2 млн теңге жалақыны кімдер алады?

3200
Adyrna.kz Telegram

«Астана»  халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов басқарушы  қызметкерлерінің жалақысын жария етті.

«Бізде бонус жоқ. Жалақы  «Бәйтерек» холдингінің деңгейіндей болады.  «Бәйтерек» холдингінде басқарушылар  орта есеппен 5 мың долларға жуық жалақы алады. Бұл  шамамен 1 миллион 900 теңге алады», - деді Келімбетов Мәжілісте.

Бүгін мәжілісте «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы конституциялық заң жобасы қаралды.

Заң жобасы «инвестициялық резидент» ұғымын және Қазақстанда «инвестициялық салық резиденттігі»  бағдарламасын енгізуді көздейді.

Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасы - қазіргі таңда дүние жүзінде барынша кеңінен таралған құбылыс. Қазақстанда «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасын қолдану ұсынылады. Бағдарлама мақсаты – инвестор мен оның отбасы мүшелеріне Қазақстанға көп мәрте кіру визасын беру арқылы инвестиция тарту.

«Бірінші кезеңде қаржы орталығының әкімшілігі қаражаттың заңды-заңсыз жолмен табылғанын тексереді. Осыдан кейін әкімшілік ішкі істер министрлігіне тиісті қолдаухат жолдайды. Министрлік тиісті хаттама, процедуралармен бес жылдық визаны беру мүмкіндігін тексереді. Виза ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан заңнамасына сәкес толық тексеріс жүргізгеннен кейін ғана беріледі. Инвесторға қойылатын шарт – жыл сайын халықаралық қаржы орталығы биржасының құнды қағаздарына 60 мың доллар инвестициялауы тиіс», - деді заң жобасын түсіндірген Келімбетов

Осыдан кейін инвестициялық резидентке бес жылға дейінгі мерзімге кіру визасы беріледі.

Әрі қарай, инвестор елде тұрып жатқанына 90 күн өткеннен кейін және бюджетке жыл сайынғы міндетті төлемді (7000 айлық есеп көрсеткіш – 2019 жылы 17,7 миллион теңге) төлегеннен кейін, Қазақстаннан тыс жерлердегі көздерден пайда болған кірістер бойынша жеке табыс салығын төлеуден босатылады.

Ал Қазақстан ішінде алынған кірістерге, салық кодексіне сәйкес, салық салынады. Шетелдегі кірістерге салық салынбайды.

«Астана халықаралық қаржы орталығы» АҚ Президенті Қайрат Келімбетовтің айтуынша, мұндай орталық экономиканы әртараптандырып, тұрақты экономиканы құру үшін қажет. Оның айтуынша, жергілікті капитал нарығын дамыту үшін әлемнің көшбасшы биржаларының стратегиялық серіктесімен бірлесіп, «Астана халықаралық қаржы орталығында» жоғары технологиялық биржа инфрақұрылымы құрылады. Ол әлемнің үздік стандарттарына сай болмақ.

Пікірлер