Қазақстанның "Жусан" операциясы БҰҰ елдеріне үлгі болып отыр

1787
Adyrna.kz Telegram

 

Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы Қазақстаннның тұрақты өкілдігі мен БҰҰ-ның Терроризмге қарсы басқармасы Нью-Йорк қаласында «Терроризмнен азат әлемге және БҰҰ 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібіне қол жеткізу үшін дамушы елдердің синергиясы» атты іс-шараларды жиі  ұйымдастырады. Аталмыш жиынға әлемнің  түкпір-түпірінен өкілдер қатысып өз ойларын отраға салады. Жуырда қараша айында осы шара барысында Қазақстанның «Жусан» операция туралы жан-жақты айтылып, БҰҰ-на мүше мемлекеттерге үлгі ретінде көрсетілді..

Жалпы,  Қазақстан осыған дейін Сириядан отандастарымызды қайтару мақсатында «Жусан», «Жусан-2», «Жусан-3» операциясын ұйымдастырған болатын. Алғашқы операцияда қазақстандық арнайы жасақ 47 отандасымызды Сириядан елімізге қайтарса, бұдан соң Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен операция әрі қарай жалғасын тапты. «Жусан-2» операциясы кезінде Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді. Ал 28-31 мамыр аралағында өткен операцияның соңғы кезеңінде, яғни, «Жусан-3» шарасында Сириядан Қазақстанға 67 әйел адам, 171 бала, оның ішінде, тоғызы жетім бала, елге қайтарылған. Олар біраз уақыт бойы оңалту орталығында болып, психологиялық, гуманитарлық көмек алады.

«Жусан-2» операциясынан кейін Қазақстанға сегіз күндік сапармен БҰҰ тәуелсіз сарапшысы Ни Аолэйн Фионнуала келгенін барлығымыз білеміз. Сол кезде БҰҰ сарапашысы өз азаматтарын қорғауға алған Қазақстанның бұл батыл қадамы көптеген елдерге үлгі болатынын айтқан еді.

«Қазақстан әлем алдында әйелдер мен балаларды елге қайтару мүмкін екендігін және оны орындауға болатынын көрсетті. Мұндай гуманитарлық бастаманы өзге мемлекеттер де қолдап, қолға алса тіпті жақсы болар еді. Дегенмен мені қоғам деңгейінде қолданылатын дерадикализация әдістері алаңдатып отыр. Осы салада жұмыс істейтін ұйымдарды Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын», - деген болатын Ни Аолэйн Фионнуала.

Ал осы «Жусан» операциясы жөнінде дігтанушы Жандос Айбаров былай деді:

«Қауіпсіздік мәселелері, терроризммен күрес және оған қарсы қолданатын шаралардың дамуы – өзара тәуелді. Қазақстан осы мәселелерді шешуге өз үлесін қосып, министрлік тарапынан да үкімет тарапынан да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көптеген істер атқарылды. Бір ғана «Жусан» операциясы қаншама азаматтарды тығырықтан шығаруға көмектесті. Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың «Қауіпсіздік қызметкерлері «Жусан» операциясы арқылы Сирияға кеткендерді тозақтан алып шықты» деген сөзінің жаны бар. Сириядан келгендердіңбейне үндеуін тыңдап-ақ олардың сондай тауқыметтен бастан кещкенін аңғаруға болады. Мысалы, 25 жастағы Аида Сарина өзінің Сирияға қалай келгені туралы естеліктерімен бөлісіп, террористер арасында өмір сүрудің күрделілігі, қиын-қыстау кезеңдері туралы әңгімелеп берді. Бейнежазбада Сириядан оралған Аида өз отанына оралуға мүмкіндік бергені үшін Қазақстан үкіметіне шынайы алғысын білдіріп, өзі де террористермен күресуге дайын екенін шынайы айтып жүр. Бұл операция адасқандарды қалыпқа келтіріп, шынымен үлгі болып отырған дүние».

Расымен де маман айтып отырғандай, Сириядан келген Аида Сарина Қазақстан үкіметі арнайы операция ұйымдастырып, Сириядан отандастарын алып кетіп жатқанда, Франциядан, Германиядан және басқа елдерден келген әйелдер қалай қызыға қарағанын әңгімелеп берген болатын.

«Мен Қазақстаннан келген құтқарушыларды өз көзіммен көргенде, қуанышымда шек болған жоқ. Елімнің үкіметі бізді қиын жағдайға тастамай, алып кететінін түсіндім, риза болдым. Ия, мен терроризмнің құрбаны болдым. Бірақ қазір терроризмге қарсы күрескім келеді, осы үлкен мақсаттың бір мүшесі болуға және сұмдықтың алдын алуға өз үлесімді қосуға дайынмын. Мен терроризмнен зардап шеккен барлық әйелдердің үнін жеткізуші болғым келеді», - дейді ол.

Жалпы, Қазақстанның Женева қаласындағы Тұрақты өкілдігі, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бастамасымен, «Жусан» операциясының нәтижелерінде Қазақстанға оралған азаматтардың, ең алдымен әйелдер мен балалардың азаматтық өмірге қайта бейімделу жұмыстарына арналған іс- шараны жиі  өткізді.

Мұндай іс-шара Ресей, Иран, Түркия, Сирия, АҚШ, Ұлыбритания, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, бірқатар ИЫҰ, ЕО, Латын Америка және халықаралық мемлекеттері мен құрылымдарының - ХҚКК, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі органдары, ЮНИСЕФ, ДДСҰ, ХЕҰ үлкен қызығушылығын тудырып отыр.  Тіптен БҰҰ тәуелсіз сарапшысы Ни Аолэйн Фионнуала бастаған бірқатар сарапшылар «Қазақстан «Жусан» операциясы арқылы елдегі әр азаматын бағалай алатынын әлемге анытты» дегенді алға тартуды.

Рауан ІЛИЯСОВ,

«Адырна» порталы

Пікірлер