндай қолда бар мүмкіндікті бүгін де қайта жаңғыртуға әбден болады. Бірақ, ендігі мәселе оны өз ішімізде өңдеуде ғана. Өйткені, мәселе сол Елбасы көтерген дәрі фабрикасына тіреліп қалады.Жаңағы Қазақстанда дайындалған өсімдік-дәрілердің отандық кәсiпорындарда тек 20 тоннадайы ғана өңделген екен. Бұл жалпы жиналған дәрілік шөп мөлшерiнiң 3 пайызынан да аз болып отыр. Қалғандары жартылай өңделген немесе өңделмеген түрде экспортқа шығарылыпты. Сондай-ақ 1980 жылдан бері қарайғы біраз уақытта жыл сайын 30 тоннаға дейiн әртүрлi дәрiлiк шөп пен таушымылдық тамырлары тұнба жасау үшiн Батуми зауытына жөнелтiлген. Алтын тамыр, мия тамыры секілді дәрілік шөптер де осылайша шет ел асып отырған. Нәтижесiнде республика экономикалық шығын тартады, өйткенi шеттен өңделіп келген дайын дәрi-дәрмектiң құны бастапқы өсiмдiк шикiзатынан 7-10 есе қымбаттап елге импорт ретінде қайта келеді.

Ал бұрынғы қазақтың халық емшілері адыраспан, тамыр дәрі, күшәлә, жусан, қарандыз, шайқурай, у қорғасын, арша секілді көптеген шөптерден жұртшылыққа керекті дәрілерді өздері қолдан жасайтын болғаны белгілі. Бұны да жаңғыртып, бүгінгі медицинамен байланыстыра отырып, кеңінен пайдалануға болатын дүние.

Яғни, Елбасы Жолдауында қадап тұрып айтылған дәрі-дәрмек фабрикаларын салудың болашағы зор екендігін осыдан-ақ көруге болады. Сонымен бірге, жоғарыда біз өлкемізде кеңінен өсетін дәрілі өсімдіктер туралы тоқталдық, ал қымыз, шұбат секілді шипалы сусындар мен малдың сүтінен, майынан жасалатын дәрмектер ше?! Басқасын айтпағанда, қазақтың қымызы мен шұбатын әлемдік деңгейдегі бренд-сусын, шипалы сусын ретінде де көтеруге болатын еді ғой?! Иә, тек пейіл, ықылас болса ғана.Қазақтың ықылым заманнан үзбей пайдаланып келе жатқан, құмартып тұрып ішетін сусыны қымыз жайлы кім білмейді («қымызды кім ішпейді»). Қымыз қазақ үшін дастарқанның ырысын келтіріп тұратын берекенің, дәулет пен салтанаттың, байлық пен мырзалықтың белгісі ғана емес, әрі сусын әрі дертке шипа, жанға қуат беретін тәбеташар іспеттес. Халықтық медицинада қымыздың емдік қасиетіне де ерекше ден қойылғаны белгілі.
Бие сүті ең алдымен қазақтарды кеңінен жайлаған аурудың бірі болып отырған құрт ауруына бірден-бір ем. Қазіргі кезде қымыз бен шұбаттың көптеген ауруларды, атап айтқанда өкпе ауруларын емдеуде, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, қандағы қызыл қан түйіршіктерімен (эритроцит) гемоглобин синтезіне әсер ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған. Сондықтан аурудың алдын алу шаралары және науқас адамдарды емдеу мақсатында қымызға деген сұраныс барлық жерлерде жыл бойы үзілмей келеді. Дегенмен де, кейінгі уақытта бұл сұраныстың жеткілікті деңгейде қолға алынбай келгендігі жасырын емес.
Бір ғана жайтты анықтап алайықшы. Ресми статистикаға үңілсек, жыл сайын елімізде жиырма үш мыңға дейін туберкулезбен ауырғандар тіркеледі екен. Сонымен бірге, аурулардың басым бөлігі, яғни, 40 пайызға жуығы құрт ауруының асқынып кеткен түрімен науқастанады. Оның үстіне туберкулез он сегіз жастан елу төрт жасқа дейінгілер арасында көп таралғанын ескеретін болсақ, бұдан аурудың еліміздегі нағыз еңбекке қабілетті адамдарды жайлағанын көруге болады. Сонымен қатар, туберкулезбен ауыратындардың 50 пайызға жуығы күнкөрісі өте төмен, негізінен тұрақты табыс көзі немесе жұмыстары жоқ, әрі тіршілік етуге жалпы қаражаты жете бермейтін азаматтарды қамтып отырғаны жасырын емес.
Яғни, соңғы жылдары туберкулезбен ауыратындардың саны азайып барады, дегенге саятын деректерден гөрі, қауіптің әлі де болса болашақ үшін залалы басым деп қараған орынды. Ал бұндай аурудың барлығы оның алдын алмаудан, ең бастысы бірден-бір емі болып табылатын қымыздан қол үзіп бара жатқандықтан туып отыр, десек қателеспеспіз. Өйткені бүгінгі жасөспірімдердің ішінде тек мал көрген ауылдағысы болмаса, қаладағысы қымыз-шұбат ішпек тұрмақ ондай ата-баба сусыны бар екендігін біле ме екен?Дүкен сөрелеріндегі қымызға қараудың өзі ұят секілді. Олай болатын себебі, мамандардың айтуынша бүгінгі дүкендердегі қымыз-шұбат сусындары мүлдем талапқа сай келмейді. Қымыздың бүлінгенімен қоймай, оның сапасының төмендеуіне ешкім жауап беріп жатқан жоқ. Осылайша, кезінде шетелдіктердің өзі «батырлар сусыны» деп мойындаған қымыздың қадірін қазақтың өзі кетіріп жатқан жоқ па, деген ойға қаламыз. Ал Дүниежүзілік сауда ұйымына қадам басқалы отырған уақытта қазақтың ұлттық калоритті сусынын қалайда көтермелеу қажеттігін неге ескермейміз?
Кеңестік кезеңнің өзінде Қазақстанмен қоса Ресей және басқа да республикаларда қымызды науқас түрлеріне шипа ретінде пайдаланатын бірқатар емдеу-сауықтыру орындары болған екен. Осы үшін де Қазақстан Ресейдің арнайы орталықтарына тонналап қымыз жөнелткен. Қазіргі күні бұндай сауықтыру орындарының барлығы жұмысын тоқтатқан, жоғарыдағы аурудың асқынғанына қарамастан, қымызбен ем қайтару секілді орындар жоқтың қасы. Бірақ, қымыздың қасиетін бүгінгі күні әлемнің алдыңғы қатарлы медицинасы толық мойындап отыр, оның ішінде батыстың мамандары бұған үлкен қызығушылық тудырып отырғаны жасырын емес. Ендеше бұл кеңістікті қазақ пайдаланса игі еді ғой. Ал мешеулікке салынып, оны болдырмайтын болсақ, қымыз-шұбатыңызды қырғыз, моңғол, өзбек ағайындар ертеңгі күні-ақ, әлемдік базарда саудалайтын болады. Тіпті біз бүгінгі күннің өзінде осы бағыттағы біраз дүниеден кешеуілдеп қалған секілдіміз.

Қазіргі таңда медицинасы жақсы дамыған Израиль, Франция, Египет, Германия, Жапония елдерінде қымызға деген сұраныс артып отыр. Қазақстаннан еліне көшіп барған немістер қымыз өндіруге арнайы зауыт салыпты-мыс деп естідік. Еуропаның біраз елін Түркияның қазақтары мен мадиярлар қымызбен сусындатып отыр. Жапондар Монғолиядан қымыз алғызып ішетін көрінеді. Мінеки, жалғыз қазақ қана қолда бар мүмкіндікті көрсете алмай отырған сыңайы бар.

Жақында ақпарат көздерінен Арал ауданындағы бір өңірде Израильдің технологиясы бойынша шұбат өңдейтін цех ашылады дегенді білдік. Ауылдағы кәсіпкер ағайын Израильдің «ARBEL» компаниясынан бір ауыстырғанда 500 литрге дейін шұбат өңдейтін қондырғы сатып алыныпты. Келісім бойынша еврейлер әлгі қондырғыларды орнатып, ол бойынша жұмыс істейтін мамандарды екі-үш ай оқытатын көрінеді. Тіпті аралдық кәсіпкерге израилдықтар өнімді Еуропа нарығына шығаруға көмектесуге уәде берген сыңайлы. Мінеки, жөн білетін адамның кәсібі осы.Жалпы Қазақстанды түбінде туризмнің қайнаған ортасына айналдырамыз деп жүрміз. Бұл бағытта арнайы заңнамалар, бағдарлама, жоспарлар да қамтылып жатыр. Сонда осы қымызды әлемге танытудың бір жолы туризм болуы тиіс. Елге келген шетелдіктердің демалатын орындарына, олардың жүрер жолдары мен тоқтайтын мекендеріне қымызды самсатып қою қажет. Емдік қасиеті мен қуатын насихаттап бір-екі дәмін татқызсақ, олардың өзі де қымызға дәндемей ме? Тіпті туристерді қызықтыра түсу үшін қымыздың түр-түрін жайып қоюға болады. Мінеки – саумал, міне — сары қымыз, әне – уыз қымыз, бұл — бал қымыз, қысырдың, қысырақтың қымызы осындай болады, түнемел, дөнен қымыз, құнан қымыз тағысын тағы, деп жайып салсақ қызықпайтын адам болмас.Ең бастысы қымыз-шұбатқа тек сусын деп қана емес, дәрілік сусын деп қараудың, осылайша басқа жұртқа насихаттаудың маңыздылығы зор болатын еді.


Қанат ТОҚАБАЕВ

Пікірлер