Елдің брендіне айналатын дүние әлі туған жоқ

3202
Adyrna.kz Telegram

Мәселе  ескерткіштер туралы. Қоладан құйылып, тастан өріліп жасалған әлемдік мүсін өнерінің  ғажайып туындылары  қай елдің  де төлқұжаты іспетті. «Мен мәрмәр кесегін қолыма алып отырып, артық жерін сылып тастаймын», деп француздың атақты мүсіншісі Огюст Роден айтпақшы, тастарды сөйлету — өнер құдіретінің белгісі. Еуропаның ежелгі қалаларының қайсысын алсаңыз да ертеден келе жатқан тас мүсіндер сәулетті сарайлардың, ғажайып ғимараттармен біте қайнасып, сондай бір асқақ, айбарлы сипат береді.

Хас шеберлердің қолымен жасалған өнер туындылары сол елдің болмыс-бітімі мен тарихының терең тамырларын паш етіп,  өткен күндердің бұлжымас куәсіндей тәккапар, маңғаз көрінеді.

Лондон, Париж, Прага, Вена, Рим… Әрқайсысының сипатын жеке дара ашып тұрған дүниелер қаншама?!  Ескеркіштер арқылы  елді танисың. Мәселен, Америка десе «Тәуелсіздік»  монументі  көз алдыңа келеді. Петербург десе, «Мыс салт атты» ойға түседі.  «Эйфель мұнарасы мен Елисей қақпасы арқылы Париж елестейді. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін Рим ескеркіштері туралы әңгіме басқа.  Мүсін мен сәулет өнерінің құдіреттілігі сонда, уақытты да тастай қатырып, келешек үшін сақтап қалғандай.

Оңтүстік Африка республикасының өткен ғасырдағы жазушысы Уильям Пломердің  жақсы сөзі бар. «Патриотизм — мүсіншінің басты тоқтамы», дейді ол.  Бұдан артық не деуге болады? Мүсінші  немесе сәулетші елге-жерге деген сүйіспеншілік сезімін жүрек сүзгісінен, жан-дүниесінің  терең түкпірінен екшеп өткізе алса, жасаған дүниесіне жан бітеді, өнердің бойына қан жүгіреді. Өткен ғасырлардағы еуропалық сәулет және мүсін өнерінің шеберлері дәл осы тұрғыда  ерекше патриот болған ба дейсің. Соның өзінде еуропалықтар өнерге сын көзбен қарайды.

«Живопись пен мүсін — тастанды балалар сияқты. Олардың анасы өлген, анасы — Архитектура. Тірі кезінде олардың мақсатты  орны мен көңілге қонбайтын тұстарын көрсетіп отыратын»

Бұл ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген француз ақыны Поль Валеридің сөзі. Сәулет өнерінің  тізгіні босаңсыған бір сәтін қалт жібермей қағидат еткен.

Мұның бәрін неге айтып отырмын.  Еуразия кеңістігінде көсіліп жатқан ежелгі сақ даласының, бүгінгі  байтақ Қазақстанның брендіне айналған қандай ескерткіш бар? дегенде, тосылып жерге қарайды екенбіз. «Бізде ондай дүние туған жоқ» деді  белгілі бір суретші. Неге олай?  Қалыбы мен алымы келіссе  қазақты ғаламға танытатын,  толағай тақырыпқа арқау боларлық талай дүние жатыр. Амал қанша, соған тісіміз батпайды, ісіміз шалағай шығады. Бұл жерде  шынын айту керек, сәулетшілер мен мүсіншілердің шығармашылық ізденістері, өнердің осы екі саласының үйлесімділігі  жетіспей жатады. Жекелеген тамаша туындылардың бары рас. Бірақ олардың сырт көздің жауын алатын асқақ та тұлғалы,  символдық  мәртебелі сипаты жоқ. Сондықтан да  сәулет және мүсін өнерінің туындысы ретінде олар арқылы Қазақстанды елестету қиын.

Қалаларымызда біріне бірі ұқсас, егіз ескерткіштерден аяқ алып жүре алмайсыз. Бірімен-бірі байланысы жоқ жергілікті сәулетшілер мен мүсіншілер жасаған дүниелерден шығармашылық тың идея таба көрінбейді. Қай жерге барсаңыз да ат үстінде найза ұстап қарауыл қарап тұрған батыр бейнесі  алдан шығады. Қимыл, қозғалыс жоқ. Соншалықты сұрғылт, соншалықты  жасанды, жансыз.

Ескерткіштерден рух құдіреті сезілмейді. Ата жауымен арыстанша алысып,  қазақ сахарасын  найзаның ұшы, білектің күшімен қорғап қалған  бабаларымыздың айбатты да айбарлы бейнесін қанша іздесең де табу қиын. Ат үстінде  қой жайып жүрген адам құсап қалқиып, сүлесоқ  отырған батырларымыздың тұлғасын көргенде қарның ашады. Апырым-ау, мүсіншілеріміздің қиял құсы соншалықты неге тарылып кеткен деген ой санаға еріксіз келеді.

Мәселен, Семей қаласындағы темір жол вокзалының алдына осыдан екі жыл бұрын қойылған Қабанбай батыр ескерткішін  өнер туындысы деуге аузың бармайды. Түркіменнің «Ақалтекесі» сияқты жіптіктей ат үстінде үзеңгіге аяғы әрең жетіп отырған жарбиған   адам тұлғасы қаһарынан қас дұшпаны қаймығатын Ер Қабанбай десек, бабамыздың аруағын қорлаған болып шығар еді.  Батырдың бейнесі ел аузында айтылып жүрген жырларда екі тізесі аттың құлағына жететін, қабағы қалың сұсты кісі ретінде суреттеледі. Қубас ат та талай шайқастан жал-құйрығы сұйылған, не бір қанды жорықта болдыруды білмеген белді қас тұлпар  ретінде аңызға айналған. Мына ескерткіште ұрпақтан ұрпаққа ұран боп жеткен Қабанбай батырдың  аруақты тұлғасы жоқ.

Бұл ретте Астана қаласына биыл орнатылған Бөгенбай батыр ескерткіші біршама сәтті шыққан. Жер тарпыған  есікпен төрдей  ақжолтай тұлпар мен соңынан ерген қалың қолға «аттан!»  деп жар салып тұрған баһадүрдің  шамырқанған бурадай  рухтанған тұлғасы жорыққа аттанар кез туғанын сездіреді. Мүсінші адамның  жүрегін шым еткізер  қас қағым сәтті  тап басып, қиымыл үндестігін әдемі көрсете білген. Тек өкініштісі сол, батыр ескерткіші лайықты орнын таппаған. Екі бірдей  көпқабатты үйдің тасасында, жол жиегіндегі шағын ғана алаңқайға қойылған ескерткіш бар айбынын көрсетіп тұған жоқ. Сәулет пен мүсін өнерінің аттас зарядттардай қабыспай тұрған тұсы осы жер.

Әлқисса, сонымен мақаламызға өзек болатын мәселеге енді келдік. Өзек болатын мәселе ол — жаңа астанамыздың ескерткіштері қандай, елорда несімен ерекшеленеді деген тұрғыда әңгіме өрбіту. Бұл орайда мәселеге қарапайым халықтың да, маман мүсіншінің де, сәулетшінің де көзімен қарап көрейік. Астананың сәулет өнері сөз жоқ жаңа заманғы озық дүниелерімен ерекшеленеді. Өзіндік дара келбеті қалыптасып келе жатқан елордамыздың  көк тіреген, алуан түрлі үлгідегі үйлері, бір-бірімен  үйлесім тапқан бірақ біріне-бірі ұқсамайтын ғимараттары шын мәнінде  көздің жауын алады. Сол жалпы әсемдікке «тонның ішкі бауындай» жақын, жарасатын ескерткіштердің  жоқтығы  қала көшелерін бір түрлі жалаң,  жұпыны  көрсетіп тұр. Бұл пікірмен бәз біреулер келісер-келіспес, мәселе онда емес. Мәселе, атағын әлем тани бастаған Астанамызға келген қонақтар көз тоқтатарлық,  ұлттың өзіндік ерекшелігі мен болмысын танытатын   шынайы мүсін өнері туындыларының, кешенді, кесек дүниелердің болмауында жатыр.

Егер нақтылап айтар болсақ, «Отан-Ана» ескерткішінен өзге  «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп ауыз толтырып айтарлық ештеңе көзге көріне қоймайды.  Тек осы ескерткіште ғана айбындылықтың, еңсе тіктетер рухтың белгісі бар, мазмұн мен мән бар. Бұрынғы орталық алаңдағы көкбөрі мінген бала бейнесі, Республика даңғылынан қаланың жаңа бөлігіне өтетін қазір жөнделіп жатқан ескі  көпірде болған  жолбарыстар мүсіні келісті-ақ дүниелер, бірақ шағын.   Жалпы экзотика үшін жасалған мүсіндер  баршылық. Бірақ солардың бәрі біз сөз етіп отырған рух жүгін көтере алмайды.

Соңғы кездері  Есіл үстінен салынған көпірлердің төрт бұрышына, биік тұғырларға  жануарлар мүсіні орналастырылды. Идея жақсы-ақ.  Халық қазірдің өзінде оларды «тұлпар көпір», «бұғы көпір», «арқар көпір» атап алды. Өкінішке қарай, орнатылған мүсіннің бәрін бірдей шынайы өнер деуге келмейді.  Ақорданың жанынан өтетін көпірдегі арқар деп жасалған мүсін Кеңес уақытында Австралиядан әкелетін жүндес меринос қошқарларды еске түсіреді. Тау мен таста, қия-жарқабақтарға еркін өрмелеп, тәкаппар  тұлғасы қорғасыннан құйғандай болып шың басында тұратын арқардың құлжасы қандай болатынын мүсінші білмеген-ау шамасы. Әйтпесе, аяқтары қып-қысқа, атан жілікті арқар болмасы түсінікті.

Сәулетшілер мен суретшілер арасында елдің тарихын тереңнен індете зерттеп, тану тұрғысында байланыс желісі, ортақ пікірге келетін түп қазығы байқалмайды. Тура осы негізде үлкен келелі кеңес керек сияқты. Оған жазушылар да, тарихшылар да, ғалымдар да қатысып,  қойылатын мүсін мен ескерткіштер мазмұнын байытатын орта жасақтап жатса, Елбасына да, Үкіметке де ұсыныспен шығатындай салиқалы орган болса, сөз етіп отырған мәселенің қарын аштырар жұпыны тұстары  болмас еді. Әрине, мұндай  кеңес  қоғамдық негізде жұмыс істейді.

Жалпы қалалардағы ескерткіштердің бір-біріне ұқсап кетуінің бір себебі — суретшілеріміз бен мүсіншілеріміздің көпшілігі алғашқы кезде Кеңес тәрбиесінің әсерімен қазақ тарихына дендеп ене алмай,  соның салдарынан  сипаты мазмұнға сай келмейтін дүниелер туындады.

— Оюлы шапан мен хандар киетін айыр қалпақ кигізіп, міне, мынау қазақ деуге дайын тұратын мінез қалыптасты. Тарихқа үңілсеңіз хан киетін қалпақты өзгелер кимеген. Билер өзіндік үлгідегі бас киімді пайдаланған. Соған қарап кімнің қандай дәрежесі бары анықталған ғой. Қазір ойын-тойларда хан қалпағын екінің біріне кигізіп, мәртебесін де, қасиетін де кетіріп тастады, — дейді бұл туралы Астана қалалық суретшілер одағының атқарушы директоры Аман Боранбаев.

Расында, не нәрсенің де тарихи бітім-болмысы, ішкі сыры, өзіндік нақыш-бояуы болады. Соны сыртқа шығара алмай,  бетін жылтыратып қана істі  біттіге санауға болмайды.  Өкінішке қарай, бізде осындай олқы дүниелер көп кездеседі. Тек соңғы кездері ғана сәулетшілер мен мүсіншілердің ұлттық тарихымызға үңіліп, істің бетін бері бұруға деген талпынысы байқала бастағандай.

Мәселен, «Арай» паркінде  ежелгі  гун, сақ дәуірінен бергі ата-баба мұрасын дәріптейтін мүсіндер тұр. Зер салып қарасаңыз, әр кезеңнің  өзіндік белгісі көрінеді.  Қоңырдың айтуынша, іске кіріспес бұрын суретшілер тарихи зерттеулерге ден қойып, сауыт-саймандар мен қару-жарақтардың сипатын зерделеген. Әр сауыттың  ерекшелігі мен орны, атқаратын қызметі  айқындалған. Батырдың киімі қандай, батыр мінетін ат қандай?!

Қазанаттты батыр мінеді, арғымақты хан мен би мінеді. Осы жайды бұрын мүсіншілер білмеген, енді  тарихи мағлұматтарға қаныққан соң  көздері ашылды.

Негізі   «біткен іске сыншы көп десек те»  елордада соңғы кездері қойылған «Жәнібек пен Керей хан»,  Абай,  Бауыржан Момышұлы, Жамбыл Жабаев ескерткіштеріне зер салып қарасаңыз, олқы тұстары көзге ұрып тұрады. Біздің мүсіншілеріміз  адамның деге мүшелерінің сәйкестігіне, қимыл қозғалыстың шынайылығына жеткілікті мән бере-бермейтін сияқты. Мүсін өнерінде әр деталь үлкен роль атқарады. Ол адам сезіміне әсер етіп сөйлеп тұруы, өмірдің өзіндей болуы керек. Аталған ұлы адамдардың бейнелеріне қарап тұрған қарапайым адамдар тарапынан «ана жерін бүйтіп қойыпты», «мына жері дұрыс емес», «денесінен басы үлкен» деген сияқты сын-ескерпелер    жиі айтылады. Бұл   өнер туындысының халық жүрегіне жол таппағанының белгісі.

Бір сөзбен ескеркіштер — ел рухының айбары.. Оған абай болмаса,  рухымызды жасытып алуымыз әбден мүмкін.


Ғабдул МЕРҚҰРМАН,

«Қоғам» сайты

 

Пікірлер