Бата - тілектің анасы

4032
Adyrna.kz Telegram

Қазақ – батаға ерекше мән беріп, құрметпен қараған халық. «Жауынменен жер көгерер, батаменен ел көгерер», «Бата – тілектің анасы» деп бекер айтпаған аталарымыз. Наурыз – нағыз тілек пен игі сөздің ең көп айтылатын кезі.  Дегенмен, қазіргі күні ел арасында «бата беретін ақсақалдарымыз азайып бара жатыр» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл пікірдің қаншалықты шындыққа жанасатынын білу үшін біз халыққа қызмет етіп жүрген, өздері де ақсақал жасына жетіп қалған ел ағаларына хабарласуды жөн көрдік.

Қуаныш СҰЛТАНОВ, сенатор:
БАЛАЛАРЫМА ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВ БАТА БЕРГЕН
– Жалпы көпшілік бас қосқан  жерлерде бата бересіз бе?
– Батаны үлкен ақсақалдар береді ғой. Сондықтан  бізге әлі ондай кезек келе қойған жоқ сияқты.
– Бұрынғы бата мен қазіргі батаның арасында қандай да бір айырмашылық бар ма? Батаның түрі өзгерді ме?
– Соңғы жылдары біздің дәстүріміздің өзі біраз өзгеріске ұшарады ғой. Соған байланысты батаның да  жаңаша сипат алғаны рас. Бұрын оның түрлері көп болса, қазір сәл азайып қалған сияқты. Дегенмен, батагөй қарттарымыз әлі де бар. Олардың баталарының дәл бұрынғыдай болуы шарт емес.
– Ертеден келе жатқан баталардың ішінде өзіңізге ұнағандары бар ма?
– Жалпы олардың барлығына асыл мұрамыз, қазынамыз  деп қараймын. Кітаптан қарап, оқып отыратын кездеріміз болады, әрине.
– Қазақтар бұрын  әдет бойынша үйіне келген құтты қонақтардан балаларына бата сұрап қалатын.  Сіздің  балаларыңызға қандай атақты адамдар бата беріп еді?
– Кезінде Шыңғыс Айтматов шаңырағымызда  болып, ұл-қыздарыма батасын беріп  кеткен. Нұрғиса Тілендиев, Әбдіжәміл Нұрпейсов, бүгінгі Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсыновалар да жақсы тілектерін білдірген.
Мұрат ҚАЛМАТАЕВ, генерал-майор:
БАТА ШЫН КӨҢІЛДЕН АЙТЫЛҒАНДА ҒАНА ҚАБЫЛ БОЛАДЫ
– Әдетте сіз батаны қалай бересіз?
– Жаттап алғандарым жоқ. Бірақ баталар былай айтылады: ең әуелі елдің тыныш болуын, дастарханымыздың мол болуын, ұрпағымыздың аман болуын, сосын  басқа да ниеттеріміздің  қабыл болғанын тілейміз.
– Сізден батаны қандай жерлерде көп сұрайды?
– Тойларда.  «Бастарың аман, дендерің сау болсын» деп жатамыз ғой енді. Кейде «батаңыз қысқа болып қалды» дейтіндер де бар. Ондайларға ренжімеймін. Себебі, батаның ұзын-қысқасы болмайды. Тағы бір айтқым келетіні, кейде аса қартая қоймаған кісілер жастарға  «менің жасымды берсін» деп жатады. Ол дұрыс емес. Ислам заңы бойынша тек 90-нан асқаннан кейін айтуға болады.
– Бата беру үрдісі бәрібір бұрынғыдай емес. Жалпы ел арасында «баталы ақсақалдар азайып бара жатыр» деген пікірге қалай қарайсыз?
– Олай деуге болмас. Қазір де батаны жаттап алып, әдемі  айтатындар бар. Бірақ  менің ойымша, бата ең алдымен  шын көңілден айтылуы тиіс. Яғни, оның түпкі мағынасы жақсы тілек, жақсы ниет дегеннен шығады. Әр елде  батаның формасы әртүрлі. Мәселен, Африкада адамдар бір-біріне тілектерін би  арқылы жеткізеді. Шын көңілден айтқанда ғана тілек қабыл болады.
Алдан СМАЙЫЛ,  депутат:
БҰРЫНҒЫЛАР КИІККЕ ДЕ БАТА БЕРГЕН
– Бата айта білесіз бе?
– Мен отыратын жерлерде көбіне үлкен қариялар бата береді.
– Бала күніңізде немесе кейін де ерекше есіңізде қалған баталар бар ма?
– 70-жылдарға дейін қазақ ауылдарында етке тойып алып бата жасайтын   жағдай болған жоқ. Дегенмен мен үшін ертедегі  Байдалы би, Ағыбай батыр, Бауыржан Момышұлы  айтқан  баталардың орны  ерекше. Қартайып келе жатырмыз ғой, бата жаттап алсам деп өзім де ойланып жүрмін.
– «Тамұқтан келген адам» деген кітабыңызда киікке берілетін бата туралы жазғансыз. Сол туралы қысқаша айтып кетсеңіз?
– Жас күнімде көшіп келе жатқан  киікке бата бергенді  көрдім. Біз Жезқазған облысы Жаңаарқа ауданының Бетпақдала деген жерінде болдық. Сәуір айының ортасынан бастап Шудан бері қарай  табын-табынымен киіктер  келе жататын. Әжелеріміз олардың  алдынан шығып, кәдімгідей шашу шашатын. Сосын ауылдың үлкен ақсақалы отырып, бата беретін. Бұл бата: «Мамырда құралайың егіз болсын,  шілдеде еркетотай семіз болсын», деп басталып,   «Тапсырдық көкті тәңір иесіне, қапыда кез келтірме киесіне», –  деп аяқталады. Мұндай батаны қазіргі ақсақалдар айта алмайды. Бата сұрасаң,  тілекке айналдырып жібереді көбісі.
Сұлтан САРТАЕВ, қайраткер:
ӨЗІМНІҢ ШЫҒАРҒАН БАТАМ БАР
– Үлкен ұстаз, ақсақал  ретінде сізден бата сұрап келушілер көп болатын шығар?
– Көп болатыны рас. Кейбір жастар: «Аға, мен осындай жерде оқып жатыр едім, сізді сыртыңыздан жақсы білуші едім, батаңызды беріңізші», – деп келіп жатады. Ондайларға көбіне: «Көреалмаушылық деген теріс қасиеттен аулақ жүріңдер, шыншыл болыңдар, ілім-білім алып, үлкен азамат атаныңдар», –   деп тілегімді айтамын.
– Бата бере алмайтын қарттарымыз да бар. Жастарымыздың теріс қылықтарға бой алдыруы батаның жоғалып бара жатқандығынан емес пе?
– Рас айтасың. Қазіргі баталар бұрынғыдай емес. Ертеде бата берушілер халықтың ойынан, көңілінен  шығатын оралымды жақсы сөздер айтып отыратын. Қазіргілер «бақытты болыңдар» дегеннен аса алмайды. Егер біз сияқты қариялар ұл-қыздарымызға жақсы  батамызды беріп отырсақ, ұрпағымыздың дұрыс жолмен жүруіне мол септігін  тигізетін еді. Батаны тыңдайтын адам болса, ол оны жаңа ойға жетелеп, жаңа белестерге көтереді.
– Қария көрсек,  бата сұрайтын әдетіміз бар. Наурыз мерекесіне орай  халқыңызға қандай бата бересіз?
– Наурыз – өмірдің, жердің, ауаның, көлдің, судың тазаратын кезі. Міне, сондықтан да болар халқымыз наурыз айын ерекше сағынып күтеді. Осы жылы еліміз мол табысқа, игілікке жетсін. Жастарға айтарым, дүниеде таршылық, көреалмаушылық деген теріс әрекеттерге жоламаңдар. Бір-біріңе  әрқашан жанашыр, тілеулес, мейірман болыңдар. Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне, әрі қарай дами түсуіне өз үлестеріңді қосыңдар.
Ал енді менің өзімнің шығарған батам бар еді, соны айтып берейін:
Бұлақты көрсең көзін аш,
Мөлдіреп суы ағатын.
Талаптыны көрсең жолын аш,
Елге тірек болатын.
Қисайып жатса жас терек,
Сүйеп оны қоярсың,
Кездессе егер жас зерек,
Ақылшысы боларсың.
Қанаты сынса сұңқардың,
Қорегін тауып берерсің.
Еңсесі түссе жігіттің,
Көтеріп оны қоярсың.
Қанаттыға аспан кең,
Жолын тапса ұшатын.
Ойлап тұрсаң дүние кең,
Бар адамзат сыятын!


Нұрмұхаммед МАМЫРБЕК,

«Халық сөзі».

 

Пікірлер