«Ипотека аламын» деп ажырасып тындым

2386
Adyrna.kz Telegram

Қазір алып мегаполюстерде баспаналы болғысы келетін жұрттың көпшілігі ипотека жүйесіне жүгінетіні анық. 

Жалпы, ипотека ұғымы біздің қоғамға сіңісе бастағалы сол 5 млнға жуық қауым баспаналы болудан үміттеніп қалып еді. Бірақ дамыған елдерде ипотеканың сыйақы мөлшерлемесі 2-4 пайыздан аспаса, қазақстандық банктер ипотекалық несиені кем дегенде 11-14 пайызбен береді. Оған тағы қызмет пайызы мен комиссияларды қосыңыз, сонда жылдық пайыз мөлшерлемесі 20 пайыздан да асып жығылады. Ол аздай бізде қарызы уақытылы төленбегендерге үйінен айрылып қалу қаупі тағы бар. Ал мұның арты отбасылық мәселелерді ушықтыра түсетіні анық. Алматы қаласы, Жетісу ауданының тұрғыны Ерқанат Уайсовтың айтуынша, ипотека алғалы бері отбасының шырқы бұзылып, ақыры төлем қабілетінен айрылған соң ажырасып тынған. 

«Екі бөлмелі үйді 20 жылға ипотекаға алдық. Дегенмен төрт жыл өткен соң ай сайынғы төлем 80 мың теңгені төлей алмай қиналдық. Әйелім де өзім де екі жақтап жұмыс істесек  те жетпеді. Қазір банк үйді кері қайтарып алды, ал әйелім ұлым мен қызымды алып өзі бөлек тұрып жатқанына бір жыл болды. Мен заңды алиментімді төлеп жүрмін. Біздегі басты мәселе шама-шарқымызға қарасақ та, ипоткалық несиені төлей алмадық. Әбден алып алғаннан кейін ғана пайызы жоғары, төлей алмай қалғанда банк тарапынан ешқандай жеңілдіктер жоқ екенін біліп, сан соқтым» дейді кейіпкеріміз. 

Ал бұл мәселеге қатысты  «Адырна» порталына пікір білдірген  мамандар «Үкімет қандай дағдарыста болса да екінші деңгейлі банктерді қолдай алды. Енді Үкімет «екінші деңгейлі банктер ипотекалық несиенің пайыздық ставкасын төмендетуі тиіс» деген талап та қоя білуі керек. Ал бұл тіптен мүмкін болмаса «Тұрғын үй құрылыс жинақ» арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік баспана беру бағдарламаларының капиталын Үкімет тағы екі есеге көбейтуі керек. Халықтың баспанамен қамтылу үміті жойылмасын десек, Тұрғын үй нарығына осылайша қозғалыс енгізу керек»,- дейді. 

Бұдан бөлек мамандар алға тартып отырғандай, ипотека жүйесіне қатысты түйткілдер жетіп артылады. Мысалы, қазір елдегі көк қағаздың құны 390 теңгеден айналып тұр. Мамандардың пайымдауынша, бұл көрсеткіш алдағы уақытта өспесе, кемімейді. Осылайша доллар «дөңгелеп», шарықтап өсіп барады. Ал бізде халыққа ең қажетті деген баспана бағасы да  доллардың соңына ілесіп өсе түсуде. Құрылыс саласының мамандары ендігі уақытта шаршы метрі арзан тұрғын үйлердің тапшы болатынын ашып айтты. биылғы жылы елдегі баспана бағасы тағы да қымбаттайтынын алға тартты. «Қазақстан құрылысшылар одағының» атқарушы директоры Азамат Қарлығашевтің айтуынша, барлық құрылысқа қажетті материалдар шетелден әкелінсе, баспана бағасы да өсе береді. 

«Арматура , бетон, кірпіш, травертин тәрізді материалдары шеттен әкелеміз. Бұл заттар АҚШ доллары қымбаттаған сайын қоса қымбаттап жатыр. Сондықтан үйді салатын материал қымбат болғаннан кейін үйдің өзі де қымбат болатыны даусыз»,-деді Азамат Қарлығашев. 

Маманның пайымдауынша, 2020 жылы  Қазақстандағы баспана бағасы тағы 10 пайызға өсуі мүмкін..

Қалай десек те, қазір Қазақстанда қарапайым халықтың қолы жетімді пәтер тапшы. Қолы жеткен қарапайым халық пәтерді көбіне ипоткекаға алады. Осыған байланысты экономист сарапшылар, «доллар өскен сайын банктерден ипотекалық несиені жеңілдетуді талап ету керек» деп отыр. Бұл ретте мамандар «Ұлттық банк  пен Үкімет еліміздегі ипотекалық несиелендіру саласындағы мәселелерді шешуге екінші деңгейлі банктерге үнемі қосымша қаржы бөліп отырады. Міне, сол бөлінген қосымша қаржы бірінші кезекте ипотекалық несиелердің қызмет көрсету талаптарын жеңілдетуге бағытталғаны жөн» деп отыр.
«Доллар қымбаттағы бері  елдегі ипотека нарығы айтарлықтай зардап шекті. Неше жыл қатарынан доллар қымбаттап келеді. Тұрғын үй бағасы доллармен есептелетіндіктен біздегі үй бағасы да қоса қымбаттады. Ал ипотекасын доллар арқылы рәсімдеген халықтың да банктердің алдында борышы өсті. Тіпті борышының бағасы өсіп кеткендіктен халықтың біразы наразылық та білдіруде.Осылайша көк қағаздың ырыққа көнбей еркін айналымға кетуі елдегі онсызда тынысы тарылып тұрған ипотека нарығын одан әрі дағдартып тұр. Бұл жерде біздің «онсызда тынысы тарылып» деп отырғанымыздың себебі: елдегі біраз банктер өткен жылдың күзінде ипотекаға баспана беруді өздеріндегі активтік қордың аздығына байланысты уақытша тоқтатқан еді. Енді биылдан бастап сол тоқтатылған ипотекалық рәсімдеу жалғасын табады деп үміттенгенбіз. Бірақ доллардың қымбаттауы, теңгенің әлсіреуі төңірегіндегі дақпырт елде әлі де өршіп тұр. Қазір банктердің ипотекалық рәсімдеуді тіптен қиындатып жібергені бұл саладағы сұраныс пен ұсыныстың деңгейін тым төмендетіп, талай баспанасыз қазақтың ипотекамен баспана алуға деген үміті құмға сіңгендей болды. Сондықтан біз үшін болашақта ипотекалық несие беру талаптарын жеңілдету керек. Бұл ипотека нарығына дем береді. Ипотеканың тоқтамауына мүмкіндік ашу керек. Егер болашақта ипотека нарығы дағдарса онда құрылыс саласы да тоқтайды. Құрылыс саласы тоқтаса онда бюджетке түсетін түсім де азаяды. Сондықтан доллар өскен сайын ипотка нарығына жеңілдіктер енгізіп отырған жөн»,-дейді «Барометр» талдау орталығының қаржыгері Арман Мусин.
Маманның пайымадауынша,  қазірде елдегі ипотека саласына қозғалыс керек. 

«Сауатты жүйелей алмаса ипотекадан өрт шығатынын ұмытпау керек. 2007 жылғы АҚШ-тан бастау алған ипотекалық дағдарыстың салқынын қалайша ұмытуға болады. Қазір қай аймаққа барсаңыз да үйсіз-күйсіз, тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген тұрғындарды байқайсыз. Себебі Қазақстанда жыл сайын бар болғаны алты, жеті миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Ал бұл – халықтың тұрғын үйге деген сұранысын қанағаттандыра алмауда. Сондықтан сұранысты қанағаттандыру үшін Үкімет жыл сайын салынатын үйдің ауқымын 10 – 12 миллион шаршы метрге жеткізуі керек. Сондай-ақ ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерін анағұрлым төмендету өзекті болып отыр», -дейді Арман Мусин. . 

Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтың пайымынша, расымен де бұл салаға серпіліс қажет. Бұл ретте маман «егер ұзақмерзімдік ипотека беру тоқтатылған жағдайда тұрғын үйлерді сатып алу көрсеткіші де күрт бәсеңдейді. Бұл - елімізде көпқабатты тұрғын үй салу тұралайды деген сөз. Ал мұнымен бірге экономикамызға үлкен серпін әкеліп отырған құрылыс саласы да құлдырап кетпек. Демек бұл мәселенің шешімін табуға Үкімет өзі ықыласты болуы тиіс» дейді.

Қарлығаш Зарықханқызы,
"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер