Қытайдан қашқан екі қазақ Қытайға қайтарылады

9720
Adyrna.kz Telegram
"Қытайдан қашып келген" қазақтар Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы (оң жақта) баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 14 қазан 2019 жыл.

Қытайдан Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға қайтарамыз деп мәлімдеді Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов. 6 желтоқсанда ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі жарилаған видеосұхбатта Ділманов осылай деген. Бұл туралы "Азаттық" радиосы хабарлайды.

"Сот және барлық қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары аяқталғаннан кейін біз бұл азаматтарды мейлі Қытай болсын, мейлі басқа мемлекет болсын, келген еліне қайтарамыз. Нақты жағдайда біз Қытай Республикасына шекаралық өкілдік қызметі арқылы тапсырамыз. Әрі қарай көрші мемлекет мәселемен өзі айналысады" - деді Дархан Ділманов.

Ділмановтың айтуынша, екі азаматқа қатысты сот жақында басталуы тиіс. Ол Қазақстанның заңсыз көші-қон процесімен "қатаң күресетінін" айтқан.

Қазан айының басында Қытай қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өткені" туралы ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді. Қазан айының ортасында ҰҚК оларды "шекарадан заңсыз өтті" деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Осыдан бірнеше күн бұрын олардың адвокаты Ләззат Ахатова Азаттық тілшісіне тергеу амалдары аяқталғанын, іс материалдарымен танысып жатқанын хабарлаған. Ләззат Ахатова Өскеменде қамауда отырған екі жігіттің Қытайда қалған туыстарына қысым жалғасып жатқанын да айтқан.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.

Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлының тағдырына алаңдаған бір топ белсенді бұған дейін баспасөз жиынын өткізіп, егер Қытайға қайтарылса, екеуінің өміріне қауіп төнетінін айтып, Қазақстан билігінен оларға босқын мәртебесін беруін сұраған.

Пікірлер