«Құмай» тарихи кешені туризмге сұранып тұр

3284
Adyrna.kz Telegram

Тасын түртіп қалсаң, тарихы­нан сыр суыртпақтайтын салқар да­ла­­мыздың төсінде тарихи ескерт­кіштер мен қорымдар көп. Со­лардың бірі – Астана қаласынан 120 шақырымдай ғана қашықта жатқан «Құмай» түркілік археологиялық–этнографиялық қорым-ескерткіші. Осы қорым­дар­ды зерттеп жүрген ғалымдар оны Астананың дәл ірге­сіндегі ірі туристік кешенге ай­нал­дырудың маңызы зор екенін айтады. Өйткені олар қасиетті қазақ жері­н­дегі өркениеттің бірден үш дәуірінен сыр шертетіндігімен-ақ шетелдік туристерге ғана емес, бүгінгі өскелең ұрпаққа да  қызықты болуы тиіс. 
Ақмола облысының Ерейментау ауданы Жыланды тау жотасының етегінде («Бұйратау»  ұлттық тарихи саябағына тиіп тұр) жатқан бұл қорым 2009 жылы табылып, содан беріде тарих ғылымының докторы, түркітанушы Айман Досымбаеваның жетекшілігімен қазылып, жан-жақты зерттеліп келеді. Құмай өзенінің сол жағалауындағы алқапта радиусы 3-7 шақырым аумақта жатқандықтарына байланысты мұндағы қорымдар ғылыми айналымға да осы атаумен енген.  Ал оның құрамында  түркілік ғұрыптағы «Қос батыр» тас мүсінді түркілік қоршауы, қола дәуіріне тән (жерлеу құрылысы) бейіт, түркілік ғұрыптағы Қарағайлы -1, Қа­ра­ғайлы-2, Қарағайлы-3 тас қоршаулары, қола дәуі­ріне тән Қарағайлы-4 қорымы, «Мұртты» қорғандары, ежел­гі қоныстың орны мен тас мүсіндер, Балықты-1 қорғандар тобы, сондай-ақ ортағасырлық жерлеу құрылымдары секілді аса құнды  ескерткіш-жәдігерлер бар. Яғни қорымдарды топырақтан аршып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу барысы бұлардың әр­қай­сысы біздің арғы бабаларымыздың өмір сүру салтынан, олардың жеткен өркениетінен мағлұмат беретін, аса құнды деректі дәйектердің көрнекті жиынтығы екенін көрсетті. Ендігі жерде осынау құнды жәдігерлерімізді ашық аспан астында тұрған қорым күйінде қалдырмай, ұрпаққа көрсетіп, өнеге қылатын, жатқа көрсетіп, тегімізді таныттыратындай ғылыми-танымдық әрі туристік кешенге айналдырсақ, игі болар еді. Осындай ұлы мақ­с­ат­ты ұстанған ғалым Айман Досымбаеваның атал­ған қорым­дарды ғылыми зерттеу және сақтау, мемлекет қамқор­лығына алу тұрғысынан атқарған еңбегі ерен. Ұлттық мұраға жанашырлықпен қараған ғалым ашыл­ған барлық ескерткішті құжаттандыру, картогра­фия­лық, топография­лық сызбаларын, суреттерін түсіріп, ғылыми түсінікте­мелерін жазу, Ақмола облысының Та­ри­хи-мәдени мұра­ларды қорғау және пайдалану бас­қар­масының есебіне тіркету жұмыстарына мұрындық бол­ды.

Археология магистрі, түркітанушы Әбдінұр Нұсқабаймен бірге осы ескерт­кіштер туралы толыққанды ғылыми-та­ным­дық мағлұматтар беретін «Құмай» түрік­тік археологиялық-этнографиялық ке­шені» атты кітапты жарыққа шығарды. Кітап­тың тұсаукесерінде ғалым осы ескерт­кіш­тер қорымын ірі туристік кешенге ай­нал­дыру бойынша «Назарбаев орталығы», Еуразия Ұлттық университеті және  Түркия Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (ТІКА) бірлескен жобасында таныстырған еді. Бұл жобаның маңыздылығы сол, ол – «Құмай» архео­ло­гиялық – этнографиялық кешені» ланд­шафт­­т­ы мұражайы мен қазақ –түрік халық­ара­лық орталығын құруды көздейді. Егер бұл жоба іске асатын болса, сөз басында айт­қан Астана маңынан бой көтеретін  ірі ту­ристік кешен осы болмақ. Мысалы, атал­ған ескерткіштер қорымын тарихшы Зей­нолла Самашев тарихи, мәдени және турис­тік кешенге айналдырудың маңызды екен­дігін айтады.

Зейнолла САМАШЕВ, тарихшы:

– Бұл қорымды үлкен тарихи, мәдени және туристік кешенге айналдыру – бола­шақ­тың ісі. Өйткені бұл қорым көне түркі дәуі­ріне жататын тас мүсіндер кешені бо­лып есептеледі. Орта ғасырларда өмір сүр­ген көне түркі халықтарының мәдени да­муы­ның ескерткіштеріне жатады. Олар бір жағынан  бейнелеу, тас қашау өнерінің кө­рі­ністерін берсе, екінші жағынан орта ға­сыр­ларда өмір сүрген ата-бабаларымыздың тұрмыс-салтынан, діни-нанымынан хабар береді. Соларды зерттеуге қажетті мате­риал, дереккөз.

Расында да, кешенді ғалымдар айтып отырғандай деңгейге жеткізіп, дамытуға әбден болады екен. Оған осы жобаға са­рап­тамалық қорытынды берген ҚР ҰҒА ака­демигі, тарих ғылымының докторы Ора­зақ Исмағұловтың пікірін дәлел ретінде кел­тіруге болады.  Осы сараптамалық қо­ры­­тындысында:

«Құмай» археологиялық – этногра­фиялық кешені» ландшафтты мұражайы мен қазақ –түрік халықаралық орталығын құру өзекті және ғылыми ойлау, ғылыми ор­та үшін өте маңызды, мемлекеттің әлеу­меттік және имидждік саясаты саласынан лайықты орын алады», – деп тұжырым­даған академик болашақ мұражайды ғылыми орталық және тарихи қалыптасқан өндіріс технологияларын визуалды түрде қалпына келтіретін зертхана ретінде пайдалануға болатынын айтыпты.

Оразақ ИСМАҒҰЛОВ, ҚР ҰҒА академигі:

– Атап айтсақ, Қазақстан аумағында қола дәуірінен бері үздіксіз қолданылып келе жатқан ежелгі металлургия дағдысы, дәстүрлі қолөнердің көптеген түрлері, керамикалық, зергерлік, былғары, мата бұйымдары  мен қару үлгілерін жасау секілді әлемдік тәжірибеде аналогы бар мұраларды сақтау  жөніндегі авторлардың идеясы халық арасында қызығушылық тудырады және жастарды тәрбиелеп, оқытуда маңызы өте зор.

Ал енді аталған жоба жөнінде берген қорытындысында Хельсинки университе­тінің (Финляндия) әлемдік мәдениет ка­федрасының классикалық археология доценті  доктор Збигнев Т. Фиема: «Бұл – Қа­зақстанның  мәдени мұраларының экс­позициялары негізінде туризмді дамыту мен мұражайтану, этно-археологияны ғылы­ми-зерттеу тұрғысынан инновация­лық тұжырымдарды қамтыған өте амби­ция­лық және көрнекті жоба», – деп бағалап­ты.   Соған орай, ол бұл кешенді жос­­пар­лы дамы­тудың шешуші  тетігі қаржыландыру мәселесіне тірелетінін де меңзеген. «Өйткені бұл жоба  Қазақстан ауқымында, тіпті Орталық Азия өңірінде бірегей кешен­ге айналуы мүмкін», – дейді З. Т. Фиема.

Бүгінгі қазақ даласы әлемдік өрке­ниеттің ошағы болғанын айғақтайтын асыл қазынамыз  ашық аспан астында жел мен жаңбырға мүжіліп, жоғала бер­мек. Олар­мен бірге адамзаттан алғаш болып асауды жуасытып, темірден түйін түйген, беріде төрткүл дүниені тітіреткен баба­ларымыз­дың асыл рухы да өшпесін десек, ұр­паққа мы­сал етер көненің осындай көз­дерін сақ­тауға жұмылға­нымыз жөн-ақ.


Айбын БАҚЫТҰЛЫ,

Астана, «Алаш айнасы».

Пікірлер