Зейнеп АХМЕТОВА: Бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбие

4242
Adyrna.kz Telegram

«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, тәрбиенің мықты іргетасы отбасында қаланады. Газетіміздің өткен сандарында бесікке қатысты біраз мағлұматтарды — бала өміріндегі бесіктің пайдасын, маңызын жан-жақты түсіндіріп өттік. Бесікке қатысты, яғни ана мен баланың арасындағы тағы бір байланыс — бесік жыры деуге болады. Бесіктегі баласына ана әлдиін, бесік жырын айтпаған қазақ әйелі жоқ шығар. Жалпы, бесік жыры жайлы не білеміз? Баласына не себепті бесік жырын айтқан, оның маңызы неде? Айдарымыздың тұрақты кейіпкері Зейнеп апай бұл жөнінде былай дейді…

«БҮКІЛ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ ӘН САЛЫП ТҰРҒАНДАЙ…»

Бесікке бөленіп өскен баланың бір ерекшелігі — бесігін аңсап тұратындығында. Ондай бала өзінің бесігіне жатпаса, мазасызданып, ұйықтамай қояды. Бала әбден тойған сәтте анасы бесікті жайлап тербете отырып, бесік жырын айтатын болған. «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», — деп таңдана жазған екен жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде. Әйгілі Затаевичтің «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай…» деуінің астарында көп сыр бар. Ал мұның басты себебі баланың бесік жырын тыңдап өскендігінде жатыр.

Бесік жыры — балаға берілетін алғашқы тәрбие. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баланың құлағына сіңеді. Бесіктегі баланы әннің ырғағымен тербетеді. Бесік жырының тұрақты нұсқасы жоқ.

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем,

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Шебер болар ма екенсің?!

Таңдайларың тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен болар ма екенсің?!

Бұл — бесік жырының бір түрі ғана. Осындай әдемі әуенмен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Баланың бойына әсерлі әуен, сұлу сөзбен айтылатын ананың әлдиі ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бесік жырының толып жатқан түрі бар. Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Тіпті алыстағы төркініне деген сағынышын да бөпесіне айтып, баласымен сырласа отырып «әй, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем…» деп іштегі шерін бесік жырына қосқан. Анасының еліне деген сағынышы бөпеге беріліп, ол анасын аяйтын, ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өседі екен… Бүгінде үлкен сахналарда да бесік жыры естіліп қалады.

Тәй-тәй басып, бөпешім, жүргенің қандай?

Көзқуаныш, көкешім, күлгенің балдай.

Аспандағы ай-күнді аламын дейсің,

Асқар таудай айбынды боламын дейсің.

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Сендей сәби жоқ, көкем.

Анам-әкем дейсің бе?

Тілің тәтті екен.

Әлди, әлди, ақ еркем,

Бойжетерсің сен ертең.

Мақтанышы елімнің,

Өзің бол, еркем! — деп жырлаған ақын Қ.Сариннің «Бесік жырын» (әні А.Бексұлтандікі) әнші М.Бесбаев орындап жүр.

«ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ, ҰШҚАНДА СОНЫ ІЛЕСІҢ»

Қазіргі келіндерге ұлттық өнегені көрсетіп, тәрбие беретін енелер азайды. Өйткені бүгінгі енелер мен әжелер — кешегі Кеңес өкіметінің келіндері. Олар көпбалалы болудан гөрі қызмет қуғанды қалады, ерлермен теңқұқықты болуға ұмтылды, осылай ерікті және еріксіз түрде ұлттық құндылықтан, тәрбиеден ажырады. Қазіргі жас келіндерді сол үшін де аяймын кейде. Өз басым, ұлттық тәрбиені алдымен өз келініме үйретіп, өз немерелерімнің бойына сіңіруге тырысамын. Өзіміз үйретпей тұрып, жастарды кінәлаудан аулақ болғанымыз жөн. Мақтанғаным емес, екі немереме де бесік жырын айттым. Үлкен немерем Нұрсұлтанның мінезі ауыр, салмақты. Ал Мадиярым төрттен асқанша жастықты тіземе салып, жата қалып, «әлди айт» дейтін. Бүгінге дейін: «Әже, маған әлди айтшы, ұйқым келді», — дейді. Оған өзімнің білетін бесік жырының барлығын, тіпті жанымнан шығарып айтып жүрдім. Ұғынықты әрі жаттап алуға ыңғайлы етіп:

Бөпем менің қайда екен?

Қыздарменен тауда екен,

Тауда неғып жүр екен?

Алма теріп жүр екен,

Қызыл алма қолында

Қыздар оның соңында,

Жүгіріп-жүгіріп жүр екен, — деген сияқты есте сақталатындай халық әніне салып айтамын. Ол бесік жырын тыңдап жатып маужырап ұйықтағанды жақсы көреді.

Әуен, саз деген — құдірет. Алла тағала жеті дыбысты жаратқан, ал қазақ халқының тумысынан әнші халық екені әмбеге аян. Олай дейтініміз, қазақ баласының тілінің ерте шығып, өнерге үйір болуының бір ұшы осы бесік жырында жатыр.

БЕСІК ЖЫРЫНЫҢ МАҢЫЗЫ

Бесік жыры арқылы баланың тілі ерте шығатынына бүгінде мән бермейміз. Бесік жырын тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілеті жақсы жетілетініне көңіл аудармаймыз. Бүгінгі ұрпақ шешендігінен, әншілігінен, ақындығынан, сабырлылығынан, парасаттылығынан ажырап барады. Бұл да — алаңдатарлық жай.

Біздің елде ауыздан қалмай келе жатқан аңызға бергісіз әрі біздің әулетке қатысты бір әңгіме бар. Ертеректе бір келіншек бесігінен ажырамай жүрген баласын бесікке бөлеп, әлдебір жұмыстарымен шығып кетсе керек. Отағасы да сырттағы тіршілігімен кеткен. Жолай демалмақ болып тоқтаған бір жолаушы киіз үйдің тұсына келіп: «Кім бар-ау!» деп дыбыс берген екен. «Кіре бер» деген дауысты естіп, ішке кірген жолаушы аңтарылып тұрып қалады. Үйде бесікте ұйқысынан оянған баладан басқа жан жоқ. «Өреде ашыма бар, өзің де іш, маған да бер» деген екен бала жолаушыға. Қазақтың баласының тілі жатықтығын, ерте шыққанын байқаймыз бұдан.

Қазақта «түйе мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі» деген сөз бар, сөйте тұра бүгінде өзге мамандық иелері ән айтса, біртүрлі тосырқап қабылдаймыз. Ән айту қазақтың қанында бар екенін айтып өттік. Ендеше, әншілік өнер қазаққа неге жат болуы керек?! Керісінше, кешегі от ауызды, орақ тілді, сөзге жүйрік бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы тілден айырылған. Мақалдатып сөйлеген былай тұрсын, көрген оқиғасын, оқыған әңгімесін баяндап айта білмейді, әсерлеп жеткізе алмайды. Ойын толық әрі түсінікті қылып, еркін сөйлей алатын, әңгіме айта білетін балалар жоқ. Ендеше, қазақы мінезіміз бен болмысымызға қайта оралу үшін әр ана бесік жырын сәбиінің бойына сіңіріп өсіруі керек. Бесікке асыла отырып мейірлене бала емізген анадан, бесік жырын айтып отырған келіннен сұлу әйел жоқ шығар, сірә! Осыны естен шығармағанымыз жөн…


Әңгімелескен

Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ,

«Айқын».

Пікірлер