Қазақтың қуыршағы

6146
Adyrna.kz Telegram

Бесінші сыныпқа дейін қуыршақ ойнадым. Қуыршақ дейтін аты ғана. Шашағы шыққан жүгерінің бетіне сурет салып, «шашын» сәндеп әлек болатынбыз. Бұл да ұзаққа созылмайды. Жаз аяқталғанда бітіп қалады. Сосын қағазға «қуыршағым мынадай болса» деп сызбасын сызып, армандап отыратынбыз.

Үшінші сынып оқып жүргенде бізден гөрі қалаға жақындау тұратын жиен қыз қыдырып келді үйге. Қолында әйбат қуыршағы бар. Атын «Барби» деп таныстырды. Шашы – сары, көзі – көк, аяғы – ұз-ы-ын. «Теледидардағыдай сұлу екен» деп тамсанып қойдым. Жиен қыз: «Мұндай қуыршақ тек Алматыда болады» деді. Шындап «ауырдым» барбимен. «Менің өз қуыршағым қашан болады?», – деп армандадым. Алматыдан барби әкеп беретін жанашыр туысым болмағанына да өкіндім. Бірақ өкінішім ұзаққа созылмады. Ғайыптан ауылдың «шайтан базарына» «барби» келе қалды. Сары шаштысынан да, жирен шаштысынан алғыздырдым. Барбилерім тап бір сән үлгісін көрсететін қыздардан аунымайды. «Сұлу қыздың киімі көп болу керек» деп неше түрлі көйлек тігемін қуыршақтарға арнап. Киіміне сай бетін бояп, кем-кетігін де түзеймін. Кім біледі, қуыршақпен ойнай берсем, осы уақытта ісмер болып шығар ма едім? Үлкендер: «Сен бастауыш сыныпты бітірдің. Бойжеткен қыз қуыршақ ойнамайды», – деді. Амал жоқ, қимай-қимай қуыршақпен қоштастық сосын.

Сөйтсек, біз армандаған барбиіңіз бізге арналмаған екен ғой, есейгенде оқысақ. Әлем психологтары баланың барбимен ойнауына қарсы. Неге дейсіз ғой? Өйткені, аршын төс, қыпша бел, ұзын сирақты Барби қыз бала санасын тез есейтіп, «қашан Барби секілді әдемі боламыз» деген ойға жетелейді екен. Оның үстіне о баста сыртқы сымбаты жезөкше әйел бейнесіне қарап жасалған қуыршақтан қайыр, ізгілік күту – ақылға сыймайды. Тарихына аздап шолу жасасақ, қуыршақ Барбиді шығарушы «Маттел» компаниясының қожайындары Хендлерлердің қызы Барбараның құрметіне орай қойылған. Сатылымға алғаш 1959 жылы шыққан «сары шашты қыздың» құны 3 доллар болса, 45 жыл өткен соң (2004 жылы), яғни ең алғашқы барби Лондонда өткен аукционда 17 мың АҚШ долларына сатылған. Қазіргі кезде әлемнің 150 еліне тарайтын барбиге тең келетін «жігіт» табылмай жатыр. Қызықты ақпарат үшін айта кетейік, «Рассел» компаниясы Кен деген қуыршақ-жігіт үшін Барбиге «сырға салған». Алайда маттелдіктер «біздің қыздың сұлулығына сіздердің балаларыңыздың сымбаты сәйкес келмейді» деп, салған сырғасын да, неке сақинасын да қайтарып беріпті. Содан бері Барби күйеу жігітсіз. Қазір әлемнің қуыршақ жасайтын ірі компаниялары Барбиге тең келетін қуыршақ-жігітті саудаға шығару үшін бәсекелестікпен әуре.

Өткенде қатарлас құрбымыз да мұң шағып еді «ойыны қанбаған баламыз» деп. Сосын есейгенде естелік болсын деп қуыршақ бейнесіндегі қазақ жігітін сыйламақ болдық оған. Бір жағы бойжеткен қызға ырымдадық та, «жанына жалау болар қазақ азаматын тапсын» деп. Алматының ойыншақ сататын біраз дүкен-базарын араладық. Таппадық. Өңкей мұрты едірейген, киімі жалбыраған, түрі жат бірдеңелер. Қайбір жылы Қали Сәрсенбай ағамыз: «Немереме қазақ қуыршағын таппадым» деп шырылдағанда, аса құлақ аса қоймаған едік. Басқа түспей білмейді екенсің. Қазіргіні қойшы, құрбымызға басқа сыйлық тарту етерміз, ал ертең ана болғанда баламызды қандай ойыншықпен ойнатамыз деп бас қатырдық.

Осы сөзімізді естігендей, «бүгінде қазақ өнеріне, ұлт мәдениетіне әлемдік деңгейдегі «Ұлытау» сынды жобасымен өз үлесін қосып жүрген, продюсер Қыдырәлі Болманның бастамасымен қазақша сөйлейтін, қазақша тақпақ айтатын, күй тартатын тұңғыш қазақы тұрпаттағы қуыршақтар жасала бастапты» деген ақпаратты құлағымыз шалды. «Құланның қасуына мылтықтың басуы дөп келді» деген осы да. Алақайлап қуанып, Қыдыкеңе жолықтық «мына ақпарат рас па?» деп. Рас екен. Тіпті, қазақтың қуыршақ үлгілерін көргенде қайтадан бала болып ойнағымыз келіп кетті…

Мәссаған, Қарақат – қуыршақ!

Ел не десе, о десін негізі Қыдыкең сөздің де, істің адамы ғой. Әр ісінен ұлтқа деген игілік аңғарылып тұрады. Енді бастамашыл Болман тағы бір қазақы жобасымен қуантып отыр. Ұлт болашағы үшін жасалған осындай жобаларды қолдау сіз бен бізге тек парыз болмақ, құрметті оқырман. Сонда ғана біз бірлігі жарасқан, нағыз ұлттық мемлекетке айналарымыз сөзсіз.

Сонымен қызуқаны Қыдыкеңді жаңа бастамасымен құттықтап, біраз ой бөліскен едік.

– Қыдырәлі мырза, сіз алғаш рет нарыққа енгелі отырған қазақтың қуыршақтарын өз қолыңызға алыпсыз, құтты болсын!

– Ниеттеріңізге рахмет! Мен қандай іс бастасам да «Бұл қазаққа не береді?» деген ойдың төңірегінде істеймін. Сондықтан да бұл жоба да менің алдыңғы жобаларыммен тығыз байланысты. Барлығы да бір мақсатты – ұлт руханиятына, ұрпаққа қызмет етуді діттеген.

– Қазақтың қуыршағын жасау ойы сізге қайдан келді? Сізден бұрын мұны ешкім ойламаған ба?

– Менің балаларымның ойыншықтары да өзге қазақ балаларыныкі секілді кілең шетел мультфильмінің кейіпкерлерінен алынған ойыншықтар. Қазақы кейіптегі, баланың ұлтына деген махаббатын оятатын, тәрбиелік мәні барларын іздесең таппайсың. Содан балаларымды ойнатқан сайын «Неге мен балама өзіміздің ойыншығымызды жасап бермеймін?!» деген ой мазалайтын болды. Содан, Алла нәсіп етіп, міне қазақ қуыршақтарының алдыңғы легі нарыққа шығуға дайын тұр.

– «Қазақстанда жасалған» деп шығады ғой?

– Дәл қазіргі уақытта қуыршақтарды Гонконгта еуропалық сапамен шығарғалы отырмыз. Сондықтан да онда «Бал-Бала7» компаниясы жобасының тапсырысы бойынша Қазақстанға арнап жасалған» деп шығады. Алла қаласа, күллі ТМД-да жоқ балалар ойыншығын жасайтын зауытты елімізде салуды жоспарлап отырмыз.

– Ганконг сіздерді алдап кетеді деп қорықпайсыздар ма? Жіберілген өнімнің сапасын қалай анықтайсыздар?

– Біз әлемдік сертификат алған компаниямен жұмыс жасап жатырмыз. Ал ондай ірі компаниялар өздерінің имидждеріне нұқсан келтіруді ойламайды, біріншіден. Екіншіден, қуыршақтарды біз арнайы тексеруден өткізген соң барып қабылдаймыз. Өйткені, бала ойыншықты аузына салып ойнағанда, оның денсаулығына ешқандай зиян келмейтін болу керек.

– Келешекте «Бал-Бала7» жобасы бойынша қаншама адам жұмыспен қамтылатын да шығар?

– Қазірдің өзінде бұл жоба аясында жиырмадан аса адам жұмыс істеуде. Келешекте зауыт ашылғанда 200-300-ден аса адам жұмыспен қамтылатын болады.

– Қарап отырсақ, қуыршақтарда кілең Қарақат Әбілдинаның бейнесі ғой?

– Қарақаттан өзге қазақ ертегілеріндегі Ер Төстік, Тазша бала сынды кейіпкерлермен қатар қазақша тақпақ айтып, ән салатын көптеген жұмсақ ойыншықтар да бар. Мысалы Тазша бала «Ассалаумағалейкум! Мен Тазша баламын. Мен Бэтманнан бұрын бармын. Ол менің жанымда кім?» деп сөйлейді. Неге біз Тазша баланы бұлай сөйлетіп отырмыз? Себебі, қазіргі балалар мульфильм кейіпкерлерінің бәрін біледі. Ол ойыншықты көрген бала анасынан: «Анашым, Тазша бала деген кім?» деп сұрайды. Сонда баласына жауап беру үшін анасы да Тазша баланың кім екенін іздеп, оқитын болады. Алдар көсе, Күлегеш бар. Күлегеш қазақ баласының күлкісімен күледі. Қарақаттың ана, әнші ретіндегі бейнесі бар. Ол «Сәлем, балақай. Сенің атың кім? Біз сені жақсы көреміз. Сен ақылдысың» деген сияқты бала санасына қонымды сөздер айтып: «Мен саған қазір ән айтып беремін» деп, «Айналайын» әнін орындап береді. «Айналайын» – үлкеннің де, кішінің де ең сүйікті әндерінің бірі. Болашақта «Асыл әжем» және басқа әндерді орындайды. Сосын қуыршақтарға да Қарақаттың сахналық киімдерін тіккіздік. Тағы 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының нышаны Барыстың да қуыршақ бейнесін бірнеше түрлі етіп жасадық. Оның бірі кішкентай баланың даусымен еліміздің әнұранын орындаса, екіншісі күмбірлетіп күй тартады. Бір ғана қуыршақ арқылы көптеген шешімін таппаған ұлттық мәселелердің түйінін тарқатуға болатындығын біз көптеген мамандармен кеңесе отырып дәлелдедік.

– Танымал адамдар бейнесі арасында Қарақаттан басқа әншілерге «қуыршақ болу» қуанышы бұйыра ма?

– Неге болмасын, Алла қаласа, біз болашақта елге әнімен, өнерімен еңбек сіңіріп жүрген танымал өнерпаздардың бейнесін қуыршақ етіп жасайтын боламыз. Мысалы, Роза Рымбаева, «МузАРТ»-тың жігіттері қуыршақ кейіпкерге айналуы мүмкін.

– Қуыршақ-Қарақаттың өзін Қыдырәлісіз елестету қиын екен…

– Алла бұйыртса, ол да болады (күліп).

– Құпия болмаса айтыңызшы, қуыршақтардың бағасы қанша тұратын болады?

– Қуыршақ әлі сатылымға шыққан жоқ. Оны мен айта алмаймын. Маркетингтік бағасын маркетологтар анықтайды. Бірақ «Барби», «Ксюша» секілді қуыршақтардан сапа жағынан да, бала психологиясына тигізетін әсерінің дұрыстығы жағынан да ілгері тұратынына кепілдік бере аламыз.

– Дегенмен де, қарапайым халықтың қолы жетімді бола ма дегенім ғой…

– Мәселен, дүкендерде «Барбиді» 15-20 мың теңгеге де алып жатыр ғой. Біздің қуыршақтардың бағасы ары кетсе 8-9 мың теңге болады. Сапа жағынан да, бағасы жағынан да тиімді, пайдалы болатыны сөзсіз.

– Қымбат емес пе?

– Қуыршақ құнына сай пайдалы әрі қауіпсіз болғандықтан, нарықтағы бағасы өзін-өзі ақтай алуы шарт. Сондықтан да, оның бағасы сапасына сай болу керек. Бастапқыда тек Астана, Алматы қалаларының ірі сауда нүктелерінде сатылады. Ал қара базарға мүлдем шығарылмайды. Өйткені «Бал-Бала7» компания Қазақстанның әлемдік талаптарға сай бренді болмақ.

– Нақты сатылымға қашан шығады?

– Дәл айта алмаймын. Әзірге осы ақпарат та жетіп қалар.

– Әлбетте. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз. Ұлт үшін аянбай еңбек ететін сіз секілді азаматтарымыз көп болғай!

P.S. «Ұлытау» – Еуропа жұршылығын, Ресей халқын, американдықтарды қазақтың қара домбырасынан төгілген құдіретті күйге бас игізсе, Қарақат арқылы Отандық шоу бизнесте қазақ қызының образы қайта жаңғырды. Ал «АБК» арқылы қазақ эстрасында триолар легі қалыптасты. Осындай әлемдік брендке айналған жобалардың авторы Қыдырәлі Болманның «Бал-Бала» атты Жетінші жобасы қазақ қуыршақтарының әлемде теңдесі жоқ брендке айналуына шын жүректен тілектеспіз!


Жадыра НАРМАХАНОВА.

 

 

Пікірлер