Біздің ескерткіштер неге «сөйлемейді»?

3694
Adyrna.kz Telegram

Тарихшы Манаш Қозыбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында: «Халықтың тарихи санасын ояту – біздің парызымыз. Бірақ, біз осы бағытта халықтан тым ұзап, асығыс кетіп бара жатқан сияқтымыз», – деп еді. Ал, бүгінде тарихшы, археологтар мыңдаған тарихи-мәдени ескерткіштерді тапты, зерттеді. Әлі табылмай, не зерттелмей жатқаны қаншама?! Қазір де мәдениетімізді тарихи ескерткіштер негізінде танудың мүмкіндігі туды. Ескі жәдігерлерді сөйлете білсек, рухани тарихымызды да білген болар едік. Ал, біздегі табылған небір керемет ескерткіштер әлі «сөйлемей» жатыр. «Тас керең», «мылқау» сияқты. Ал, сіз арыға бармай Ресейдің музейлеріне бара қалыңызшы, «сайрап» тұрады. Оны жасаған кім? Қандай күш осындай керемет қылған? Ол халықтың рухы қандай еді сол кезде? Алтын киім кигізіп, батыр қылған не күш? Осы сияқты көптеген сұрақтар шешімін таппай, біз, әсіресе жас ұрпақ өз мәдениетін жатсынуды қоймас. Ал, енді оған жан беріп, Манаш ағамыз айтқандай халықтың игілігіне, кәдесіне жарайтындай қылып, қалай “сөйлете” аламыз? Міне, осы сауалдарды археолог, тарихшы ғалымдар мен жазушыға қойып, талқыға салдық. Құрметті оқырман, сіз де өз ойыңызды ортаға салыңыз.

Cерік ӘЖІҒАЛИ,
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты этнология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Археологтардың, тарихшылардың алтын табуы, іздеуі міндетті емес, қарапайым артефактілер тапса да ғылыми жүйелеу керек. Бірақ бұлай жасау азайды. Қазақстанның батысын ғана алсақ, Арал-Каспий өңірінде мыңдаған қазақ ескерткіштері бар. Бір ғана Шопан-ата жерасты мешітінің айналасында көзге көрінер екі мыңдай ескерткіш кездеседі. Ал, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау аймақтарында 100 мыңнан астам тарихи ескерткіш бар.
Біз ең алдымен қазақтың ескерткіштеріне көңіл бөлуіміз керек. Бүгінде қазақтың ескерткіштануы деген саланы дамыту үшін бағдарлама дайындап жатырмыз. Ол үш саладан: мемориалдық, діни ғұрыптық архитектурасы (сағана там, мешіт, медресе, күмбез, құлпытастар, қабіртастар т.б.), 19, 20-шы ғасырдың басында пайда болған қазақтың дәстүрлі қыстаулары, араб әрпімен жазылған ескерткіштердің қазақ тіліндегі эпиграфикасы (мысалы, әулиелердің жатқан жерін табуға қажет). Бұлар әлі зерттелмей келеді. Зираттар мен қыстаулар Қазақстанның территориясын, мемлекеттілігін дәлелдейтін белгі. Сондықтан біз соларды зерттеуіміз, есепке алуымыз керек.
«Мәдени мұрада» ең өзектісі – қазақтың ескерткіштануы. Бүгінде қаншама ескерткіштер жойылып, бұзылып бара жатыр. Сол себепті мемлекеттік деңгейде қорғау керек. Заттай деректер – мәдениетіміздің көрінісі, өркениеттің белгісі. Арқа және батыстағы ескерткіштер қазақтың заманында өркениетті ел болғанын дәлелдейді. Сондықтан, бұл – идеологиялық үлкен мәселе. Біздің далада көшпелілік биік мәдениет болды. Бұны отырықшы мәдениетке қойылатын талап тұрғысынан бағаламауымыз керек. Киіз үй құрылысы, домбыра, қобыз, мал шаруашалығы, ой еркіндігі, ақпараттық мәдениет – қазақ және оның бабасы тудырған дүниелер. Әлемдік өркениетке қазақ осындай озық үлес қосқан. Біз, қазақтар – ұлы Дала өркениетінің мұрагеріміз. Біз сонау Мөде шаньюйден бастап келе жатқан тарихымыздағы дәстүрлерді жүрегімізде сақтауымыз керек.

Сәдуақас АҒЫТАЕВ,
«Қазқайтажөндеу» республикалық-мемлекеттік кәсіпорнының ғылыми-зерттеу жобалау филиалының директоры:

– Негізінде, табылған нәрсенің бәрі ғылыми тұрғыда зерттеліп болған жоқ. Бұл процесс әлі біткен жоқ. Өйткені онда жасалған материалдардың технологиясы, ондағы стилистикалық бұрынғы істелінген басқа киімдермен байланыстылығы, біздің тарихымызда алған орны деген мәселелердің барлығы ашылған жоқ. Бұл салада жұмыс істейтін мамандардың қолына ол тиген жоқ. Қазіргі күні сіздердің көріп отырғандарыңыз тек қана реставраторлардың жерден тауып алып, ғылыми тұрғыдан қалпына келтірілген моделі ғана.
– Ал, оның идеологиялық насихаты қатар жүруі тиіс емес пе?
– Қатар жүруі мүмкін емес. Өйткені материал әлі ешкімнің қолына тиген жоқ. Екіншіден, ол материал кітапқа түскеннен кейін таратылған жоқ. Оның технологиялық жағы әлі ашылып жазылған жоқ. Оған бір жағынан мемлекеттік тұрғыдан сұраныс болуы да керек. Ақша бөлініп, оның технологиясын, стилистикалық байланыстылығын жазыңдар, оның негізі қайдан шығады, қайда апарады, бірімен-бірі қалай байланысты, біріншісі қайсысы, екіншісі қайсысы, қайсысы қай тайпаға тән деген мәселелердің әлі басы ашылған жоқ. Сондықтан да елдің арасына әлі таралмай жатыр.
– Бұл қанша жылға созылуы мүмкін?
– Бұрын кешенді институттар болды ғой. Құрамында барлық маманы бар. Қазір мұнымен айналысатын мекемелердің барлығы «узкий специалистер». Химиктердің жанында бірде-бір тарихшы, реставратор, археолог жоқ. Енді бұл материал екінші бір мекеменің қолына түсуі керек. Ол үшін мемлекеттік сұраныс керек, болмаса, талап қойылуы керек. Ақшасын бөліп, «мынаны бүйт!» деуі керек. Бұрынғы кешенді институттар жоғалып, жекелеген мекемелердің пайда болғанының кесірі. Бұл институттың құрамында 170-200 адам болады. Материал барлық бөлімге бірдей түседі. Ақпарат жатпайтын, бірден тарап отыратын. Қазір біреудің дүниесін ол бітірмейінше, барып ала алмайсың.
– Осының салдарынан кенже қалып жатқан жоқпыз ба?
– Әрине, кенже қалдық. Өйткені бүгінгі таңда насихатталатын нәрселер көп. Мысалы, бізді көшпенді-көшпенді деп айта береді. Қазақтың 4 мың жыл бұрын қалалар салғанын ешкім біле бермейді. 3 мың жыл бұрын Сыр бойында үш қабатты жүздеген қалалар болған. Оны да насихаттап жатқан жоқпыз. Қазір мәлімет алмасу қиындап кетті. Оның үстіне, ғалымдар мен былай деп едім, соны пайдаланыпты деген өкпе-реніш те бар. Бұлай болмауы керек. Әңгіме халықтікі. Маман ғылыми тұрғыдан дәлелдеп ашып берді ме, солай тарап кетуі керек. Ел тезірек өзінің рухани дүниесін тануы керек. Тезірек таралуын талап етуі керек. Онымен айналысатын министрліктердің бірден-бір жұмысы.

Марат СЕМБІ,
тарихшы:

– Бұрын да, қазір де ескерткіштер жақсы зерттелген, көп ашылған. Халыққа кең тарамағаны журналистердің кінәсі. Өйткені, сендер сол тарихшылардың, археологтардың жұмыстарын түсіндіріп, айтып, жарияласаңдар, онда халыққа жетеді. Ғылыми еңбектер кішкентай тиражбен шығады. Және оны оқитындар ғалымдар ғана. Ал, қоғамдық, танымдық газеттер мыңдаған тиражбен таралады. Оны мыңдаған адам оқиды. Себеп сонда.
– Ал, сіздер журналистермен қаншалықты байланыстасыздар?
– Өзіңдей журналист келіп, “Марат аға, айтып беріңізші” демесе, жүре береміз.
– Тарихшы, археолог мамандардың тарапынан осыны білсе екен деп, бірінші жариялауға ұмтылу, талпыну жоқ па?
– Онда мынадай проблема болып тұр. Ғалым еңбегін ғылыми-танымдық журналға беріп қана қояды да, басқаға мән де бермейді. Журналистердің өзі белгілі бір саланы ғана жазады. Сол мәдениет, тарих саласын жазатындар, көңіл бөліп жүргендер жазады. Қазір тарихшылардың өздері де азайып барады. Кеңес үкіметі кезінде сондай материалдар ғылыми-танымдық сериямен мыңдаған тиражбен жарық көретін. Қазақстанда ондай жанр қалыптасқан жоқ. Қарапайым халық ғалымдардың не істеп жатқанынан хабарсыз.

Төлен ӘБДІК,
жазушы:

– Өзінің өткенін, тарихын зерттеу арқылы тарихи сана қалыптасады. Әуелі тарихи сана, сосын ұлттық сана қалыптасады. Ұлттың өзін-өзі тануы арқылы ұлттық сана қалыптасады. Жерімізде құнды тарихи жәдігерлер жетерлік: Маңғыстаудағы Бекет ата мешіті, Атыраудағы Сарайшық қаласы және сол сияқты батыс аймақтарда жақсы сақталған көне қыпшақ мәдениеті. Тарихи зерттеу жұмыстары, табылған археологиялық заттарды дұрыстап түбегейлі зерттеу арқылы тарихи сананы қалыптастыруға болады деп ойлаймын. Сосын барып ұлттық идеологияны саралау керек. Қарағандыдан жақында «Алтын адам» табылды. Қостанай мен Челябинскінің шегарасында Арқайым деген көне қала бар, оны ресейлік ғалымдар басқалай зерттеп жүр. Ал, Нарымбетова деген тарихшының сол қаланың ертедегі түркілердің қаласы екенін дәлелдеген монографиясы жарық көрді. Міне, осындай тұшымды және дәлелді зерттеумен мәдениетіміз танылады, мойындалады. Ал осы секілді зерттеулердің бәрі шашырап жатыр. Осыларды жинақтап, жүйелеп концептуалды дүние жазу, айту керек. Бір нәрсені тауып алып, мақтаншақтыққа ұрынып, не құрғақ жарнамалап, таза идеология деп өтірікті шындай қылып, жалаулатып жазу дұрыс емес, бұдан ел дамымайды.
Табылған тарихи заттарды сөйлете білу, оның тарихи тереңіне үңіліп, я болмаса, әлемдік тарихпен салыстырып зерттеу деген – үлкен нәрсе. Сондықтан тарихи ескерткіштерді зерттегенде шынайы, асып та, тасып та, кемшін де түспей, дәлелді зерделеуге тырысуымыз керек. Атойлаудың қажеті жоқ. Таразымыз түзу болу керек, әр заттың тура дәлелі болмаса, ешқашан және ешкім мойындамайды…
Тарихи зерттеулердің халыққа жетпей жататыны рас. Бірақ көп жазушылар тарихи тақырыпты жазып жүр. Жазушылардың бұл жазғанынан зиян жоқ. Олар айта біледі, жеткізе біледі. Сондықтан бар тарихты көркемдеп жеткізуде әдебиеттің рөлі үлкен. Қойшығара Салғараұлы, Әбіш Кекілбаев сынды жазушылар тарихи мәселеде қалам тартты, сондай-ақ Әнес Сарайдың «Ноғайлы» деген кітабы өте керемет. Тарихшылардың бұлай жазғанын кездестірген емеспін. Жалпы, тарихта фантазия да болуы керек.
Әрине, тарихты зерттегенде артық, кем кететіні де болады, бірақ мәдениет дамып, көтерілгенде бір арнаға түседі. Рухани тарихымызды жеткізе алмай жатқанымыз да рас. Арғы түгілі, берідегі Алаш тарихын дұрыс зерттей алмай жатырмыз. Арғы тарихты білмей бүгінгі тарихты білу мүмкін емес. Сондықтан тек дәлелді зерттеу керек.

Бекмұхамбет НҰРМҰХАМБЕТОВ,
Есік қаласынан табылған ең бірінші «Алтын адамды» зерттеген тұңғыш археолог:

– Біздің ата мұрамыздың бүгінге дейінгі сабақтастығы кем дегенде 5 мың жыл. Заттай мәдениет көрініп тұрады. Сол 5 мың жылдан бүгінгі аралыққа дейін мұраларды жалғасаң, ұрпақ сабақтастығы мен тарихымыздың арқауы үзілмегендігі көрініп тұрады. Бұл – анық. Ал мұны өзіміздің рухани дүниемізге пайдалана алмай жатырмыз. Себебі, отарлық қамыттан құтылғанымызға 20 жыл болды. Міне, содан бері ғана қолға алып жатырмыз. Біз қолдағы бардың мәнін ашып айта алмай келгенбіз.
Мысалы, «Алтын адамды» тануды айтады. Оның терең, мәнді тарихы бар. Осы уақытқа шейін кейбіреу ескі әдетпен «Есік жауынгері» деп келе жатыр. Ал, тәуелсіз Қазақстанда біздің тануымыз ол – патша, патшазада. Сақ заманында бізде мемлекет болған. Елтаңбадағы қанатты, мүйізді қос пырақ неден алынған? Ол – «Алтын адамның» тәжінен тәбәрік. Тәжді кім киеді? – Патша киеді. Ал патша неге киеді? – Мемлекеті үшін, мемлекетінің болғандығы үшін. Біз сақ кезінде мемлекеттік дәрежеде болдық деген сөз. Ал оны қазіргі тәпсіршілер түрлі нәрсені тауып алып түсіндіргісі келеді. Мектептерде рәміздерімізді әр түрлі түсіндіреді. Рәміздер – рухани мәдениетіміздің көрінісі болған заттай деректерді сөйлетіп отырып жасалған. Рухты көтерер рәмізден бастап қолға алу керек. Бұл үлкен шаруа.
Сондықтан ата мұраны, көне мұраны қазақтың иісі шығып тұратындай дүние етіп, түсіндірудің жолы да, жөні де бар. Менің бүгінгі доктор, кандидат ғалымдардан үмітім жоқ. Оның қорғаудағы идеологиясы, ұстаған «туы» бөлек. Дәл осы күні рухани қазақилық тұрғыда диссертация қорғалған жоқ. Мен нағыз қазақтың жанын, тарихын түсіндіріп бере алатын диссертацияны 10 жылдан кейін күтемін.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Есікте сақ бабаларымыз жатқан ескі қорған – қорық-мұражайда жұмыс жасаймын. Мен үшін бұл – үлкен ғибадатхана. Бүгінгі ұрпақ үшін бабаларына тағзым ететін ғибадатхана болу керек. Туристер үшін туризм, қазақтар үшін ғибадатхана. Мен осымен айналысып жатырмын. Ол жерге барғанда ұрпақтары бабаларына дұғасын оқып кетуі керек. Міне, ұрпақ сабақтастығы деген. Бабаларымен мақтану керек олар.


Сауалнаманы дайындаған
Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ

«Үш қиян».

 

Пікірлер