Біздерге шариғат жүйесі керек пе?

5353
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының Конституциясының 1 бөлімі, 1 бабында былай делінген: Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Демек, зайырлылық пен адам құқықтары біздің мемлекетіміздің тұрақтылығы мен игілігінің маңызды тірегі болып табылады. Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет болғандықтан, азаматтар кез келген дінді қабылдай алады. Мемлекетіміздің зайырлылығының арқасында өркендеуге де көптеген жолдар ашылып жатыр. Өйткені, тарихқа көз жүгіртсек кез келген мемлекеттің абсолюттік теократиялы монархиялық басқару жүйесі болғандығы өркендеуге кесірін тигізген. Бұл енді бөлек әңгіме...
Өкінішіке орай, Конституциямызда зайырлылыққа аса көңіл бөлінгенімен еліміздің көптеген аймақтарында артқа тартатын факторлар кездеседі. Солардың бірі халифатты аңсаушы діни топтар. Жасыратыны жоқ, дәстүрлі діншілдердің бәрі теократиялық мемлекеттің болғанын қалайды. Яғни, заң ретінде шариғатты қолданатын елді.
Шариғат дегеніміз не? Шариғат - Құран мен сүннеттер арқылы пысықталған нұсқаулар жиынтығы. Елімізде заң ретінде шариғат қарастырылса, бәріміз Құран мен сүннетті ұстануымыз керек деген сөз.
Сондықтан шариғи талаптарға сай мемлекет құру зайырлылыққа, халқымыздың қол жеткізген бостандығына, демократияға қайшы. Өйткені, дәстүрлі сүннизм мен шиизм араб-парсы мәдениеті болып табылады, бұл реакционды дәстүрлерде әйел адамның абыройы мен құқықтарын қорғаудың орнына аяққа таптайды, зина жасаған адамды таспен ату жазасына кеседі, өзге көзқарастыларды кәпір санайды, өркениетті елдерге тән өмірлік қағидаттарды теріске шығарады. Мұндай шариғи мемлекетте қайдағы бостандық? Бізге мұндай басқару жүйесі керек емес.
Ақиқатында шынайы Жаратушыға сенім адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары сияқты конституциялық құндылықтарды қолдайды.Монотеистік дүниетаным әділеттілік, адам құқығы, зайырлылық, бостандық сияқты құндылықтарды биік қояды. Монотеистік дүниетаным дәстүрлі діндерде болатын зорлық пен ұйымдасқан абыздық институт жүйесіне үзілді-кеслді қарсы.
Алайда, елімізде халифатты аңсайтын, шариғи талаптарға сай мемлекетті құрғысы келетіндер өте көп. Осы көзқарас бойынша қазақ жастары өмір сүріп жатыр десем артық кетпеспін. Бұл Қазақстанда тамыры кең жайылған қауіпті секталардың түсінігі. Қазіргі таңда еліміздің қай өңіріне барсанда сопы -салафилер ұстанатын діни-саяси таным мен шүкір-тәубешіл болғысы келетіндердің саны күннен-күнге көбеюде. Қазақстан Республикасына «Ширкстан» деген лақап есім де қойған. Бұл құпия емес, тек қана ащы шындық. Осындай түсініктер елімізде өшпенділік пен діни төзімсіздік туғызып отыр.
Міне, осындай діншілдер тәуелсіз Қазақстанның шариғи талаптарға сай халифат болғанын аңсайды. Бұның бәрі сырттан келген жаулардың қазақ жастарының арасына салып отырған іріткісі деуге болады. Қазақ жастары шет елден (Пәкістан, Арабия, Мысыр,Түркия т.б) оқып келгендердің уағызын тыңдап , діни емес пәндерді дүнияуи деп есептеп, ғылым- білімге көңіл бөлмей, мағынасыз «уағыздарды» тыңдап өмір сүруде.
Әлі күнге дейін Ринат Зайнулллинның (әйгілі сәләфи уағыздаушы) халифат жөнінде айтқаны есімде. Қасындағы ерушілердің бірі сұрақ қойған еді:
- Халифаттың құрылуына үміттенуге бола ма?
- Әрине болады, бірақ, сендер әлі дайын емессіңдер. Себебі, мына көшелердегі бағдаршамдарды алып тастасақ, көліктермен жүре алмай қаласындар ғой. Сондықтан халифат құратын болсақ, бағдаршамсыз жүре алатындай болуға дайындалу керек, - деген еді.
Не деген сандырақ десеңізші. Бағдаршамсыз күніміз не болмақ сонда? Әлде, сопылар мен салафтар бағдаршамнан да мықты техника ойластыруды айтты ма екен?
Құдайға шүкір, әйтеуір есік алдымызда ешкім зинақорларға тас атып, ұрының қолын кесіп жазалап жатқан жоқ. Демек, әлі ештеңе де кеш емес. Біздер әлі де түгелдей зайырлы, сөз бостандығы бар, мәдени құндылықтары бар, ғылым мен философиясы дамыған, адам құқығы қорғалған, әскері мықты, дамыған прогрессивті елдердің қатарында болатын, экономикасы тығырыққа кірмейтін, дағдарыстардан оңай құтылатын, алып державалармен бәсекелесуге қабілеті жететін, халқы елдің болашағына сенетін мемлекет құра аламыз.
Қазақстан неліктен рациональды ақыл-ойды ұстанатын зайырлы, демократиялық ел бола алмайды? Әрине, бола алады. Ол үшін тек қана позитивті - рационалды принциптерді ұстану қажет. Шариғи талаптарға сай жүйесі бар мемлекеттерге қарағанда біздің елде модернистік ұғымдар кең таралған. Бұл біздің осы уақытқа дейінгі жетістігіміз.
Бәріміз ұйымшыл болсақ, бір тудың астына біріксек, зайырлы және саналы болсақ, Жалғыз Жаратушының алдында жауапкершілігімізді түсініп мойындасақ, білім беру жүйесін нығайтсақ, жемқор немесе құлдық санаға шақыратын ойдан шығарылған діндерден ада болсақ, дүниеден өтіп кеткен Алаш арыстары аңсаған мемлекетті оңай құра аламыз. Сол үшін шариғат- халифат деген шүкіршіл-тәубешіл ортағасырлық утопиялық діни-саяси санаға жол бермейік !

 Тұрарбек Құсайынов,

"Демос" ҚБ төрағасы

Пікірлер