Сөзтаным

3465
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың көрген-баққаны, естіп-ұққаны, сеніп-тұшынғаны – бәрі-бәрі тілінде тұр. Өмір үйреткен тәжірибесі ауыздан-ауызға тараған фольклорында, одан бергі дәуірлерде арындап өткен от ауызды алдаспан жыраулар поэзиясында, ел, жер, тіпті тұтас ұлт мәселесін өрелі ойына өрнекті сөзін бұлтартпас дәлелімен қоса беретін сұңғыла би-шешендер сөзінде өрілген. Бір сөзбен айтқанда, көшелі сөзінде, таңбалы жазу-сызуында өзіне тән мәдениетін, өзі жасаған тарихын, өзі түзген әдебиетін қалдыра білген. «Ана тілі» газетінде ай сайын тұрақты түрде «Сөзтаным» беті ұсынылатын болады. Мақсаты – оқырмандарды халқымыздың бай тілдік мұраларымен танымдық, тағылымдық, прагматикалық, этимологиялық, тіл мәдениеті тұрғысынан таныстыру. Тілдік жүйе заңдылықтарын түсіндіру, соған сәйкес оқырмандарға қолданыста қиындық келтіріп жүрген түйінді тұстарда лингвистикалық жәрдем беру, көпшіліктің сауаттылығын арттыруға қол ұшын созу. Қазақтың «көз-таразысы, көңіл-қазысынан» өткен халықтық өлшемдер сыры, орайлы тұста дәл тауып айтылған тұшымды сөздер, езу тартқызар уытты тіркестер, дер кезінде көмегі тиер керек деректер ұсынылмақшы. Тілдік деректерге талдамалар тіл білімі саласының білікті мамандарының іргелі еңбектеріне сүйеніп жасалатынын ескерте кеткіміз келеді.

Талап – бізден, баға – сізден, оқырман. Олай болса, оқып танысыңыз, тоқып, бағасын беріңіз. Тіл-қазына байлығын бірге ақтарайық!

«АЗАМАТ» АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

Осы айдарда берілген сөздердің шығу себептері филология ғылымдарының докторы, академик Р.Сыздық «Сөздер сөйлейді» еңбегінде төмендегіше тарқатады:
Азамат, шора/шоры, жолдас. XVII ғасырда жасаған Ақтамберді жырауда:
Ей, азаматтар, шоралар,
Атты мінсең, зорды мін, – деген жолдар бар. Мұндағы азамат сөзі дәл қазіргі мағынасында емес. Бұл сөздің бұрын терминдік сипаты болған. Ш.Уәлиханов былай деп көрсетеді: «Азамат — кәмелетке келіп, еншісін алған, туыстарына тәуелсіз, үйлі-баранды адам» дегенді білдіреді. Сонымен қатар бұл сөз бір кезеңдерде «жасақшы» («дружинник») ұғымын да бергенге ұқсайды. Шора сөзі азамат дегеннің синонимі» дей келіп, Шоқан шора, азамат тіркесі таза әскери мәнді сөз, ол «жолдас», «жасақшы» дегенді білдіреді деп көрсетеді (Валиханов, I, 20). Азамат сөзінің жоғарыда келтірілген Ақтамберді жыраудың айтуындағы қолданысы Шоқанның осы айтқанын растайды.
«Айман — Шолпан» жырындағы Айман қыз Әлібекке сәлем айтып:
Аты болса, байласып,
Азаматын сайласын, — дегенде азамат сөзінің «жасақшы» ұғымы танылады. Бұл сөзді Махамбет те жиі қолданған:
Арғымақ, сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп,
Азамат, сені сақтадым,
Бір күніме керек деп…
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да көп жортар,
Дұшпанға кеткен кегі бар…
Алқалаған жер болса,
Азамат басы құралса…
Бұл қолданыстардағы азамат сөзі жай ғана адамға қарата емес, жауынгерлерге, жасақшыларға қарата айтылып тұр.
«Ер Сайын» жырында Сайын батыр қасындағы 40 жігітіне:
Ей, қырық жігіт азамат,
Маған бола өлмеңіз, — дейді. Мұнда да азамат — жауынгер, жасақшы.
Заман озған сайын азамат сөзінің мағынасы өзгерген. Өткен ғасырда бұл сөз «жалпы ересек адам, ер адам» дегенді білдіргенін сол кездегі сөздіктер көрсетеді: Азамат — ересек адам, адамдар тобы (Кирг.-русск. сл., 1897). Қазақ тілінде осы мағынадағы азамат сөзінің синонимінде жолдас сөзі қолданылғаны байқалады. Мысалы, Махамбет енді бір өлеңінде:
Қасыма ерген жолдастар…
Жолдастарым, мұңайма, — дейді. Сөйтіп, азамат сөзі ескі жырларда, ертеректегі қазақ тілінде «қолына қару ұстап, ел қорғауға, не ел жаулауға аттанатын адам, жасақшы» дегенді білдірген.
Қазіргі күнде азамат «кәмелетке жеткен ер адам» деген мағынада, осыдан «адамгершілігі мол, саналы, құрметті адам» деген ауыспалы мағынада да жұмсалатынын білеміз.
«Жасақшы» ұғымындағы азамат сөзіне шора деген сөздің синоним болғандығын, яғни мағыналас екендігін В.В.Радлов та айтады: «Бұрын қазақтар шора (чура) сөзін «жасақшы, жауынгер, жолдас» мағынасында кеңінен қолданған» (Радлов, т. I, ч. V, 23). Ал Н.И.Ильминский: «Шора — батырдың баласы және батырдың өзі» деп танытады (Ильминский, 150). Бұл пікірлерді қазақтың батырлар жырының тілі растайды.
Ей, жігіттер, шоралар, — дегенде сөз жай жігіттерге емес, жасақшы жігіттерге арналған. Тіпті бұл жердегі жігіт деген сөздің өзі терминге жуықтау. Орта ғасырларда түркі тілінде жігіт (йігіт) сөзінің терминдік мағынасының болғаны ғылыми әдебиеттерде көрсетіледі: «Жігіт (йігіт) — феодалдың жалдамалы атты әскерінің жауынгері немесе олжа табу үшін феодалға жақын жүрген жауынгер, «кезбе рыцарь» дегенді білдіретін термин» (Материалы по истории казахских ханств ХV-ХVІП вв., Алма-Ата, 1969, 493).
Әрине, қазақтың өлең-жыр мәтіндеріндегі жігіт сөзі дәл осы термиңдік мәнде қолданылған деуге болмайды, бірақ контекстегі мағынасы жағынан шора, азамат сөздеріне синоним іспеттес болып келеді. Әсіресе, «ей, жігіттер, шоралар» сияқты қатар қолданыста жігіт сөзінің осы күнгідей тек «жас ер адам» деген жалпылама мағынадан гөрі, белгілі бір топ өкілін атауы басымырақ тәрізді.
Шора сөзінің «жасақшы, жорық­тас, жолдас» ұғымында қолданылуы тіпті ертеректе орын алып, соңғы XVIII ғасырларда сирегені байқалады. Бұхар сияқты XVIII ғасыр жырауы да, Махамбет сияқты жаугершілікті жырлаған XIX ғасыр ақыны да «жасақшы, жорықтас, жолдас» деген мағынада шора сөзін қолданбайды. Кейінгі дәуірлерде шора «байдың, батырдың, бидің баласы» деген сияқты әлеуметтік (сословиелік) атақты білдіруге жұмсалған. Ер Шобанның:
Хан ұлы төредей,
Би ұлы шорадай, — дегенінде де одан кейінгі Бұхардың:
Байлар ұлы шоралар,
Бас қосыпты десін де…
Немесе:
Байлар ұғлы шоралар
Көл жағалар жаз күні,
Байлар қызы бикештер
Қол бұлғайды-ау жаз күні, — дегенінде де шора сөзінде жоғарғы мысалдардағыдай таза «жасақшы», «дружинник» мәні сезілмейді, бірақ қайткенде де шора сөзінде әлеуметтік тапты көрсететін мағына бар. Ханның тақты иеленбеген ұрпағы (ұлы) төре деп аталатыны сияқты, байдың, бидің ұлдары мен қыздары да жай «бай баласы», «би баласы», «байдың қызы» деп аталмай, шора, бикеш деген сияқты арнаулы атпен аталғанын білдіреді. Сондықтан болуы керек, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» шора сөзінің беретін мағынасын «фео­далдық қоғамдағы үстемтап өкілі, ел билеген әкім, мырза, бек, шонжар» деп көрсетеді де, оның қазірде қолданылмайтын көнерген сөз екенін ескертеді (ҚТТС, X, 157).
Кейбір зерттеушілер чура (шора) сөзі мағынасы жағынан көне түркі тілінде қолданылған оғлан сөзімен тең түседі, ал оғланның мағынасы «біреудің баласы, ұрпағы, құл және жауынгер» дей келіп, «орта ғасырларда Еділ бойы татарларында тәуелді адамдар көп болды, олардың ішінде нәсілі түркі еместерін сол кездегі терминология нормасы бойынша чура деп атады» дегенді айтады (Татары Поволжья, 191). Соған қарағанда, шора/чура сөзі о баста екі-үш түрлі мағынада жұмсалған тәрізді: бірі − «біреудің баласы, ұрпағы», екіншісі — «жауынгер», үшіншісі — «қызметкер» (құл, күң). Қазақ тілінде 1, 2-мағыналарда шора нұсқасы, 3-мағынада шоры нұсқасы қалыптасқанға ұқсайды. «Қамбар батыр» жырында:
Ерегіссең менімен,
Шауып алып малыңды,
Асықпасаң қайтармын
Қатыныңды шоры ғып, — дейді. Мұндағы шоры сөзіне осы жырдың 1957 ж. басылымында «күң» деген түсініктеме берілген.

БАТЫРДЫҢ БӘРІ САЙЫПҚЫРАН ЕМЕС,
АҚСАҚ ТЕМІР – САЙЫПҚЫРАН…

Біз әдетте басылым беттерінен «сайыпқыран ұшқыш, жаужүрек батыр» сөз тіркестерін жиі кездестіре­міз. Осындағы сайыпқыран сөзі нені білдіреді? Осы қолданыс дұрыс па? Сайыпқыран сөзі қайдан шыққан?
Анықтай келсек, сайыпқыран сөзі парсы тіліндегі Сахиб киран сөзінен алынғанын, оның мағынасы «қыдырма жұлдыздардың (планеталардың) бір түзудің бойына келгенде туған бала туралы» мәнге саятынын байқауға болады (Қазақ әдеби тілінің сөздігі, 12 том. Алматы: «Дәуір» баспасы, 549-б.). Діни аңыз бойынша, осындай астрономиялық құбылыс сәтінде туған бала ержүректілік, асқан батырлық, алғыр­лық се­кіл­ді қасиеттерге ие болады. Осындай мезетте дүниеге келген атақты қолбасшы Ақсақ Темір осы себеп­тен сайыпқыран аталады. «Бұл жерде сөз Темір туралы. Өмірінде жаудан жеңіліп көрмеген сайыпқыран, жұлдызы оңынан туған ақсақ барыс туралы» (М.Жұмабаев. Шығармалары.).
Осыған орай «сайыпқыран» сөзін кез келген жерде, қайсы бір батырларды сипаттауда қолдана беруге болмайды екен. Мыңжылдықтарда бір рет орын алатын, бірер сәтке ғана созылатын мезетте туылған қыран ғана сайыпқыран атына лайық саналады екен. Жұлдызшылардың есептеуінше, биылғы жылы, яғни 2012 жылдың 21 желтоқсанында осы құбылыс байқалады екен (Н.Қожамсейітов. «2012 жылы ақжүрек аза­маттардың асығы алшысынан түседі». Ана тілі, 6-11 желтоқсан, 2011 ж.). Олай болса, бұйыртса, та­рихта із қал­дырар сайып­қы­рандар өмір­ге келетін сәт алыс емес.

ХАЛЫҚТЫҚ ӨЛШЕМДЕР

Қаңтар. Ежелгі түркі күнтізбесіндегі реттік айлар мен мүшелдік айлардың аттары сол айлардың жыл ішіндегі орындары арқылы түсіндіріледі. Мысалы, байырғы қазақ күнтізбесіндегі тоғыс айларының аттары Үркерді әр жаңасындағы Айдың «басып өткендігіне» қарай айтылса, жұлдыз айлардың аттары зодиак шоқжұлдыздарының атауларынан шығады. Ал азаматтық айлардың аттарын М.Исқақов түсіндірме сөздікке сүйене отырып өздігінше түсіндіреді. Одан кейінгі ай аттарын тіл білімі тұрғысынан профессор Н.Уәлиұлы қарастырған болатын. Қаңтар – күннің қаңтарылып байланып, одан әрі тұқырып қысқара алмайтын айы. Қаңтарулы аттың басының жерге жетпейтіні сияқты, қаңтардағы күн көзі де одан әрі төмендеп, көкжиекке жақындай алмайды. Ғасырлар бойы аспанды бақылап, жазық далада өмір сүрген қазақ халқы күн қозғалысының бұл ерекшелігін ерте кезде-ақ аңғарған. Соған орай қыстың қаңтарылып тұрған кезін «қаңтар айы» деп атаған.
Күннің таласуы. Халықтың айтуында «күн найза бойы көтерілді» дейтін уақыт қаңтардың алғашқы күніне сәйкес келеді. Бұл кезде ауа райы өзгереді. Қар жауады немесе сырғыма жүреді.
Қыс шілдесі. Қаңтардың соңғы күндерінде қыс күшіне енеді. «Тіфу десе, түкірік жерге түспей қататын сақылдаған сары аяздар» басталады. Мұны қазақтар «қыс шілдесі» деп атайды.
Жыл мезгілдеріне сай болатын табиғи құбылыстарға қатысты көне сөздердің (этнографизмдердің) қазіргі тілімізде қолданыла бермейтін, ұмытылып бара жатқан түрлерін атай кетейік: Сырма – сусымалы бұрқақ боран атауы. Анжыр – қардың еріп кетуі. Жерде аралас жатқан қатқан қарлы мұз. Ошаған –кемпірқосақтың көне атауы. Қылау – ауадағы су буынан немесе салқын тұман тамшыларынан түрлі зат бетіне, ағаш бұтақтарына қонатын мұз қабаты. Мұзақ – жаңбыр тамшыларының жерге мұз болып түсуі.

Қардың жауу ерекшелігіне орай
мынадай түрлері кездеседі:
Ала қанат қар – бір аумаққа жауып, бір аумаққа жаумай жерге ала түскен қар; Жапалақ қар – ірі түйіршікті жапырақтап жауған қар; Жылбысқа қар – ери жауған қар; Күпсек қар – қалың жауған ұлпа қар; Көбік қар – жерге түскенде астыңғы қабаты ери беріп, беті көпіршіген жұмсақ қар; Қасат қар – ұзақ жатқан қалың қар; Күртік қар – беті қатқан, жаяу жүргенде ақсақ ойылатын қалың қар; Қиыршық қар – жентектелген түйіршік қар; Қырбық қар – жұқа жауған қар; Омбы қар – ат бауырлайтын қалың қар; Сонар қар – алғаш жауған қалың қар; Сүрі қар – ерте түсіп ерімей, қыс бойы қалыңдаған, тозаң топырақ сіңіп, беті күлгін тартқан нығыз қар; Сіреу қар – ұзақ мезгіл мызғымай жатқан аяқ бастырмас, көлік жүрісіне бөгеу болатын қатты, қалың қар; Үрме қар – жел үрлеп, жиынтықтаған тығыз қар.

ЖҮЙЕ МЕ, ӘЛДЕ ДАҒДЫ МА?

Әдеби тiлдің басты нышаны – тіл нормасы. Бұл дегеніміз сөздi дұрыс қолданудың, грамматикалық амал-тәсiлдердi дұрыс пайдаланудың көпшiлiк таныған, тiл тәжiрибесiнде сыннан өткен қағидалары. Сөйлеуде, жазуда тiл амалдарын дұрыс қолдана бiлу «әдеби тiл нормасын сақтау» дегенге саяды. Тiлдiк норма алдымен тiлдiк жүйемен салыстырыла қарастырылды. Бірақ тілдік жүйе мен тілдік норма тепе-тең құбылыс емес.
Қазақ тiлiнiң сөз жасау жүйесiнде -ла, -ле, (-да, -де, -та, -те) қосымшалары есiм сөздерден етiстiк тудырады: аяқ-та, бас-та, көз-де, cy-ла, ау-ла, шөл-де т.б. Сөз тудырудың дәл осы жүйесi бойынша -да, -де зат есiмге жалғануға тиiс. Бұл жүйе бойынша кез келген зат есiмге -ла, -ле (-да, -де…) қосымшасын жалғауға болатын сияқты. Бiрақ жүйе бойынша, баула, жүкте, сыйла деп айтқанымызбен, кiрпiкте, соғымда, кiтапта деп айтуға болмайтыны белгiлi. Неге? Себебi бұлай деу жүйеге қайшы болмағанымен, дағдыда жоқ. Мiне, осыған байланысты белгiлi бiр тiл қолданысты норма деп тану үшiн оның тiлдiк жүйеде болуы (немесе норманың тiлдiк жүйемен жарыспалы болуы) жеткiлiксiз. Бұған қоса ондай қолданыс тiлдiк дағдыда болуы, сондай-ақ дәстүрге айналуы қажет. Себебі дағды жүйеге бағынбайды.
Сөз тiл жүйесiмен бұлжымас бiрлiкте қолданылса, ол қатаң нормада қолданылғанын көрсетеді.
Әдеби тiл нормасының бұдан өзгешелеу түрi де бар. Кейде тiлдегi сан алуан варианттарды талғап-таңдауда аса қатаң талап қойылмайды. Ондай варианттардын қай түрiн қолдану сөйлеушiнiң (жазушының да) өз ырқында (мысалы, ақшалай – ақшадай, барлы-жоқты – барды-жоқты, бiрлi-жарым – бiрдi-жарым, екiншiлей – екiншiдей, ескiлей – ескiдей, жылылай – жылыдай, жаңалай – жаңадай, кәрлен – кәрден, қаралай – қарадай, пiсiлей – пiсiдей, тiрiлей – тiрiдей, шикiлей – шикiдей, ыссылай – ыссыдай т.б.) Жалпы, халықтық тiлдегi мұндай жарыспалы қолданыстың қайсысын әдеби тiлдiң нормасына лайық деуге болады? Осындай сұрауға келгенде, сөздiкке қол созамыз. Сөздiктiң бiрi – «Қазақ тiлiнiң орфографиялық сөздiгi». Бұл сөздiктен [д] вариантты да (кәрден, кәрлен емес, тiрiдей, қарадай), [л] вариантты да (жылылай, тiрiлей, шикiлей) ұшыратамыз. Екi түрлi жүйенiң аралас-құралас жүргендiгiнен [л] мен [д] варианттың қайсысы әдеби тiлдiң iшкi даму тенденциясына сәйкес келетiндiгi әлi анықтала қоймағандығын байқаймыз. Тiлдiң iшкi даму күйiне қандай жүйенiң («л» немесе «д» варианттың) сәйкес келетiндiгiн анықтап, тиянақтай түсу болашақтың ісі болмақ. Әзірге бұлардың әдеби тіл нормасына лайықтыларын былайша көрсетуге болады: ақшалай (ақшадай емес), бipлі-жарым (бiрдi-жарым емес), жылылай (жылыдай емес), тiрiлей (тiрiдей емес), ұшты-күйлi (ұшты-күйдi емес), кәрлен (кәрден eмec), немқұрайлы (немқұрайды емес) т.б.
Әдеби тiл нормасының мұндай түрi босаң норма деп аталады. Тiлдегi бұл тәрiздi варианттар кейбiреулерге тiлдегi мүкiстiктей болып та көрiнедi. Шындығында, олай емес. Бұл – тiлдiң жанды дүниедей түлеп, өзгерiп отыруының белгiсi. «Өлi тiлде» ғана мұндай құбылыс болмайды. Өзге де коғамдық құбылыстар тәрiздi тiлдiң де өзгерiп, дамып отыратындығы белгiлi. Бiрақ тiл «ескiнi» бiрден аластай алмайды. «Ескi» мен «жаңа» бiразға дейiн iлесе жүредi. «Ескiден» бiрден қол үзiп, «жаңаға» бiрден ойысса, тiлдiң ұрпақ пен ұрпақты, aғa буын мен iнi буынды жалғастырып жататын қызметi әлсiрейдi. Тiлдегi сан алуан варианттардың жарыса қолданылу себебi «кеше» мен «бүгiндi», «бүгiн» мен «ертеңдi» ұластыру қызметiне байланысты болып жатады. Бiрақ осыған карап босаң нормаға байланысты варианттарды қолдануда талғау, саралау деген мүлде жоқ деуге болмайды. Босаң нормаға қатысты вариантты қолданудың, таңдаудың өз ерекшелiгi мен қиындығы бар.

 

СҰРАУ – СІЗДЕН, ЖАУАП – БІЗДЕН …

 

СҰРАҚ, СҰРАУ ҺӘМ САУАЛ

 

Тілімізде әрі-сәрі қолданылып жүрген біраз сөз бар. Солардың бірі – сұрау, сұрақ, сауал. Мағыналық тұрғыдан байыбына бара бермей, кейде сұрау десек, кейде сұрақ дейміз. Тіл мамандары бұл сөздерді сөз мәдениеті тұрғысынан төмендегіше қолдану қажеттігін еске салады:

Сұрау, сұрақ, сауал сөздерінің, сырт қарағанда, мағыналарында «менмұндалап», «айғайлап» тұрған ерекшелік жоқ сияқты көрінеді. Сондықтан болар, бірде сұрау, бірде сұрақ немесе сауал деп, ауыс-түйіс қолданып та жатамыз. Дегенмен мәндес сөздердің мәнділігіне мән бермей жұмсау кемшілік болып саналады. Аталмыш сөздердің барлық жағдайда бірінің орнына бірі жұмсалмайтыны байқалып-ақ тұрады. Салыстырайық:
1. С ұ р а у (вопрос) «ауызша немесе жаз­баша түрде жауап беруді талап ететін сөз». Сонымен қатар сұрау сөзі – лингвистика саласында қолданылатын термин. Сұрау сөзінен сұраулы сөйлем деген лингвистика­­лық термин жасалып тұр. Ешкім сұрақ­ты сөйлем деп айтпайды. Олай болса, бірізділік үшін сұрақ белгісі емес, сұрау белгісі деген жөн және қазақ тілі сабақтарында, оқулықтарда сұрау деп қолданған орынды.
Соңғы жылдары аударма мәтін­дерде мәселе дегеннің орнына сұрау, сұрақ сөзін қолдану байқала бастады: «алдымызда шешімі қиын сұрау тұр; бұл сұрақтың шешімін табу қажет» т.б.
Бұлай деу – мүлде қате. Дұрысы – «алдымызда шешімі қиын мәселе тұр»; «бұл мәселенің шешімін табу қажет». Ал әлгіндей қатенің түп- төркіні орыс тіліндегі вопрос сөзін дұрыс аудармағаннан. Орыс тіліндегі көп мағыналы вопрос сөзі тек сұрау дегенді ғана емес, «мәселе», «қиындық» деген ұғымды білдіреді.
2. С ұ р а қ (допрос) «бір нәрсенің мән-жайын анықтау үшін ресми түрде айыпталушыға, не болмаса куәгерге қойылатын сұрау». Мысалы, «тергеуші сұрақ алуға айыпталушыны шақырады»; «сұрақтың хаттамасы»; «тергеуші жүргізген сұрақтың хаттамасына қол қойылды» деген қолданыстан сұрақ сөзінің құқықтық салаға қатысты термин екенін байқаймыз.
3. С а у а л (опрос) «белгілі бір әлеу­меттік, саяси мәселелер жөнінде әртүрлі адамдардан, жұртшылықтан алғашқы ақпарат жинаудың әдістемесі». Олай болса, сауал – әлеу­меттік зерттеулер саласындағы қолданылатын термин.
Сондай-ақ сауал «өкілетті тұлғаның, сайланбалы мемлекеттік мекеме мүшесінің тиісті ресми орындардан әлеуметтік, саяси, мәдени, тағы басқа мәселелерге байланысты жауап беруді талап ететін сұрауы» дегенді білдіреді. Мысалы, депутаттық сауал, депутат сауал салды, тағы басқа.
Сонымен, қорыта айтқанда, сұрау, сұрақ, сауал тәрізді сөздерді қозықоспай жасамай, саралап қолдану сөз байлығын орынды пайдаланудың тиімді тәсілі болып табылады.

 

АЙТСА, АЙТҚАН-АҚ ЕКЕН!

 

АТ ТЕРГЕУ НЕМЕСЕ ЖАС КЕЛІННІҢ АМАНДАСУЫ

Қазақ дәстүрінде жаңа түскен келін әдеп сақтау жолымен қайын жұртындағы жасы үлкен туыстарына, күйеуінің жақындарына ат қояды. Мырзажігіт, Еркеқыз, Көзжақсым, жүзден оны кем атам, тағы басқа есімдер жаңа туыстарының отбасындағы орнына, әлеуметтік тұлғасына қарап қойылатын болған. Мұндай салт ат тергеу деп аталған.
Қазіргі кезде бұл салт жас келіндер арасында қатаң сақтала бермейді, тіпті ұмыт болып келе жатқан сыңайы бар. Соның бір мысалы төмендегідей:
… Бір жас келін қайын жұртына түскен күнінің ертесіне таңертеңгілік алдынан шыққан қайынағасына қалай амандасудың ретін таппай, үйреншікті тәртібімен:
– Саламатсыз ба? – депті сызылып. Қайынағасының аты Саламат екен. Ол кісі де қу тілді болса керек, аяқ астынан сөз тауып кетіп:
– Дәл соның өзімін! – деп жүре беріпті.
Сөзден тосылған жас келін ұялып, төмен қарапты.


Жанат ИСАЕВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты,
Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі,

филология ғылымдарының кандидаты,

«Ана тілі».

 

Пікірлер