Сақина тағудың сыры мен сауабы

9758
Adyrna.kz Telegram

Қолөнері қатты дамыған қазақ халқында жиһаздық бұйымдар мен зергерлік заттардың, ұлттық киімдердің түрі көп. Әсіресе, қазақ зергерлерінің таза күміс, алтыннан білезік, сырға, сақина, жүзік соғуы, оны құйып жасауы – үлкен шеберлікті талап етеді. Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде күміс әшекейлердің бетіне алтын жалату, алтынмен булау немесе қақталған жұқа алтынмен көркемдеп зергерлік заттар жасау өнері қалыптасқан. Әйел әшекейінің ең қымбаты – ұзатылатын қыз үшін жасалатын сәукеле болса, қазақ зергерлерінің өте көп жасайтын әшекейлерінің бірі –сақина мен жүзік.

Сақинаның түрлері

Сақина мен балдақ саусаққа салынады. Олар негізінен, әйелдер жиһазы болып саналғанымен, ерлер қолына салатын да сақиналар бар. Сақиналар әшекей мәнеріне, көздерінің бейнелеріне қарай былай деп аталады:

1. Тасты сақина.
2. Моншақты сақина.
3. Кавказ сақина.
4. Құсмұрын сақина.
5. Ырғақ сақина.
6. Бұрамалы сақина және т.б.
Сақиналар көбінесе сом күмістен соғылады. Қазақ шеберлері сақина, сырғалар-дың көздеріне дайын күйінде сатып алынған мынандай әсем, қымбат тастарды пайдаланады:

1. Теңбіл тас (сланец пятнистый).
2. Су тас (хрусталь).
3. Көк тас (малахит).
4. Құлпырма тас (перламутр).
5. Құбыла тас (александрит).
6. Зүбәржат (изумруд).
7. Жақұт (яхонт).
8. Лағыл (рубин).
9. Жарқырауық тас (самоцвет).
10. Гауһар (бриллиант).
11. Ақ тас.
12. Янтарь.

А.Машановтың 1962 жылғы 14 қаңтарда «Социалистік Қазақстан» газетінде жазуы бойынша, янтарь – күн сәулелі тас, әдемі тастарды бір кездері «кереметті тас» санаған.

Халық нанымында асыл тастардың кейбіреуі адамға құт әкеледі, жаңбыр шақырады, тіл-көзден сақтайды. Ал, янтарьдың ғажайып сипатын грек ғалымдары осыдан 2500 жыл бұрын білген көрінеді. Оны парсы тілінде Хахруба (өзіне тартқыш) деп атайды екен. Янтарь тегінде бір түрлі ағаштың сорғыған шайырынан шығады. Оның ішінде құрт, құмырсқа, қоңыз сияқты жәндіктердің денесі тірі қалпын сақтап қалып та қояды. Бұл жөнінде М.В. Ломоносов тіпті, «Қабырың хандардан да артық екен», — деп, янтарь ішінде қалып қойған шыбын-шіркейге арнап өлең де шығарған.

Қазақ тілінде сақинаға байланысты көптеген атаулар қалыптасқан. Олар мынандай:

1. Ақық сақина – кішкентай ақық қондырылған сақина.
2. Алтын сақина – таза алтыннан жасалған.
3. Балдақ сақина – сақинаның саусақ үстіне қараған беті төртбұрыш болып келетін түрі.
4. Бұрама сақина – алтын, күмісті есіп жасайды.
5. Жез сақина – саусаққа салу үшін емес, қамшы, найза, пышақ, қылыш сабын бекіту үшін жасалады.
6. Кавказ сақина – қара ала өрнекті сақина түрі.
7. Күміс сақина – таза күмістен құйып жасайды.
8. Қола сақина – қоладан жасалған арзан сақина.
9. Моншақты сақина – моншақ қондырылған сақина.
10. Құсмұрын сақина – үсті дөңестеу келген сақина түрі.
11. Мыс сақина – мыстан жасалған ортан қол сақина.
12. Неке сақинасы – жас жұбайлардың үйлену тойында бір-біріне сыйлайтын сақинасы.
13. Сақинек – пышақ, қылыш т.б. құралдардың сапа жетесі сұғылатын жерін қысып тұру үшін мыс не күмістен жасалатын балдақ, мойнақ.
14. Сіркелі сақина – бетіне ұсақ түйіршіктерден сірке өрнек салған сақина.
15. Тасты сақина – тас, шыны орнатқан сақина.
16. Темір сақина – темірден жасалған тығыршық, сақинек.

Сақинаның бауыры жүзікке қарағанда жалпақтау келеді. Сақина мен балдақты жүзік деп те атай береді. Ерлер сақинаны бір қолына ғана салады, әйелдер барлық саусақтарына екі-үштен қосарлап сала береді.

Құдағи жүзік

Қазақ салты бойынша қыз шешесінің құдағиына сыйлайтын, қос дөңгелекті, үсті тұтас қомақты, асыл тастардан көз қондырылып, алтынмен қапталған қымбат бұйым - құдағи жүзік. Ол кәдімгі қос балдақ жүзікке ұқсас болғанымен, одан көркем, ерекше жасалынған. Қыздың шешесі құдағи жүзікті зергерге әдейі тапсырыспен жасатады. Екі жастың қатар тұрған қос балдақ, сақина тәрізді қартайғанша бірге өмір сүруін тілейтіндігінің белгісі ретінде сыйға тартады. Бұл бұрын бұлжытпай орындалатын салттардың бірі болған.

Құдағи жүзіктің бауырында екі саусаққа бірдей кигізетіндей қосарланған екі сақинасы болады. Оның беті асыл тас, түсті шынымен, алтындалып әсемделеді. Кей жерлерде ұзатылған қыздың енесіне бір жылдан соң тарту етіледі. Себебі, құдағи жүзік жаңа түскен келінге шын мәнінде аналық қамқорлық жасаған енеге берілуге тиісті. Бір жылдың ішінде кіші, үлкен енелерінің қайсы аналық қамқорлық көрсете білді, ол өзінен-өзі анықталатын ақиқат. Құдағи жүзікті оң қолдың ортаңғы саусағына кигізгенде, оның төрт саусақ сыртын түгелдей жауып тұруы шарт.

Сақина тағу дәстүрі

Сақина – естелік, сыйлық, тіпті, мұралық белгі. Халқымызда қалыптасқан дәстүр бойынша, ас адал болуы үшін оны дайындайтын, дастарханға қоятын, шай құйып беретін әйелдің саусағында міндетті түрде сақина болуға тиіс. Көбінесе әйелдерге күміс сақина тағу ұсынылады. Алайда алтын сақина тақса да айып емес. Оның да жақсы әсері бар. Сол себепті қазақтар «Сақинаны сәнге салмайды, ол – тазалыққа таразы», «Сақина сәнге жатпас, айқай әнге жатпас», — дейді. Сөйтіп, сақинаның тек сәндік қана емес, гигиеналық та қызмет атқаратынын аңғартады.
Иә, біздің данагөй халқымыз сақина соғылатын күміс, алтынның таттануға ұшырамайтынын, олардың судың, тамақтың тез бұзылмауына септігін тигізетінін, денсаулыққа жағымды әсер ететінін тым ерте байқап, білген. Көп адамның естерінде болар, жас келіншек нәрестесін шомылдырарда, жаялығын жуарда, тамақ дайындарда ауылдағы қарт әжелеріміздің оған: «Қолыңа күміс сақинаңды салып ал, ол тазалыққа, адалдыққа жақсы», — деп айтып отыратыны. Тіпті, нәрестені қырқынан шығарарда оны шомылдыратын суға да күміс теңгелерді немесе күміс, алтын сақинаны, білезікті салмайды ма? Бұл – әлгі зергерлік заттарды сәбиді қырқынан шығарушы әйелдерге арналған сыйлық қана емес, халқымыздың сондай асыл заттарды қасиетті санауынан қалыптасқан дәстүр де.

Мұның сыртында тілімізде: «сақинасы ұстап отыр», — деп басы ауырған адамды, «сау басына сақина тілеп алды», — деп тектен-текке дау-жанжалға қалған адамды айтады. Ал, «сақинасы сынық», — деп бойжеткеннің қыз емес, әйел екендігін білдіреді. Тұрмысқа шыққан қызды да «сақинасын сындырған» деп айтады.

Неке сақинасын алмастыру дәстүрін, болжам бойынша, мысырлықтар ойлап тапқан. Сақинаның дөңгелек формасы (қалпы) – мәңгілік жұптар арасындағы шексіз бақыт пен махаббатты білдіреді. Той күні қонақтардың күйеу жігіт пен қалыңдыққа жақындауы (қол тигізулері) бақыт әкеледі деп есептелген. Өйткені, бұрынғы наным-сенімде бұл күні қос аққудай жарасқан қалыңдық пен күйеу жігіт құдайдың шапағатына бөленеді-мыс…

Еуропалықтар жас босанған ананың саусағында міндетті түрде неке сақинасы болуға тиіс деп ырымдаған. Олардың түсінігінше, сақина қиналмай босануға көмектеседі. Ал, енді Скандинавия елінің ырымына назар аударсақ, мұнда қаралы жанұя мүшелеріне (кәмелетке толғандарға) 40 күнге күндіз-түні саусағынан бір сақинасының үзілмеуі (алынбауы) бұйырылады. Олай болмаған жағдайда, марқұм көңілден кетеді, ұмыт болады, ал ұмыт болса, мар-құмның рухы, аруағы қайта оралып келіп, ұйқыға кеткенде сақина тақпағанды қинайды, тұншықтырады. Скандинавиялықтар соған сенеді, солай деп ойлайды.

Сақина – жүзікке байланысты бүкіл халыққа кең тараған, әдет-ғұрыпқа айналған ырым-жоралғылар бар. Ол көбінесе неке сақинасына байланысты. Осы ырым-жоралғыға жүгінсек, жүзік (неке сақинасы) сөз жоқ, жұп-жұмыр, кедір-бұдырсыз, әрі көзсіз болғаны шарт. Ол – жас жұбайлар кедергісіз өмір сүрсін, бақыттары сол сақинаның дөңгелегіндей шексіз, таусылмайтын болсын деген ырым.

Жүзік – сақина жөнінде медицинада түрлі сенім, болжам, ырым-жоралғылар көп.

Белгілі ғалым рефлексотерапевт М.И.Анисимовтың тұжырымы бойынша (Ресей Шығыс медицинасы Орталығының төрағасы болып тұрғанда жасаған мәлімдемесі бойынша, М.С.) қалың, ауыр немесе тар сақиналармен саусақтарды «жазалауға» (қинауға) болмайды. Әр саусақта – бүйрек, бауыр, өт, жүрек, жүйкеге тікелей байланысты жүйке нүктелерін дөп басып, жүзік-сақиналар бүкіл қан-тамыр жүйесіне оң әсер ете алады. Мысалы, сұқ саусақтың нерв (жүйке) нүктелері жүйке ауруын жазған. Сондай сақинаны ұдайы ең кіші саусаққа киіп жүрсе, адамға артесклероз, гипертония кеселдерін қондырады. Мұны М.И.Анисимов өзінің ғылыми негізде көп зерттеу арқылы анықтағанын жазады. Бүгінгі медицина (оның ішінде Шығыс медицинасы) сақинаның бәрін де түнде шешіп жатуды, тіпті, жылына 1 (бір) ай сақина тақпай жүруді қуаттайды, ақыл-кеңес ретінде ұсынады.

Жалпы, гректердің түсінігінде өлген адам жерленгенде оның өнбойында сақина, сырға, алқа қалып қоятын болса, олардың сағасында, ығында жын-шайтан, дию-перілер де қалып қойып, о дүниеде марқұмды азаптайды – мыс… Әрине, гректер бұған сенеді.

Жалпы, сақина таққанда есте болатын бір жағдай: ер адамдардың қолына бетінде теңіз қарақшыларының жалауында болатын белгідей (өлген адамның бас сүйегі мен бір-бірімен айқасқан қос қылыш) мәнері бар, соған ұқсас, яғни, түрлі жын-шайтанның суреті бедерленген сақинаны тақпағаны жөн. Өмірде өзіміз куә болған бір оқиға: бір кісі қайтыс болғанында өлген адамның бас сүйегі мәнерленген сақинаны қолына тағып алған бір жігіт марқұмның мәйітінің басында, оған арнап берілген аста әлгі жүзігін қолынан шешпей аруаққа қол жайып, тамақ ішіп отырды. Иманжүзді қазақ баласына жараспайтын-ақ жат қылық. Сақина тағудың сыры да мол, әйелдер үшін сауабы да мол. Тек олар өзіне қажетті сақинаны таңдай білсе болғаны.


Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН

 

Пікірлер