Көне қазыналарымыз көрінгеннің уысында кеткені ме?!

2433
Adyrna.kz Telegram

Қалың қатпарлы тарихтың қыр-сырына қанық ғалымдар Сырдың бойындағы әрбір төбенің астында жатқан бір сыр бар екенін тілге тиек етеді. Расында, бұл әңгіме бекерден-бекер айтылған жоқ. Кезінде дария бойында мыңға тарта шаһар болған деседі.

Сыр жерінде 555 ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 21-інің республикалық, 274-інің жергілікті маңызы бар. Қалған бөлігі алдын ала есепке енгізілген. Бұл құнды қазынаның қорғалуын Облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме қамтамасыз етеді. Мекеме мамандары оларды есепке алады, тұрақты түрде қорғайды. Сондай-ақ сақтау, анықтау, насихаттау және қалпына келтіру секілді ауқымды жұмыстарды атқарады. Алайда облыстық прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саласындағы заңдылықты қадағалау басқармасы жүргізген тексеру барысында көптеген кемшілік белгілі болды. Мамандар аталмыш мекеменің соңғы екі жылдағы және биылғы жылдың алғашқы тоқсанында атқарған тірлігін таразыға тартты. Прокуратура қызметкерлері осы сала бойынша бірқатар заң талаптарының өрескел бұзылғандығына көз жеткізді.
Еліміздің «Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы» заңы бар. Онда «жергілікті атқарушы органдар тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтауды, есепке алуды, қорғауды және пайдалануды қамтамасыз етеді» делінген. Тағы да айта кетерлігі, Үкімет қаулысымен осы мақсатта арнайы ереже де бекітілген. Ереже негізінде көне жәдігерлерді тарихи және мәдениет ескерткіштері деп тану туралы арнайы талаптар бар. Сондықтан олардың  міндетті түрде ресми жариялануға тиісті халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар ескерткіштер мемлекеттік тізіміне бекітілетіні айтылған. Дегенмен дария бойындағы 534 көне құндылықтар кеңестік кезеңде есепке алынған. Қазіргі қолданыстағы заңнама негізінде мемлекеттік тізімге енбеген. Бұл олқылықтың орнын толтыруға биыл ғана көңіл бөлінген екен. Осының нәтижесінде, 274 ескерткішке жергілікті маңыздылық беру туралы келісім алу мақсатында құзырлы орындарға ұсыныс жолданған.

Асхат ТӘЖЕНОВ, Қызылорда облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры:

– Жоғарыдағы ережеге сәйкес есепке алу тарихи-мәдени мұра нысанын есепке алу карточкасын жасау жолымен жүзеге асырылады. Тағы бір талап – ескерткіштің төлқұжаты жекелеген қосымша бетпен рәсімделеді. Жаңа дерек қосылған жағдайда толықтырылып отыруы тиіс. Алайда барлығы баяғы күйінде қалған. Қосымша бетте жаңа деректер жазылмаған. Атап айтқанда, облыста «Көтібар» мұнарасы деген тарихи орын бар. Бұл ескерткіш республикалық маңызға ие. Оны есепке алу карточкасы мен төлқұжаты осыдан отыз жыл бұрын жасалған. Осындай заңбұзушылық 400-ге жуық тарихи-мәдени мұраның құжаттарын зерделеу барысында да орын алған. Атап айтқанда, 322 нысанның төлқұжаты баяғы күйінде тұр. Ал 162 ескерткішке төлқұжат жасауға ешкім көңіл бөле қоймаған.


«Алаш айнасы».

 

Пікірлер